Инсульт орталығы ашылды

0 14

Кеше елордада Көпсалалы медициналық орталықтың ішінен инсульт орталығы ашылды. Бұл шараға қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысып, қызмет көрсету стандарттарымен танысты.Халыққа медициналық қызмет көрсету стандарттарына сәйкес, елордада әр 250 мың адамға шаққанда бір инсульт орталығы болуы керек. Жаңадан бой көтерген орталық ендігі күні Байқоңыр ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Мұнда сонымен қатар, магнитті-резонанстық томограф іске қосылды. Бұл жабдық мемлекеттік бюджеттің есебінен сатып алынған. Томограф қан-тамыр түтікшелерін толықтай зерттеуге мүмкіндік береді. Ол инсульттің алдын алу және емдеу үшін аса қажет.
– Инсульт емінің бірінші талабы – дерт тиген адамға 1 сағат ішінде көмек көрсетіп үлгеру керек. Дер кезінде жасалған ем адамның кейін мүгедек болып қалмауына, денсаулығының толықтай қалпына келуіне тікелей әсер етеді. Ашылып отырған орталық инсультке қарсы жасалатын қажетті құрал-жабдықтармен, медициналық мамандармен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген, – деді Көпсалалы медициналық орталықтың директоры Мұхтар Төлеутаев.
Инсульт орталығы айына 50-60 науқасты қабылдауға қабілетті. Мұнда инсультке шалдыққандарды сауықтырудың бірінші, екінші кезеңдік дәрігерлік көмегі көрсетіледі. Болашақта осында науқастарды емдеу­дің толық циклы жүзеге асырылатын болмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды