БАУЫ БЕРІК БОЛСЫН!

0 159

roddom

Жаңа жыл қарсаңында елімізде 909 сәби өмірге келді. Нәрестелердің саны жағынан Оңтүстік Қазақстан облысы – көш басында. Мұнда жылдың ең соңғы күні 235 бөбек дүние есігін ашты. Одан кейінгі орындарда тұрған Алматы облысында – 106,  Алматы қаласында – 83, Астана қаласында – 74,  Жамбыл облысында 72 бала туған.

Ал желтоқсанның 31-нен қаңтардың 1-не қараған түні елордалық перзентханаларда  30 шақалақ шыр етіп, шаһар халқының санын көбейтті. Оның 17-сі – ұл, 13-і – қыз. «Бәрінің де денсаулықтары жақсы. Ауыр жағдайда жатқандары жоқ. Аналарының да көңіл-күйі ойдағыдай. Мереке кезінде қаладағы №1 перинаталдық орталық белсенділік танытты. Мұнда 18 баланың кіндігі кесілді» дейді мекеменің бөлім меңгерушісі Ербол Әубәкіров.

Жалпы, бас қалада күн сайын орта есеппен 65-70 сәби дүние есігін ашады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 4 пайызға артық.  Енді биыл қарадомалақтардың саны қаншаға артатынын уақыт көрсетер. Бастысы, болашақ батырларымыз мен айдай сұлу аруларымыздың бауы берік болып, аман-есен жетілсін.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =