Инфляция: Халыққа қалай әсер етеді?

Сараптама

0 97

Елімізде азық-түлік бағасы қымбаттады. Жанар-жағармай бағасының өсуі жалғасуда. Киім-кешек және аяқ киім бағасы да ұшып тұр. Электр энергиясы бағасының өсуі 10,1%-ті құрады. Тұрғын үйді жалға алу бағасы, қоғамдық тамақтану, газ және жолаушылар әуе тасымалы бағасы өсті. Қымбаттамаған не қалды? Елімізде инфляция рекордтық 8,4 пайызға жетті. ҚР Ұлттық банкі жыл аяғына дейін елдегі инфляция 7,5%-8,5% дәлізіне баратынын болжап отыр. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банк пен Үкіметке инфляцияны төмендетіп, 2022 жылы оны 4-6% дәлізге қайтару керек деген тапсырма жүктеді. Инфляцияны уысынан шығарып алған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қандай ағаттық жіберді? Теңге құнсыздана ма? Шарықтаған бағаның бетін қайтару мүмкін бе? Елімізді алда қандай экономикалық өзгерістер күтіп тұр? Эконмист-­сарапшылардан сұрап білдік.

ТЕҢГЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯҒА ҰШЫРАУЫ МҮМКІН

Арман БАЙҒАНОВ, экономист:

– Ұлттық банк биылғы жылдың соңына қарай инфляция 7,5%-8,5% дәлізінде қалыптасады деп күтуде. Мен бұл цифрларға қатты сене бермеймін. Мүмкін олардың қандай да бір методикасы бар шығар, бірақ менің ойымша, инфляция одан едәуір жоғары болады. Үкімет инфляция төмен болатынын айтып жатыр ғой, менің пікірім бұл 6-8 пайыз дәлізді төмендету үшін біршама реформа керек. Әдіс-тәсілдерді өзгерту қажет. Ұлттық банк тарапынан жасалып жатқан жұмыстар бар, бірақ Үкімет тарапынан мониторинг жүргізілмейді. Екінші, бізде Үкімет құрамы жиі ауысады. Бір министр келіп, жаңа реформа жасайды, көп уақыт өтпей оның орнына басқа адам келіп, ол өзінікін жасайды. Сонда әрбір министр қызметінде көп отырмайтынына қарай қысқа мерзімді жобалар жасайды. Ұзақмерзімді стратегиялық жоспарға түзетулер енгізудің орнына, қысқа мерзімді жоспармен айналысады. Бұл экономикаға кері әсерін тигізеді. Экономикалық жоба-жоспарлардың жүзеге асуы қадағалану керек. Ұлттық банк өздігімен инфляцияның өсімін тежеп, валюта бағамына әсер ете алмайды. Инфляция көтерілген сайын тауар мен қызметтердің өзіндік құны көтеріледі. Соңғы уақытта курс өзгеріссіз болса да, ол кез келген уақытта девальвацияға ұшырап кетуі әбден мүмкін 2015 жылдағыдай. Ерте ме, кеш пе, өзгеріске ұшырайды. Себебі біз – Еуразиялық экономикалық одақ құрамындамыз. Қазіргі жағдайда кәсіпкерлердің басым бөлігі шығынға ұшырайын деп отыр. Үкімет, министрлік көбіне инновацияны дамытуға күш салып отыр. Өндіріс пен қызметтердің сапасын арттыруға көп көңіл бөлуде. Ауылшаруашылығы өндірісінің қарқыны бізде өте төмен. Бір ауыл адамына 5-6 доллар өнім өндіріледі. Ресейде бұл көрсеткіш оған қарағанда біршама жоғары. Еуропа, АҚШ-та бір адамға 100 мыңнан келеді. Израильде бір шаруа 50-100 адамды өніммен қамтып отыр. Ал біздің шаруалар өзгелер түгілі, өздерін өнімдермен қамтамасыз ете алмайды. Неге инфляция өсуде? Ауылшаруашылығы өнімдерінің бағасы неге күрт қымбаттады? Өйткені біздегі ауылшаруашығы өндірісінің белсенділігі өте төмен. Халықтың 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. Осы мәселені шешпейінше, ауылшаруашылығы өндірісі бір жолға қойылмайынша, бізде азық-түлік өнімдерінің бағасы үнемі көтеріліп отырады. Ұлттық валютамыз теңгенің девальвацияға ұшырау ықтималдылығы өте жоғары деңгейде бола береді.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ПЕН КЕДЕЙЛІК КҮТІП ТҰР

Марат ҚАЙЫРЛЕНОВ, экономист:

