Астанадағы №72 мектеп-лицейі жанындағы «Балдырған-2026» лагерінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы негізінде кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Сарайшық ауданы Полиция басқармасының өкілдері және осы аудан бойынша «Әкелер одағы» филиалының төрағасы қатысты.
Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» мекемесі өкілінің айтуынша, елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында 110-нан астам іс-шара өткізіліп, 35 мыңға жуық оқушы қамтылған.
«Лагерь жұмысының екінші маусымы 15 маусым күні басталды. Оның аясында «Заң мен тәртіп әлемі» тақырыбындағы сурет көрмелері ұйымдастырылып, оған 3,5 мыңнан астам оқушы қатысты. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған дәрістер, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша интерактивті сабақтар өткізіліп жатыр. Жалпы екінші маусымда 90-нан астам іс-шара ұйымдастырылып, 47 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланған. Балалардың жазғы демалысы кезеңіндегі қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауда», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ Тәрбие жұмысы бойынша координация және ұйымдастыру бөлімінің әдіскері Эльвира Ибраева.
Соның ішінде №72 мектеп-лицейінде биылғы оқу жылында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында белсенді жұмыс атқарылып отыр.
Іс-шара қонағы, Сарайшық ауданы бойынша «Әкелер одағы» филиалының төрағасы Ардақ Саржанов жазғы лагерьді аяқтап жатқан балаларға әр мектепте құрылған Әкелер кеңесінің қызметін түсіндіріп, сондай-ақ, мемлекетіміздің «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты бағдарламалары жөнінде сұхбаттасты.
Сарайшық ауданы Полиция басқармасының бөлім басшысы, полиция подполковнигі Нұрлан Бапанов балаларға мектеп пен қоғамда өзін ұстау ережелері, өрт қауіпсізді мен судағы қауіпсіздік жағдайларын баяндады.