Жазушының жан сыры

Жазушының жан сыры

Әдебиет – ардың ісі. Бұл жолға түсу – жүректің тазалығын, жанның табандылығын талап ететін үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілікті арқалаған жандардың бұл жолға біреуі ерте, біреу кеш түсіп жатады. Мәселе онда емес, әрине. Мәселе – кімнің не жазғаны, не бергенінде. Осы тұрғыдан алғанда, оқырманға Баянды Әлпи есімімен танылған Баян Құрмантайқызы Бұлғақбаева – әдебиетке өзіндік үнімен келген қаламгерлердің бірі.

Баян Құрмантайқызы Мәс­кеу­дегі М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде әдебиет және мәдениет бөлімінің тілшісі болып бастаған ол кейін С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, облыс­тық кәсіподақтар кеңесінде, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қорғау» көміршілер кәсіп­одағында нұсқаушы қызметтерін атқарды. Кәсіподақ саласындағы еселі еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің «Еңбек даңқы» медалінің І, ІІ, ІІІ дәрежелерімен марапатталды. Өндіріс пен қоғамдық қызметтің бел ортасында жүрсе де, қаламгерлік қабілетін ұштап, әдебиеттен қол үзген жоқ. Оның «Тамшы», «Жаным менің ақын ба?» атты жыр жинақтары оқырман жүрегіне жол тауып, жылы қабылданды. Сонымен қатар жырлары қазақ ақындарының «Жүректегі жырлар» жинағына енді. Ал проза саласында «Жүрек сыры», «Қазақстан – менің тағдырым», «Қайта оралмас өмір» атты кітаптары жарық көрді.

Баянды Әлпи шығармаларының басты ерекшелігі – шынайылық пен терең сезім. Автор өз туындыларында өмірден көргенін, көңілге түйгенін, ата-бабадан жеткен тағылымды көркем тілмен өрнектейді. Оның кейіпкерлері – өмірдің өзінен алынған шынайы бейнелер. Жазушының әр шығармасынан ұлттық тәрбие, адамгершілік құндылықтар, туған ел мен отбасына деген сүйіспеншілік айқын сезіледі.

Жуырда жазушының «Асыл әйел» атты романы жарыққа шықты. Бұл туынды – қаламгердің шығармашылық ізденісінің биік белесі. Романда бір әулеттің алтын діңгегіне айналған Әлпи ананың тағдыры суреттеледі. Автор асыл ананың өмір жолы арқылы қазақ әйеліне тән даналықты, төзімділікті, тектілікті терең бейнелейді. Шығармада қазақ халқының өткен өмірі, салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиесі мен ұлттық құндылықтары көркем өрілген. Әлпи ана – тек бір отбасының ғана емес, жалпы ұрпақтың рухани тірегіндей бейне. Оның бойындағы мейірім, сабыр, еңбекқорлық пен ұрпаққа деген махаббат оқырманды сүйсіндіреді. Осындай кейіпкер арқылы жазушы ананың қоғамдағы орнын, отбасы тәрбиесіндегі рөлін айрықша көрсете алған.

Тағылымды шығармаларымен танылған Баян Құрмантайқызы жақында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, көптен күткен куәлігіне ие болды. Бұл – қаламгердің 60 жыл бойы жүрегінде сақтаған арманының орындалған сәті. Жазушы бұл қуанышын айтқанда, бала күнінен әдебиет әлеміне ғашық болғанын, танымал ақын-жазушыларға қарап бой түзегенін, сол арманның жетегімен Мәскеудегі Әдебиет институтына түскенін айтады. Алайда өмірдің түрлі белесі – отбасы қамы, бауырларын жеткізу, тіршіліктің жауапкершілігі – оның қаламгерлік жолын біраз кешеуілдеткен. Соған қарамастан, бойындағы талант оны әдебиеттен алыс­татпай, шығармашылыққа қайта жетелеп отырды.

– Жақсы шығарма жазу үшін талантпен бірге өмірлік тәжірибе де қажет. Әр жазушы өз жүрегінен өткізгенін жазады. Жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетеді. Бұған қоса, көркем туындының көркем жазылуы ғана емес, оқыр­манға берер әсері мен өнегесі қымбат деп білетін мен 60 жыл армандаған Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып, сол бір арманыма жетіп отырмын, – деп толқиды қаламгер.