– Менің ойымша, 7,5%-8,5% инфляция деңгейін бірқалыпта ұстап тұру қиын болады. Оның себептеріне тоқталсам, біріншіден, бізде инфляция енді-енді қарқын ала бастады. Жыл соңына дейін инфляция екі түрлі болып жатса, таңқалмаймын. Әртүрлі баға беріледі ғой, мәселен, Санжар Боқаев деген аналитик бар. Сол еліміздегі ірі деген бір сауда орталығының 3 айлық инфляция көрсеткішін есептеп шығарған. Бағаның қалай өзгергенін көрсетті. Оның дерегінше, шын инфляция мөлшері мен ресми деректегісі екі түрлі. Бұдан шығатын ой, Ұлттық банк 7,5%-8,5% болады, дегенмен, факт бойынша ол басқаша болуы әбден мүмкін. Неге мен инфляция айналым ала бастады деп отырмын? Бұл жерде екі себеп бар. Бірінші, сырттан келген қысым. Қазір әлемде инфляция айналым ала бастады. Өйткені контейнерлерді тасымалдауға кедергілер көп. Дамыған елдердегі әлемдік банктерде АҚШ, Жапония мен Еуропа банктері базалық мөлшерлемені төмен деңгейде ұстап отыр. Активтерді сатып алу бағдарламалары да өте көп. Нарықта өтімділік (ликвидность) көп. Бұл тауарлар бағасының қымбаттауына тікелей әсер етеді. АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің де байланысы бар.
Ресейде сайлауға байланысты оларда баға өте тез көтеріліп кетуі мүмкін. Бұл енді экономикаға қалай әсер етеді десеңіз, инфляция көтерілген кезде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көбейтуге мәжбүр және теңге бағамын бірқалыпта ұстауы керек. Бір жағынан, бұл жақсы, екінші жағынан, бәсекені төмендетеді. Мысалы, инфляция өсіп, теңге бір орында тұрса, теңгенің бәсекеге қабілеттілігі азаяды. Елде импорттық тауар­лар көбейеді. Бірінші жартыжылдық бойынша еліміздегі жұмыстан шығарылғандардың дерегіне қарасақ, өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Бұл, менің ойымша, өте алаңдатарлық жағдай. Әрі қарай не болады десек, бізде, Ресейде, Қытайда Ұлттық банктер базалық мөлшерлемені көтерді. Өйткені қауіптің барын біліп отыр, инфляцияның шарықтап кетуі мүмкін екенін түсінеді. Қандай да бір уақыттан кейін активтерді сатып алу бағдарламалары тоқтаса немесе әлемдік алпауыт банктерде базалық мөлшерлеме күрт жоғарыласа, металл мен мұнай бағасы өте қатты төмендейтін болады. Сәйкесінше теңгенің девальвацияға ұшырауы инфляцияның қарқын алуына түрткі болады. Шамамен теңге девальвациясы 1 пайызға 1 доллар болса, бұл инфляцияның 0,45 пайызға көтерілуіне итермелейді. Елестетіп көріңіз, 20 пайыз девальвацияға ұшыраса, инфляция өсімі 9 пайыз болады. Бұған тағы қазіргі ресми тұтынушылық бағаны қосыңыз, яғни 7-8, 9 пайызды қосыңыз, едәуір жоғары көрсеткіш шығады. Сонда елімізде алда жұмыссыздық немесе инфляцияның жоғарылауы күтіп тұр. Бұл жай кезең емес. Өте жағымсыз жағдай, себебі халықтың табысына тікелей әсер етеді. Әсіресе, табысы төмен азаматтар үшін ауыр жағдай. Халқымыздың 70-80 пайызының табысы төмен екенін ескерсек, жағдай мәз емес. Сондай-ақ бірінші қыркүйектен бастап мұғалімдердің жалақысының артуы да тұтынушылық нарыққа ықпал етеді. 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі де әсер етпей қоймайды. Егер бізде бәсеке мықты болғанда экономика бәрін өзі реттейтін еді, ал бізде бәсекеге байланысты түрлі проблема бар. Шектеулер өте көп. Сондықтан мұның бәрі инфляцияның шарықтауына әкеліп соғады.

ИНФЛЯЦИЯНЫ ТӨМЕНДЕТЕМІЗ ДЕУ – БОС ӘУРЕШІЛІК

Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист:

