Интернет-алаяққа алданбаудың амалы қайсы?

0 49

Қазір интернет-алаяқтардың дәурені жүріп тұр. Несие картаңыздың құпия кодын ешкімге айтпасаңыз да, әккі айлакерлер бір ғана телефон қоңырауы арқылы қажетіне қол жеткізеді. Көбінде аты-жөніңізді атап, өзін банктің ресми өкілімін деп таныстырады. Кейін тұратын мекенжайыңызды хабарлайды. Желіде-ақ жария тұрған ақпарат арқылы сөзіне иландырып, құрығына түсіреді. Сауалдарына жай ғана «иә» деп жауап берсеңіз жеткілікті, картаңыздағы қаражаттан айырылып қалуыңыз бек мүмкін немесе атыңыздан онлайн-несие рәсімдеп жібереді. Жалпы киберқауіпсіздік үшін «қаржылық сауаттылықтан сабақ алу керек еді» деп қиындатпай, төмендегі қарапайым ережелерді есте сақтағаныңыз абзал.

СӨЗБЕН СЕНІМГЕ КІРЕДІ

Алаяқтар әдетте өздерін қаржы ұйымының қауіпсіздік немесе киберқауіпсіздік бөлімінің қызметкері ретінде таныстырады. Сосын сізге жаны ашығандай болып, көмектесу үшін хабарласқанын алға тартады. «Сіздің несие картаңыз немесе банктің мобильді қосымшасы арқылы күдікті операция жүргізілді. Оны тоқтату үшін банктен телефон нөміріңізге жіберілген құпия сөзді немесе смс-кодты дәл қазір атауыңыз керек» деп асықтырады. Сонымен қатар іші-бауырыңызға кіріп алу үшін картаңыздың мәліметтерін, ЖСН мен жеке куәлік нөмірін де атайды. Бұған таңғалмаңыз, себебі ақпараттық технологиялар заманында мұндай мәліметтерді анықтау қиын емес. Қарапайым әлеуметтік желіде-ақ өзіміз туралы ақпараттарды жалпақ жұртқа жария етіп отырамыз. Келесі өзін ресми өкіл деп таныс­тырған азамат жылдам және сенімді түрде сөйлейді, кәсіби терминдерді пайдаланады. Телефонның ар жағынан кеңседегі қарбаластың да дыбысын естіртеді. Осылайша психологияны меңгерген олар сөйлесіп отырған адамды абыржытып, сезімімен ойнайды. Түзетілуі қиын кемшіліктің орын алғанына сендіреді. «Құпия хабарлама мен смс-кодты ашудан бас тартсаңыз, есепшотыңыздағы ақшаны жоғалтасыз» деп қорқытар болса, әңгімені сол жерінен үзіп, тұтқаны қойған дұрыс.

ҮРЕЙГЕ БОЙ АЛДЫРМАҢЫЗ

Нағыз банк менеджеріне аты-жөніңіз бен төлқұжат деректеріңізді, ресімделген карталарды сұрап, есепшотта қанша ақша қалғанын хабарлау үшін қоңырау шалудың қажеті жоқ. Банк базасында барлық қыз­мет алушылардың жеке бас мәліметтері мен несие тарихы сақталады. Сондықтан олар аталмыш мәселелер бойынша ешқашан қоңырау шалмайды. Бұл ақпараттар алаяқтар үшін ғана маңызды.
Автоматтандырылған банк жүйелерінен келетін смс-хабарлама мен құпия кодтың өзінде «ешкімге, тіпті банктің қызметкерлеріне де жария етпеңіз» деп көрсетіледі. Картаның қолданылу мерзімін де, CVC/CVV-кодтарды (сыртқы жағында көрсетілген үш мәнді код), құпия сөздерді және ақша қаражатының қалдығын айтуға болмайды. Егер сіздің картаңыз немесе шотыңыз бо­йынша, расында да, күмәнді операциялар жүргізілсе, картаңыз бірден бұғатталады, ол туралы мобильдік қосымшада немесе SMS арқылы хабарланады.
Мұндайда банк бөлімшесіне барып, мән-жайды анықтай аласыз. Хабарласып тұрған адамның не айтқанына қарамастан, үрейге бой алдырмағаныңыз абзал. Салқынқандылық танытып, тұтқаны қою керек. Кез келген сұрақтар бойынша банктің ресми сайтындағы байланыс нөмірлеріне хабарласқан жөн.
Егер жеке бас мәліметтеріңіз қандай да бір жолмен алаяқтардың қолына түссе, олар салық органынан және прокуратурадан жалған хат жазып, оны сіздің электрондық поштаңызға немесе мессенджерлер арқылы жіберуі мүмкін. Содан кейін алаяқ сізге хабарласып, қорқытып, бопсалап, жақсылықпен келісімге келуді сұрайды. Электрондық әмиянға белгілі бір соманы жіберсеңіз, іс одан әрі насырға шаппайды деуі мүмкін. Мұндайда мәселені пара берумен шешуге болмайды, біріншіден, қылмыс, екіншіден екі оттың ортасында қаласыз. Себебі шынымен айыппұлыңыз болса, алаяқтарға жіберген аударым сізді одан босата алмайды. Тағы қылмыскер ойындағысын іске асырған соң, ақшамен бірге ізін суытады. Ал берешек сол күйінде қалады. Осындай бассыздықтар басыңыздан өтсе, бірден ҚР ІІМ жедел желі телефонына және өзіңіздің аудандық полиция бөлімшесіне қоңырау шалуыңыз керек.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − five =