Интеллектуалды тұлғалар неге елеусіз қалды?

0 69

Тәуелсіздікке қол жеткізген соң Қазақстан Республикасы – жас мемлекеттің іргесін қалау, негізін салу, алыс-жақын шетелдермен дипломатиялық байланысын жаңадан бастау, шекарасын бекіту сияқты қыруар істер абыройлы орындалды. Қоғам бірден жабайы нарыққа көшіп кеткенде көптеген қиындықтар туындады. Бұл – өмірдің объективті әрі субъективті жағы, алайда сол уақытта қалам ұстаған қауымның ортаңғы және жас буыны қатты қиналғаны шындық. Бірақ біртіндеп, қинала жүріп, біз еңсемізді тіктей бастадық. Мен жазушымын. Жазудан өзге дүниеге аса ниетім, икемім жоқ. Ал нағыз шығармашылық пен әуес­қой әдебиеттің арасы жер мен көктей. Біздің ішкі қайшылықтары көп қоғамда мұны тез ажырата алу процесі әлі баяу жүруде. Сондықтан шығармашылық адамы ретінде өлшеулі ғұмырда азға қанағат қылып, ешбір демалыссыз, үздіксіз жұмыс істей беруге дағдыландық. Кітап шығару мұң болған, қаламақы атымен жоқ заманды да бастан кешірдік. Ол ширек ғасырға созылды. Бірақ жазу процесінен айрылуды бәрібір қаламай, тиянақты жұмыс істеуге тура келді. Міне, сонда Қазақстан Жазушылар одағының материалдық қолдауын көп көрдім. Мемлекеттік стипендия бұрын республикалық баспасөзде – әдеби басылымдарда үздіксіз шығып жатқанымен, Сахараның бір тамшы тамбайтын шөлі сияқты қаламақы төленбейтін жылдардың күйзелісін жабатын еді. Мен өзіме қатысты нәрсені айтып отырмын. 2002 жылы прозаға арналған шетелдік қор жариялаған жабық байқауда жеңімпаз болып, романыма грант ұтып алғанымда қатты қуанғаным бар. Шығармашылық адамы үшін үміті таусылмаудың берері зор.
Кейінірек, шығармашылық адамдарын, жастарды қолдау өсе түсті. Баспана мәселесі ақырындап оңала бастады. 2007 жылы Жазушылар съезінің қарсаңында Президент Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен елордадан пәтер алдым. Бірақ оны жекешелендірілу әзірге жүзеге аспай тұр.
Мәдениет – мемлекеттік іс. Кесек, шынайы әдебиет кез келген халықтың баға жетпес қазынасы, дер кезінде бағаланбаса да уақыт сынынан өтсе нағыз бағасы анықталады. Әдебиетке, мәдениетке біздің мемлекет тарапынан салынып жатқан қаражат қомақты. Бұл туралы былтыр күзде маған бір жазушы өкінішін айтып қалды. Негізі мәдениетке Үкімет тарапынан жыл сайын бөлінетін қыруар қаржы жөн білетін білікті мамандар отырмаса, дұрыстап игере алмай, кері қайтарылып жатады екен деді ол қынжылып. Ол үшін облыстарда осы саланы бес саусағындай білетін, ұлттық мүддені биік ұстанатын мамандар тартылуы керек.
Жазушы ретінде «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» атты мемлекеттік бағдарламаларды, білім саласына салынған инвестицияны өз басым зор ықыласпен қабылдадым. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» жобасы бойынша шынайы ризашылық сезіммен бірқатар шығармашылық жұмысқа тартылдым. Автор ретінде БҰҰ-ның 6 тілінде 2019 жылы жарық көрген «Қазіргі заманғы қазақ прозасы» антологиясында жарияландым.
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев еліміздің сыртқы, ішкі саясатында және руханиятында оң бағытты ұстанып келе жатыр деп білемін.
Кинодраматург ретінде алғашқы көркем фильмнен соң (Мағжан прозасының экрандалуы, атауы – «Күнә», реж. Б.Шәріп, 2005) Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы қабылдап алған екінші фильмнің тоқтап қалғанына 6 жыл болды. Кез келген елде ең күшті идеология кино саласы екені рас. Қазіргі ғаламдану дәуірінде киноөнер арқылы ірі елдер жастар мен балалардың толыспаған санасын тез жаулап алып жатыр. Бұған тек отандық кинометаграфия­ны бәсекеге қабілетті ету арқылы дес беруге болады. «Жатқа ұрпақ беру», яғни, туған елін, өз отанын менсінбейтін жас ұрпақтың көбеюін тежеу шынтуайтында, кино және мәдениет, әдебиет, өнер арқылы жүзеге асырылады. Өз елін шын сүйетін патриот жастарды тәрбиелеу өнер, руханият, әдебиетке тәуелді.
Жазушыларға 2-3 жылға нақты кітабын жазуға отыруға грант берілетін болса, күнкөріс қамын сол уақытта ұмыта тұрар еді. Интеллектуалдық тұлғаларды, кәсіби мамандарды қазақ қоғамы әлі де дұрыс пайдалана алмай келеді. Бұл – үлкен кемшілік.
Еліміз рухани байи түссе, дербестігін бекіте түссе, технократтық тұрғыдан Қазақстанның әлеуеті ұлғая түссе, демография өссе, қоғамда бәріміз көріп, біліп отырған кемшіліктерден арылсақ, жапондардың кайдзен философиясындағыдай әркім өзінен бастаса, қай жағынан болсын біртіндеп жақсаруды ойласа халықтың, бабалардың ұрпағына аманат қылған арман-мұраты орындала түсеріне сенемін.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, кинодраматург, эссеші,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының

лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 9 =