– Иә, бұл жылы инфляция күрт өсіп кетті. Ол өткен жылы қарқын алған еді. Биыл да оған ешқандай тежеу болмай тұр. Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізіп отырған. Сол кезде қойып отыр­ған дәліз бойынша инфляция 6 пайыздан аспауы керек еді. Бізде қазір инфляция 8,7 пайызға дейін өсті. Демек, ол әлдеқайда өсіп кетті. Ұлттық банк инфляцияны уысынан шығарып алды. Ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Ұлттық банк төрағасына ескерту жасағанын білеміз. Енді Ұлттық банк 9,25 пайыздан базалық пайыздық мөлшерлемені 9,5 пайызға дейін көтеріп отыр. Мұның негізгі мақсаты – теңгеге біраз күш беру. Бұл белгілі бір дәрежеде инфляция қарқынын тежейтін болса, дұрыс қадам деп айтар едім. Екіншіден, жоғары пайыз­дық мөлшерлеме экономика үшін тиімді емес. Өйткені алдағы уақытта несие пайызы да өседі. Ал жоғары пайызды несиені бизнес өкілдері алмайды. Қазіргі уақытта бизнеске ақша керек. Өйткені дағдарыс кезеңінде пайызы төмен ақшаны қалап отырған кезде пайыздарды өсіру дұрыс емес. Осындай процестерге куә болып отырмыз. Жыл соңына дейін Ұлттық банк инфляция 7,5%-8,5% пайыз болады деп болжам жасап отыр ғой, бірақ біз қазірдің өзінде көріп отырмыз бір жылдық инфляция 8,7 пайыз болып тұр. Иә, қыркүйек, қазан айларында аздап инфляциялық жағдай реттеледі. Бағаның өсімі тоқтайды аздап. Ол маусымға байланысты, яғни жеміс-жидектің пісуіне байланысты жағдай шамалы оңалады. Бірақ жаңа жыл жақындағанда, қараша, желтоқсан айларында азық-түлік бағасы қайта қымбаттайды. Сондықтан бүгінгі күннің өзінде жылдық инфляция 8,7 пайыз деп тұр. Бұл – ресми мәлімет. Ал азық-түлік инфляциясы 11,5 пайыздан асып кеткен. Бұл да – ресми мәлімет. Ал шын мәнінде, егер нарықтағы бағалардың өсіміне қарасақ, бірқатар тауарлар, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы екі есе қымбаттады. Яғни 100 пайыздан асып кетті деуге негіз бар. Ал енді инфляцияны орташа алып қарасақ, статистика бойынша 10 пайыз делінсе, шын мәнінде 20 пайыздан артық болып отыр. Мұның бәрі түптеп келгенде, халықтың төлем қабілеттілігіне кері әсер етеді. Халықтың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді. Азаматтардың қолындағы табысы жұтайды. Бұл кедейлікке алып келеді. Сондықтан Үкімет алдында халықтың табысын арттыру міндеті тұр. Президентіміз халықтың табысын өсіру бойынша тапсырма берді, енді оның қалай орындалатыны басты сұрақ болып тұр. Ұлттық банк қолынан инфляцияны ұстап тұру келе ме? Ұлттық Банк 2025 жылға дейін инфляцияны 3-4 пайызға дейін түсіреміз деп отыр. Бірақ мемлекетіміз дұрыс, салиқалы саясат жүргізбесе, ол миссияның бәрі бекер болады. Үкімет те атсалысу керек, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025», индустрияландыру бағдарламалары жемісін бермей, инфляцияны төмендетеміз деу – бос әурешілік. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық Банк бірге жұмыс істеген кезде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға болады.
Ұлттық Банк басып шығарған айналымдағы артық ақша массасының көлемін қысқарту керек. Негізінен, инфляция, қымбатшылықтың себебі де осыдан. Өткен жылы 1 қазандағы статис­тикалық деректерге сүйенсек, ақша массасының көлемі 24 триллион 180 млрд теңге болған. Ал қазір 28 триллион 200 млрд теңгеден асып тұр. Демек, бір жыл ішінде 4 триллион теңгеден астам қаржы басып шығарылды. Мұның бәрі сөзсіз ақша массасының артуына алып соғады. Экономикада заңдылық бар. Ақша массасы мен шығарылып отырған тауар көлемінің арасында теңдік сақталуы керек. Егер тауар көлемі өспей, ақша массасы артса, онда арада теңдік орнауы үшін амалсыз тауарлардың бағасы өсуі керек. Қазір біздегі жағдай – осы. Демек, ақша массасын көбейттіңіз бе, тауар өндірісін де жолға қоюыңыз керек. Үкіметтің атсалысуы керек деп отырғаным осы. Импорттың орнын алмастырар тауарларды өндіруіміз керек. Құрылыс материалдарының бағасы өсіп, салдарынан тұрғын үй бағасының қымбаттауындағы себеп те содан. Біз құрылыс материалдарының 70-80 пайызын өзіміз өндірмейміз. Қазір оның 50 пайызына да жетпейді. Сондықтан шетелге қол жайып отырмыз.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС

Асел МАҚЖАН, қаржы кеңесшісі:

