Интеллектуалды көлік жүйесі енгізіледі

0 166

25big

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Кеңес барысында талқыланған мәселелердің бірі – Астанада көлік санының көбеюі болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Астанада көлік санының көбеюі проблемасы артып келеді. Мемлекет басшысы француздық компаниялармен елордада жеңіл рельсті көлікті іске қосуға қатысты келіссөздер жүргізілгенін айтты.

«Олардың тарапынан тым жоғары баға, 300 млрд.-тан астам теңгеге ұсыныс болды, ол біздің көңілімізден шыққан жоқ. Сондықтан қала әкімдігі жоғары жылдамдықтағы автобус бағыттарына арналған жолақтар бөлу түріндегі балама нұсқаны қарастыруды ұсынып отыр. Бұл жобаның бірінші кезегі әлдеқайда аз шығынды қажет етеді, сондықтан оны енгізумен айналысу жөнінде шешім қабылданды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес барысында Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов интеллектуалды көлік жүйесінің әзірленуі туралы хабардар етті. Ол 2016 жылы енгізіледі және қаладағы барлық көлік ағынын автоматты режімде реттеуге мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі 1-Жылу-энергия орталығын қайта жөндеуден өткізу және 2-Жылу-энергия орталығы құрылысының  барысы туралы баяндады.

Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамытуға, қаланы абаттандыруға және жылу беру маусымын ойдағыдай өткізуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

http://astana.gov.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − seven =