©2020 Астана Ақшамы
Сәрсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жоғары оқу орындары қауымдас-тығының президенті Рахман Алшанов пен Қазақстанның азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов интеграция жолында ұлттық кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында сөз өрбітті.
«Бүгінгі таңда барлық озық елдер бір-біріне экономикалық тұрғыда тәуелді. Біз өзіміз байқамасақ та, күнделікті тұрмысымызда интеграциялық байланысқа түсіп жатырмыз. Бұл үрдіске жатырқай қарамай, болашақта дүниежүзілік сауда ұйымына өтетінімізді ескеріп, бүгінді ертеңмен сабақтастыра бизнес көздерін ашуды жоспарлауымыз қажет. Ол үшін өзіміздің Отандық инвесторлар Қазақстанда жаңа инновациялық кәсіпорындар салуы керек. Қазақстандық инвесторлар жаңа ұсыныстар білдіріп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі тиіс. Мысалы, Швециядағы шағын кәсіпорындардың 80 пайызы – инновациялық кәсіпорындар екен. Ал, бізде бұл көрсеткіш тек 5-6 пайызды ғана құрайды. Кедендік одаққа және Еуразиялық кеңістікке қосылу тұрғысынан алғанда, инвестиция салудың мүмкіндігі зор және нарық рентабельдігі артады. Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы да отандық бизнес-қауымдастықтың өкілдерін ұлттық экономикаға үлес қосуға шақырды. Яғни, елімізде инвестицияға сұраныс бар. Отандық бизнесте ресурс жеткілікті бола тұра, шетелдік инвесторларға сұраныс тудыруды тоқтатуымыз қажет» деді Рахман Алшанов.
Оның бұл ойымен келіспеске болмайды. Осы орайда «өз қазаным қайнамай қарының тоймайды» деген аталарымыздың ақылды сөзі еріксіз еске түседі.
«Бәсекелі ортаға кіру өзімізге деген талапты күшейтеді, дамуды ынталандырады. Еуразиялық экономикалық одаққа деген көзқарас мәселесіне тек бизнес тұрғысынан емес, тұтынушылардың талабы мен сұранысы бойынша зер салған жөн. Ең бастысы, интеграция ұлттық брендтерімізді насихаттап, елдің экономикалық күшін біріктіретін басты бағыт болуы тиіс» дейді Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов.
Нұргүл МӘЛТІК