ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ КЕҢІСТІК КЕҢЕЙЕ БЕРМЕК

0 128

reset0

Халық арасында Кеден одағына қатысты түрлі сын-пікірлер көп. Экономист ғалымдар одақтың тиімді тұстарын тарқатып айтса, заңгерлер қауымы жаңа заманға лайық құқықтық база қалыптасып келе жатқанын алға тартады. Бүгінде үш ел арасындағы сауда-саттық мәселесінде Қазақстанның алатын орны мен бәсекеге қабілеттілігі қандай? Тауар айналымы қаншалықты артты? Инновациялық кәсіпорындар шикізатқа тәуелді емес пе? Ендеше, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді кеңінен қарастырайық.

 

Елуден астам келісімге қол қойылды

1995 жылы Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері Кедендік Одақ құру туралы келісімге қол қойған болатын. Одаққа 1996 жылы Қырғызстан, 1999 жылы Тәжікстан қосылды. Уақыт өте келе, интеграциялық үдерістерді әрі қарай дамыту қаржылық экономикалық дағдарыс кезінде айқын біліне бастады. Сондықтан Еуразиялық экономикалық қауымдастық алдында экономикалық ынтымақтастықты күшейту міндеті қойылып, нақты қадам жасау қажеттілігі заман талабынан туындады. Ал, 2007 жылдың қазан айында ЕурАзЭҚ-тың Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен мемлекетаралық кеңестің отырысында Кедендік Одақ құру туралы шешім қабылданды. Сол уақытта үш елдің – Ресей, Беларусь және Қазақстанның ғана экономикасы мен заңнамалық базасы дайын болып шықты. Душанбе бас қосуында аталған үш елдің басшылары ЕурАзЭҚ шеңберіндегі аумақта бірыңғай кедендік кеңістік құру туралы келісімшартқа қол қойып, 2008-2010 жылдары Кедендік Одақ құру жөніндегі іс-әрекет жоспарын бекітті. Ол жоспарға сәйкес, екі жыл бойы Кедентік Одақтың келісімшарттық-құқықтық базасы жасақталды. Бұл ретте 50-ден астам халықаралық келісімге қол қойылғанын біреу білсе, біреу білмес. Үш елдің мемлекет басшылары ортақ кедендік тариф, кедендік реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық база дайындау жөніндегі өкілеттілікті Кедендік Одақ комиссиясына беру туралы шешім қабылдады. Осылайша, 2009 жылдың қаңтарынан бастап үш елдің үкімет басшыларынан құрылған комиссия белсене іске кірісті.

Тәуелсіз сарапшылар мен зерттеушілер Кедендік Одақтың басты кемшілігі ретінде баға саясатының өсуіне тікелей әсер ететін кедендік баж салықтарының көтерілуін алға тартып келеді. Өйткені, Қазақстанның Кедендік Одаққа кіргенге дейінгі кезеңінде азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы қалыпты жағдайда болған. Одан кейінгі күрт қымбаттауын әлемдік дағдарыспен байланыстырдық. Десек те, Кедендік Одақ күшіне енген уақытта, бағаның шарықтауы жалғасын тапты. Ресми деректер бұл қарқынды дағдарыс кезіндегі бағалардың өсуінен әлдеқайда жоғары болғанын көрсетеді. Тәуелділік, импорт, банкрот мәселесіне қатысты да көп нәрсе айтуға болады. Осы ретте Кедендік Одақ туралы түбегейлі зерттеп жүрген ғалымдардың пікірімен санасуға тура келеді.

Сонымен, Ресей мен Қазақстанның импортқа тәуелділігі жоғары. Яғни, сәйкесінше, 60-80%-ды құрайды. Бұл туралы сарапшы Толқын Тәшімов өзінің жариялаған зерттеу мақаласында құнды мәліметтер ұсынған. Оның айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін, ресейлік және қазақстандық экономиканың тұтастай салаларын банкроттық күтіп тұруы мүмкін. Қол қусырып, қарап отырмайтынымыз тағы бар. Ресеймен бірлесіп, қорғаныс шараларын жүзеге асыратынмыз сөзсіз. Ұлттық экономикамыздың негізгі салаларын біраз уақыт дамыта алатын да шығармыз. Атап айтсақ, агроөнеркәсіп кешенін, қара металлургия саласын. Бірақ шикізатқа тәуелділік бәрібір күшейеді. Өйткені, келешекте әлем Ресей мен Қазақстанды дайын өнім жеткізушілер ретінде қабылдауға әзір емес. Әдеттегідей, мұнай, газ және металл жеткізушілер ретінде қабылдайды. Кедендік Одақ шеңберінде көлемі мен мүмкіндіктері салыстыруға келмейтін нарықтар бірігіп жатыр. Билік мәлімдегендей, Кедендік Одақтың 180 миллиондық нарығына Қазақстан ие болмайтыны белгілі. Керісінше, Ресей еліміздің 16 миллиондық нарығын алады. Бұл жерде жоғары технологиялар мен бизнестің тиімділігін айтып шатастыруға тағы болмайды. Қаржылық массасы көбірек ресейлік өндірушілер тарапынан болатын қысым шағын және орта қазақстандық компанияларды жаппай банкротқа ұшыратады. Ал ірі қазақстандық компаниялар ірі ресейлік компаниялармен кооперацияға келіседі, өйткені, аман қалудың басқа амалы болмайды. Әрине, мұны уақыт көрсете жатар…

 

Басты жетістік –  тауар айналымы

Әзірге, басты жетістігіміз – тауар айналымы. Кедендік Одаққа кіретін мемлекеттер арасындағы сауда айналымы 2011 жылы 100 млрд АҚШ долларынан асқан екен. Бұл бірлескен өндіріс ошақтарын ашу арқылы одаққа мүше елдердің индустрияландыру саясатына ықпал етуге болатынын көрсетеді. Тауар айналымының қарқынды дамуының өзіндік бірнеше себебі бар. Біріншіден, одаққа мүше елдер арасында төленетін кедендік төлемдер ретке келтірілді. Бірыңғай кедендік аумақ құру арқылы әртүрлі бағыттағы ынтымақтастыққа кеңінен жол ашылды. Тіпті, үш елдің 2 трлн долларға бағаланған нарығы әлі де кеңейе бермек. Қазақстан инвестициялық тартымдылығымен ерекшеленеді десек, тауар айналымындағы жетістік әлі де табысты нәтиже көрсететіні ақиқат. Еліміздің кәсіпорындарына түрлі жеңілдіктер қарастырылып, баға саясатында елеулі өзгерістер орын алады. Өз кезегінде, отандық өнім өндірушілер саннан сапаға мән беруде. Салтанатты жағдайда ашылып, кейіннен тұралап қалған инновациялық типтегі отандық кәсіпорындардың да бойына қан жүгіруі ықтимал. Алдын ала болжам бойынша Кедендік Одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2015 жылға қарай 15 пайызға артады деп күтілуде. Оның үстіне, еліміздегі бизнес-қоғамдастықтар Кедендік Одақтан нақты пайда көре бастағанын айтып, алдағы уақытта бұл үрдіс жаңаша сипат алатынына сенімді көзбен қарайды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 12 =