Интернаттан кейінгі қамқорлық

0 21

Білім министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 5 млн бала болса, оның ішінде 26 мыңы – жанары жасты, жүрегі жүдеу бүлдіршіндер, яғни жетім балалар. Ал осы жетім балалардың 78 пайызы қазіргі уақытта қазақстандық отбасыларда патронаттық тәрбиеге, қорғаншылық-қамқоршылыққа алынған. Тек 21 пайызы, яғни 5631 бала жетім балаларға арналған 137 мекемеде тәрбиеленіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында қазір қамқоршысынан айырылған 862 жетім бала болса, оның 238-і – 18 бен 29 аралығындағы жастар.«Бақыт деген – сенің бала күндерің» деген Мұқағали ақынның өлеңін жыр ғып та, ән ғып та айтып жүрміз. Өйткені балалық – таза парақ секілді қамсыз, мұңсыз қызықпен өтетін әр жанның ыстық әрі бақытты шағы. Алайда тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүрмегені ақиқат. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанмен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың өзі артық.
Ал енді осы тұста ой тара­зысына салып көрсек, сол жүздеген жетім балалар бүгінде Үкімет қамқорлығында болып, мектеп бітіргеннен кейін болашақта барар жері, басар тауын қайдан іздейді? Хош, мектеп бітіріп, оқу орындарына түскендері жатақханаға жайғасады делік, бірақ ол да небәрі төрт жылға жалғаспай ма? Ал оқуға түсе алмағандарын алда не күтетінін елестетудің өзі қиын. Бүгінде қауіпті вирустан қорғанған халық үйіне тығылды. Ал осындайда панасыз қалған, карантин салдарынан жұмыссыз қалған жетімдердің жайы қалай? Қай уақытта да жұмысқа орналасу, ең алдымен, белгілі бір жерде тіркеуде болғаныңды талап етеді. Сонда тағдырдан теперіш көргендерді тағы да толассыз кедергілерден кім құтқарады?
Міне, осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен және «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Интернаттан кейінгі және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасы жолға қойылып, сол жастармен нақты жұмыс басталды. Алдымен жоба шеңберінде әлеуметтік сауалнама жасалды. Сауалнамаға 18 бен 29 аралығындағы 64 жас қатыс­тырылды.
Алдағы уақытта әлеуметтік көмекке мұқтаж интернаттан кейінгі жастар әлі де сауалнамаға қосылатын болады. Өйткені мектеп бітірген соң жұмыспен қамтылмаған, оқуға орналастырылмаған, тағдыр тәлкегіне түскен балаларды қатал өмір қайта қарсы алады. Бірі жалданып нанын тапса, енді біреулері қылмыстық әлемнің қақпасынан әрі асады. Жанашыр жақыны, тіреу болар туысы жоқтың үні де естілмей, мұңы да ескерілмейтіні – анық жайт. Бүгінде ата-анасынан айырылғандарға байланысты шешімін таппаған шиеленістер тіптен көп. Осыны ескерген қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы сауалнама барысында кәмелеттік жасқа толғандарға тұрғын үй беру мәселесі, жұмыспен қамту, оқуға орналастыру сияқты бірнеше әлеуметтік сұрақтарды қамти отырып, оларға әлеуметтік жағдаймен қоса психологиялық-педагогикалық, құқықтық көмек қажеттігін анықтады. Сауалнамаға қатысушылардың ең жасы 17-де болса, үлкені – 30 жаста. 64,5 пайызы – әйел адам, 35,5 пайызы – ер адам. Білім деңгейлері де әртүрлі. Қынжылтатыны сол, басым пайызы орта білімнен кейін оқуын жалғас­тырмаған. Араларында еңбек етуге қабілетті жастар бар, алайда жұмыссыз жүргендері де көп. Өйткені сауалнамаға сүйенсек, 35,5 пайызы жұмыс жоқ десе, 29,9 пайызы жалдамалы, тұрақсыз жұмыста жүргендігін айтып шағымданған. Ал тұрғын үйге қатысты са­уалдың жауабы да жартымды емес. Жетім балалардың барлығы дерлік жалдамалы үйде болса, тек 6,4 пайызы ғана жеке пәтерге қол жеткізген. Жатақхана мен жақындарын жағалап күн көріп жүргендер де бар. Сараптай келе, 18 бен 29 жас аралығындағы жетімдердің 87,1 пайызы баспанаға кезекке тұрса, 12,9 пайызының үй кезегіне тіркелмегені мәлім болды.
Сауалнамадағы қамтылған келесі сұрақ наурыз-сәуір айларындағы еліміздегі төтенше жағдаймен байланысты болды. Сол кезде мемлекет тарапынан көрсетілгені – 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек. Респонденттердің 25 пайызы нақты әлеуметтік көмекті алған, ал жартысынан көбі, яғни 59,4 пайызы әлеуметтік көмекті алмаған. 9,4 пайыз респондент нәтижесін күту үстінде, сонымен қатар жұмыс орнынан да нақты әлеуметтік көмекті алғандар кездесті. Сауалнамаға қатысушылардың аз бөлігі әлеуметтік осал топ ретінде мемлекет тарапынан көмек күтетіндерін жасырмады.
Бұл статистикалық ақпараттар сарапшылардың ең маңызды деп тапқан сұрақтар төңірегінде ғана ұсынылған еді. Алдағы уақытта сұранысқа орай сарапшылар жетім балалар арасында зерттеу жұмыс­тарын әлі де кеңіте отырып, олардың қызығушылықтары, болашаққа жоспары, қоғамдағы мұқтаждықтары және өзге де қажеттіліктеріне орай ақпарат статистикасын дайындауға мүдделі. Жобаның да негізгі мақсаты – «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп ұлы ақын айт­қандай, әр тұлғаны қоғамның белсенді мүшесі болуына үлес қосу.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − seven =