Интернет алаяқтарын тұсаған

0 34

ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмыспен күрес орталығының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жанар Мұғалова ішкі істер органдарында 1998 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде ҚР ІІМ Криминалды полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес орталығында жұмыс істейді, ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстық істерді зерттеп, факторларға талдау жүргізеді.Ол – сонымен бірге мейір­бан ана. Іссапарларға жиі шығатын Жанарды үйде тілеуін тілеп анасы мен 13 жасар қызы Далида асыға күтіп отырады. Ең жақын адамдарының ыстық ықыласы оның көңіліне қанат бітіреді. Анасы мен қызы Жанардың өмірінің бар мәні мен мағынасына айналған.
Жанар Сәлімгерейқызы Қостанай қаласында туып-өскен. 1998 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, 2006 жылы Қостанай заң институтын бітірген. Қос­танай облыстық ПД криминалдық полиция басқармасында киберқылмыспен күрес саласында қызмет еткен 2009-2018 жылдар аралығында жедел-іздестіру әрекеті мен аналитикалық барлау әдістерін қолдана отырып, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға тікелей қатысқан, еңбегі еленіп, Қостанай облысының ПД басшылығымен бірнеше рет марапаттал­ған. Сонымен бірге Жанар Сәлім­герейқызы ақпараттық технологиялар саласында жасалған құқық бұ­зу­шылықтарды ашу үшін ПД құрған топқа жауапты болды. 2017 жылы Жанар Мұға­лованың тікелей қатысуымен ұзақ уақыт бойы интернетте алаяқтық әрекеттермен айналысқан топ ұсталды. Жедел-іздестіру шара­ларының нәтижесінде ұсталғандарға қатысты 50-ден астам алаяқтық факті­лер дәлелденді.
ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмыспен күрес орталығының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жанар Мұғалова: «Құрметті әйелдер қауымы! Әр күндеріңіз жақсылықтың нұрымен, жақындардың махаббатымен, мықты азаматтың сыйластық сезімімен толығып, осындай мейірімнің қуаты сіздерді әдемі, сенімді, табысты және күшті болуға шабыттандырсын» деп тілек білдіреді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды