Интеграциялық идеялар иіні

0 188

01

          Жұмабек БҰСЫРМАНОВ,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор       

  

Ұстанымдар ұштасып, мүдделер тоғыса ма?

Еуразиялық одақ жобасын жүзеге асыру, ең алдымен, Кеден одағына кіруші елдердің – Ресейдің, Қазақстан мен Белоруссияның сыртқы саясатындағы басты бағыттардың біріне айналары сөзсіз. Оның үстіне, осы идеяның бойына қан жүгіртіп, өзегіне жан бітірер шақта аталған мемлекеттердің әрқайсысы өз мүдделерін алға оздырып, қалағанын қарпып қалудан тартынбасы белгілі. Мәселен… Ресей жағы Еуразиялық одақты қалыптастыру үдерісін жеделдету жолында аянып қалмайды, сол үшін ол әуелі өзінің «ойын алаңы» – Кедендік комиссияны, содан соң бүкіл дайындық жұмыстарын қамтамасыз етуге құзырлы ұлттық құрылымнан жоғары тұратын жедеғабыл атқарушы орган ретінде Еуразиялық экономикалық комиссияны алға тартты. Мемлекеттік думаның спикері С.Нарышкиннің аузынан болашақта одақтас мемлекеттердің низамшы органы – Еуразиялық парламентті құру қажет деген сөздің шығуы да әсте бекер емес. Бас қосып, тілек жұптастыру үшін Ресей жаңа еуразиялық жобаға даму деңгейі әрқилы елдерді телуден дәмелі. Орыс елінің ойынша, күндердің бір күнінде бұл одаққа Украина, Қырғызия, Тәжікстан, Армения, Абхазия, Оңтүстік Осетия, Приднестровье, Сербия, Моңғолия және т.б. елдер кіруі бек мүмкін. Ресей саясаттанушысы О.Бондаренко: «Ресейге аз дегенде өзінің таяу шебін қауіпсіз қылу, көп дегенде өзінің сырт жақтағы экспансиясын жүзеге асыруы қажет. Егер бұл қолдан келмесе, біздің өзіміз бөгде экспансияның нысанасына айналамыз» деп, көкей көмбесіндегісін ақтара салды. Тап осы ұстанымның өзі талай нәрсенің астарын ашып, ауанын аңғартса керек… Беларусь елі өзінің бәсекеге қабілетті, алуан түрлі тауарларымен пиасасын өрістете отырып, экономикалық проблемаларын түбегейлі шешу, сайып келгенде, Батыс құрған саяси тұзақтан еңсесін тіктеп, еркін шығу мұратын көксейді. Ал, Қазақстанның жайы басқашалау. Ол еуразиялық аңсардың жалаугері ретінде оған өзгеше мән-мағына дарытуға құмбыл. Оның пайымдауынша, Еуразиялық одаққа осынау идеяның өзін өткені мен бүгінін және болашағын мың сан жіптей матап-байлап, көктей-бойлап жатқан рухани бастаудай бағалайтын мемлекеттер енуге тиіс. Континенталдық, құрлықтық принцип бойынша осынау идеяның өрісі кеңейіп, өресі биіктеген сайын әлгі аталған елдерге қоса, Қытай, Үндістан, Жапония, Түркия сияқты дәулеттер бас тоқайластырып, тізе түйістірсе, егемен әрі тәуелсіз мемлекеттердің өзара тең құқылы еуразиялық одағы салтанатын асыра түсері анық. Шынайы құқықтық-саяси теңдікке арқа таңған одақ ішінде кемдікке – бөгденің экспансиясын сескену сезіміне орын қалмайды…

Ерік пен міндеттің еуразиялық байламы бар

Бүгіннің өрінен болашақтың төріне үн қатқан ұлы жоба – жаңа еуразиялық интеграция идеясының авторы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның өзіндік тарихы мен дербес болашағы бар еуразиялық ел екенін, әр өркениеттің жетістіктерін бойға дарытқандықтан, ешкімге ұқсамайтын даму үлгісін қалыптастырғанын атап айтқаны есімізде. Жалпы, адам баласының дүние­танымы мен көзқарасына, соның ішінде адам құқылары мен бостандығы идеясына тек әр алуан мемлекеттің экономикалық-шаруа­шы­лықты жүргізу қалыбы ғана емес, ділі мен мәдени-құқықтық дәстүрі де, салт-санасы, наным-ғұрпы да елеулі әсер ететіні сөзсіз. Міне, сондықтан адам құқыларының еуропалық тұжырымдамасынан өзге, бірін-бірі толық­тыратын ислами, қытайлық, жапондық, дәстүрлі һәм жаңашыл, бізше айтқанда, еура­зия­лық көзқарастар да бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Құрлықтық басыбайлылық тұрғысынан алғанда, адам құқы­ларының тұжырымы еуропалық ұстанымдар тінін теріске шығармай, керісінше, оларды адамдардың, адамдар мен мемлекеттердің арасындағы құқылар мен еркіндіктерді, міндеттер мен жауапкершілікті өзара сақтау арқылы қанықтырып, әмбебаптандыруға тиіс. Өйткені, адам құқы ұғымының қайнар бас­тауы да, тамыр байлар тұсы да осы. Бұл, әсіресе, «міндетсіз – ерік, еріксіз міндет жоқ, өйткені, бұлар – таяқтың екі ұшын­­дай нәрсе» деген тәмсілдің мәні тәнжіп, сәні қашқандай қазіргі шақта аса маңызды. Мәселен, көп ұлтты Қазақстан қоғамы үшін ұлттар жарастығы мен бейбітшілікке ұжымдық құқын сақтап, ұлтаралық қарым-қатынастар үйлесімін қамтамасыз етудің мәні зор. Мұны Мемлекет басшысы Н.Назарбаев үнемі айтып келеді. Нақ осы ұжымдық ерік көп ұлтты мемлекетте адам­ның жеке құқыларын көз қарашы­ғындай қорғаудың сенімді кепілі болып қала береді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Еуразия континентінде басшылыққа алынатын жаңа халықаралық құжат ретінде Адам мен халықтардың құқыларын қорғаудың еуразиялық декларациясын қабылдау қажеттігі туындайды. Өйткені, Адам құқыларын қорғаудың жалпыға бірдей декларациясынан басқа құрлықтық және өңірлік конвенциялар, декларациялар мен хартиялар бар. Адам құқыларын соның табиғи деңгейіне түсіп түсіндіретін әрі қорғайтын мұндай құқықтық құжат­тар қатарына Адам құқылары туралы еуропалық конвенция, Еуропалық әлеу­мет­тік хартия (1950), Адам құқылары туралы америкалық конвенция (1969), Адам мен халықтардың құқылары туралы афри­калық хартия (1981), индивидтер мен халық­тардың адами құқыларының азиялық-тынық мұхиттың декларациясы (1988) жатады. Құрлықтық және өңірлік құжаттарды қабылдау ісі халықаралық деңгейде адам еркінің бүкіл жүйесін бірегейлендіру мақсатымен әлдеқандай бірлестікке қатысушы елдердің ішкі заң-жосындары мен құқық қолдану тәжірибесіне тиісті назар аударту қажеттілігінен туындайтыны белгілі. Сондықтан, адам құқыларының әмбебап, өңірлік және ұлттық нормалары мен стандарттарының жалпыға ортақ нормалар мен стандарттарға сәйкестік деңгейін анықтап, қаперге алуға, қажет болған ретте, ұлттық жосындарды халық­аралық талаптарға ұмсындыруға мүмкіндік береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 2 =