– Жеке ойым алдың­ғы жылға қарағанда жоғары б олатыны сөзсіз, 8 пайыздан жоғары болмаса, кем түспейтін шығар. Бұл дегеніңіз – елдегі қымбатшылық. Бұрынғы 200 мың теңге жалақыға алдыңғы жылға қарағанда аз дүние аласыз. Егер әр адамның жалақысы инфляцияның пайызына сәйкес өсіп отырмаса, жыл өткен сайын халықтың тұрмыс деңгейі нашарлай береді деген сөз. Ащы естілсе де, елдегі экономикалық жағдай мәз емес. Үй бағасын айтсақ, мемлекет халыққа жақсылық жасағысы келгенмен, адамдар сұраныс тудырды, нарықта пәтерлердің бағасы ұшып кетті. Бұның барлығы халықтың қалтасына ауыр тиеді. Пайыздық мөлшермен азық-түлік бағасы түсті дейді. Бірақ бұл бағалар оған дейін өсіп, қазір сәл түскені шығар. Жұмысшылар жалақыны көтеру­ді сұрайды, жұмыс берушілер жоғары жалақы төлей алмаған соң қысқартады. Салық көбейе түседі, адамдардың жинаған ақша жинақтары да құнсызданады. Бірақ мұндай жағдай ұзағынан жалғасуы мүмкін емес. Инфляция бір шегіне келіп тоқтайды да, қайта жаңғыру болатын шығар. Қарапайым халық жалақысының инфляциямен бірдей өсіріп отыруына, не одан да жоғары болуына мән беру керек.

АУЫЛДЫ ЖЕРДЕ ЖАҒДАЙ НАШАР

Аманжан ЖАМАЛОВ, Мәжіліс депутаты:

– Инфляция – экономиканың дамуы үшін аса маңызды. Себебі халықтың нақты табысы мен несиесі соған байланысты. Осы ретте, орта мерзімді міндет – инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету. Инфляцияны тежей алмаған Үкімет пен Ұлттық банкті Президент әділ сынға алды деп санаймын. 2021 жылғы тамызда жылдық инфляция 8,7 пайызды құрады. Бұл белгіленген дәлізден 4-6 пайызға жоғары. Ұлттық банктің жүргізіп отырған ақша-кредит саясатына қатысты үлкен мәселелер бар. Мұндай саясаттың артықшылығын табу қиын, бірақ кемшілігі көп. Инфляция жоғары деңгейде қалып отыр.
Екінші деңгейлі банктер бизнеске несие бермейді, бірақ Ұлттық банктің ноталарын сатып алуды жөн санайды. Айналыс­тағы қысқамерзімді ноталардың көлемі 3 трлн теңгеден асады. Бұл қаражатты банктер несие ретінде беруі тиіс еді.
Ауылды жерде жағдай одан да нашар. Банктер кепілдіктің болмауы, ауылдардың ірі қалалардан шалғайда орналасқанын алға тартып, кәсіпкерлерге несие бермейді. Мемлекеттік бағдарламалар екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асқанымен, негізгі несие алып отырғандар ауыл кәсіпкерлері емес екеніне сенімдімін. Себебі банктерге шағын несие беру айтарлықтай тиімді емес. Керісінше, құны бойынша ірі және орта жобаларға несие беру жүйесі қалыптасқан. Ауылды жердегі шағын жобаларды несиелеудің тиімді құралы – шағын қаржы ұйымдары арқылы шағын несие беру. Бұл ұйымдар жергілікті кәсіпкерлерді жақсы біледі, банктерге қарағанда тиімді шарттар ұсына алады. Ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру үшін аудан орталығындағы шағын қаржы ұйымының әлеуеті мен мүмкіндігін пайдалану қажет.

ҮКІМЕТ ЖҰМЫСЫН ШИРАТУЫ КЕРЕК

Жангелді ШЫМШЫҚ, экономист-сарапшы:

– Инфляция неден көтерілді? Үкімет көпбалалы аналарға ақшалай көмек берді. Ақша көбейді, содан ол құнсыздана түсті. Инфляция әрқашан бағаның өсуі болып табылады. Инфляция төмен болған кезде баға өте баяу өседі, бірақ бәрібір көтеріледі. Олар инфляция төмендейді деп айтқан кезде, бұл тұтыну қоржыны өткен жылдарға қарағанда баяу өсіп бара жатқанын білдіреді. Ақша көп, бірақ баға қымбат. Үкіметтің жүргізіп отырған саясаты дұрыс емес. Үкімет инфляцияның өсуін уысымызда ұстаймыз деді, бірақ халықтың ақшасы көбейіп, керісінше ол өсе түсті. Содан азық-түлік, пәтер бәрі қымбаттады. Неге бізде картоп, сәбіз бағасы қымбаттап кетті? Өйткені айдаладағы Пәкістаннан картоп алдыртып отырмыз. Алдымен өзімізді-өзіміз жарылқап алайық. Бізде барлық өнім өз елімізде өндіріледі. Инфляция артқан сайын баға қымбаттай береді.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − twelve =