Индустриалдық парк – Өндiрiс игiлiгi

0 108

«Индустриялық-инновациялық даму шеңберiндегi жобалардың әлеуметтiк маңызы шексiз. Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала бередi. Барлық мемлекеттiк органдар бұл жұмысты өздерiнiң негiзгi қызметi деп есептеуi тиiс».
Қазақстан Республикасы Президентi Н.Назарбаевтың «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауынан

Қазiргi уақытта Индустриалдық парк нағыз өндiрiстiң қайнаған ошағына айналып келедi. Мұнда орналасуға тиiс 50 кешендi жобаның инфрақұрылымы жасалып болып қалды. Бiрқатар кәсiпорындар ашылып, Астананың индустриалдық әлеуетiн көтеруге атсалыса бастады. Осындай күш-қуаты зор зауыттың бiрi – «сэндвич-панель» шығаратын «Кровля НС» ЖШС-i. Құрылысқа қажеттi материалдарды шығаратын 17 жобаның алғашқы қарлығашы – осы өндiрiс болды. Аз ғана уақытта қоршау конструкцияларының қазақстандық брэндi бар кәсiпорынға айналып үлгердi. Жалпы алғанда «сэндвич-панель» – Қазақстанда баламасы жоқ, жоғары технологиялық импорт құрылғымен жасап шығарылатын, сирек кездесетiн құрылыс материалы.
Ғимараттардың қабырғасы мен шатырын құрастыруға арналған минералды мақта жылытқыштан тұратын «сэндвич-панель» түрлi санатта қолданылады. Өндiрiстiк және әкiмшiлiк құрылыстарда, сауда үйлерi мен қойма құрылыстарында, ауыл шаруашылық ғимараттарында, тұрғын үйлер салуда да пайдаланады. Мұндай құрылыс материалы шамамен +70 градустан -50 градусқа дейiнгi ауа температурасының өзгерiсiне төзiмдi келедi. Минералды мақта жылытқышпен қапталғандықтан көпшiлiк оларды тез жанғыш деп те ойлауы мүмкiн. Бiрақ, бұл – әсте, шындыққа жанаспайтын пiкiр. Өндiрушiлер өртке төзiмдiлiктiң амалын тауыпты. Қазiр минералды мақта жылытқыштарға базальт бүркiп, жанбайтын етiп шығаратын болды. Отқа жанбайтыны да бүгiнгi заманның сұранысына орай ойлап табылған. Антикоррозиялық қасиетi және бар. Соның арқасында панельдер сәулеттiк құрылыстардың сыртқы қабырғасын жасауға әбден лайықталды. Құрышқа бекiтiлетiн жабынды мен қабырғаның мықтылығы шатыр салуда таптырмайтын бұйым. Жылуды жақсы сақтайтын, шуылды естiртпейтiн, өртке қауiпсiз, сырты боялған, салмағы ауыр емес, жоғары технологиялық құрамдастығы мен қарапайым монтаждауға қолайлы, тамақ өнеркәсiбiне залалсыз, санитарлық, эко-логиялық нормаларға сай «сэндвич-панельдiң» Қазақстандағы қолданыс аясы күннен күнге артып келедi. Кез келген күрделi ғимараттарды жылдам әрi арзанға тұрғызуға бейiмделген. Салмағы жеңiл болуы iргетасқа тү-сiретiн ауыртпалықты азайтады.
Базальтталған жылытқыштар мүлде жанбайтын зат ретiнде танылды. Құрыштан құралған «сэндвич-панельдiң» жылу ұстамдылығы өте жоғары. Шатырға да пайдалануға әбден қолайлы. Алыс аймақтарға тасымалданатын кезде лакталған беткi жағы бүлiнбес үшiн үстiнен қо-сымша қорғайтын жабу төселедi. Бетiне жағылатын лактың түр-түсi тап-сырушының жобасына сай әзiрленедi.
Бұл өнiмдердiң құрылыс нысанына қарай әжетке жаратылуы жиi кездеседi. Жуандылығы, жылылығы, пайдалану көлемi, ұзындығы ескерiледi. Панельдердi технологиялық стандартқа сай дайындау қатты қада-ғаланады. Өйткенi, құрылыс саласы ұзақ мерзiмдi кешендi жобаларға арналады ғой. Сондықтан, құрылыс материалы да сол ұзақ мерзiмге төтеп беруi тиiс. Осыны ескерген зауыт иелерi тек сапалы шикiзатты пайдалана-тындықтарын айтты. Магнитогорск металлургиялық комбинатының темiр құрастырғыштарын, голландиялық Huntsman желiмiн, ресейлiк Line Rock маркасының базальттi жылытқыштарын сатып алады. Шетелдiк шикiзаттың қымбат бағамен келетiнi белгiлi. Осы тұста Қарағанды металл зауытының өнiмдерiне деген сұраныс артып тұрғаны бүгiнгiнiң өзектi мәселесiнiң бiрi. Отандық шикiзатты осындай орайлы сәтте жүйелi түрде құрылыс қарқынын дамыту үдерiсiне енгiзудiң маңыздылығы айтпаса да түсiнiктi. Осыны ескерген аталмыш серiктестiктiң директоры Анатолий Кульдиннiң пiкiрiнше, алыстан ат арытып, Ресейден шикiзат тасымалдағанша, iргеден жеткен темiр қалыптарды өңдеу бұларға да тиiмдi болар едi. Бiр-екi рет Қарағандыға тапсырыс жасаған екен, темiрдiң желiмге сәйкесiздiгi анықталыпты. Минералды мақта жылытқыштар темiрге жабыспапты. Ендi қарағандылық әрiптестер соның сапасын қада-ғалап, желiм жабысатын темiр қалыптарды дайындап беруге келiсiптi. Шикiзаттың сырттан келуi, ең алдымен, сапаға, содан кейiн бағаға әсер етедi. Бұған Кедендiк одақтың тигiзiп жатқан оң әсерi мүлде жоқ дейдi серiктестiк директоры Анатолий Кульдин. Шикiзатты шетелден тасып, елге әкелiп, тек құрастырғаннан басқа амал жоқ.
Қазiргi таңда зауыттың қарымы қомақты. 2011 жылдың қорытындысы бойынша жылына 50 мың шаршы метр «сэндвич-панель» шығарылыпты. Тапсырыс көп болған кездерде айына 20 мың шаршы метр өнiм шығарған кездерi де болыпты.

Р.S.
Ел iшiнен жеткен шикiзаттан алынған өнiмнiң бағасы арзандау болар едi. Алайда, шикiзатқа тәуелдiлiк ел iшiнде шығарылатын өнiмнiң толыққанды отандық атануына бөгет болып тұр. Өнiмде бiрыңғай қазақстандық болмай шығатыны қынжылтады. Я, қағаз үшiн, я, болмаса желiм үшiн шетелге иек артуға тура келедi.

Шынар ӘБIЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =