ИННОВАЦИЯЛЫҚ АГРОТЕХНОЛОГИЯ ИГЕРІЛМЕК

0 125

ac604d53145b786da4c3cee7af8770e5

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру барысынан хабар беріп, алдағы мақсат-міндеттер туралы әңгімелеп берді.

Осыдан бір ай бұрын Елбасы жұмыс сапарымен Алматы облысына барып, бірқатар ескертулер айтқан болатын. Соларды есепке алған өңір басшылығы құрылған жос­пар бо­йынша жұмыстар жүргізуде. Аграрлық секторда пайдаланылмаған жерлер ауыл шаруашылығы айналымына тартылып, инновациялық бағыттағы агротехнологияны қолдану арқылы түрлі дақылдардан алынатын өнімді арттыру жөнінде шаралар қолға алынбақшы. Бүгінгі таңда облыста 126 мың гектардан астам жер тусырап бос жатыр. Оның 49 мың гектардан астамы суармалы жерлер екен. Нақты иелерін анықтап, қолданылу мақсатын белгілеу үшін жер картасы жасалатын болады.

Сондай-ақ, 2 мың гектардай аумақты алатын жаңа бақтың орны дайындалып, апорт алмасын қалпына келтіру жұмыстары басталып кетіпті.

«Өзін өзі ең негізгі қажетті азық-түлік түрлерімен толық қамтамасыз ете алатын біздің облысымызға қазіргі күні сырттан жалпы сомасы 432 млн долларды құрайтын азық-түлік өнімдері әкелінуде. Алда бірқатар кәсіпорындар модернизацияланып, ет-сүт және көкөніс өндірістері құрылатын болады» деді облыс басшысы. Сонымен бірге, сүт қабылдау нүктелерін ашып, жыл соңына дейін 32 бордақылау алаңын 12 мың бас малмен толықтыру жоспарлануда.

Амандық Баталов биыл қаңтар-тамыз аралығында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері барлық сала бойынша орнықты даму динамикасына ие болғанын баса айтты. Оның мәліметінше, ауыл шаруашылығында 178,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,7%-ды құрады. Ал, өнеркәсіп саласында 390,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ды құраған.

Ал, индустрияландыру картасы аясында Жамбыл ауданында тауарлы жұмыртқа өндіретін «Сұңқар» құс фабрикасы және Қарасай ауданында «Kelun-Kazpharm» фармацевтикалық зауыты іске қосылған.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − eight =