ИНТЕРАКТИВТІ КҮЗГІ КАНИКУЛ

0 57

Оқушылардың биылғы күзгі демалысы елордада күзгі интерактив ұранымен өтеді. Әр мектепте арнайы іс-шаралар жоспары жасалған, оның шеңберінде құқық қорғау ұйымдарының кеңестері, Қазақстанның ЖОО мен колледждеріне виртуалды саяхаттар, челлендждер, танымал спортшылармен кездесулер, 3D модельдеу және робототехника бойынша мастер-тренингтер, қолдан жасалған бұйымдар мен суреттер көрмелері өткізіледі.

Карантин шаралары қатаңдатылуына байланысты барлық іс-шаралар онлайн режимде өтеді. Бұл туралы арнайы брифинг барысында қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлімдеді. Атап айтқанда, 20 қазан мен 20 қараша аралығында, яғни күзгі демалыс кезінде білім беру ұйымдарында Дүниежүзілік балалар күніне арналған «Бала құқығы – адам құқығы» айлығы өтеді. Іс-шаралар, бірінші кезекте, құқықтық ақпараттандыруға, оқушыларды шығармашылық және зияткерлік дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасылар үшін қайырымдылық іс-шараларын ұйымдас­тыруға бағытталған.
Сондай-ақ 1 қарашада «Дұрыс тамақтану мектебі» жобасы аясында қала мектептерінің оқушылары арасында челлендж іске қосылды, оның негізгі мақсаты – дұрыс тамақтануды насихаттау. Бұл жас ұрпақтың салауатты және мықты болып өсуіне көмектесетін жақсы әдеттер мен дағдыларды қалыптастыруға әсер етеді. Әлеуметтік желілерде барынша тарату арқылы «Бес асыл іс» қайырымдылық челленджі басталады. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың басқаларға жақсылық жасауға деген ұмтылысын ояту.
9 қарашада оқушылардың Ұлы Абайдың шығармашылығына қызығушылығын арттыру мақсатымен, «Абайдың Кіші Академиясы» жобасының аясында #besasylis хештегімен «Мен Абайды жырлаймын» челленджі басталады, оның басты міндеті – қарттар мен мұқтаж адамдарға көмек көрсету.
Сондай-ақ басқарма басшысы қосымша білім беру ұйымдары күзгі каникул кезінде өз жұмысын әдеттегідей 10 студенттен аспайтын кезекші топтарда, сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, сондай-ақ онлайн режимде, бекітілген кестеге сәйкес жалғастыратынын атап өтті. Карантин шаралары қатаңдатылғандығына байланысты білім беру орталықтарында орналасқан қосымша білім беру ұйымдары филиалдарының және қоғамдық орталықтардың жұмысы тоқтатылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + 1 =