Ұлттық құрама шаңғымен секіруден шеберлігін шыңдады

Ұлттық құрама шаңғымен секіруден шеберлігін шыңдады

Щучинск қаласындағы Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығында шаңғымен секіруден ҚР Ұлттық құрама командасының оқу-жаттығу жиыны өтті. Шараға Ұлттық құраманың жетекші спортшылары мен қатар Олимпиадалық даярлау орталығының жас спортшылары да қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты К-90 және К-125 трамплиндерінде секіру қажеттілігін орындау, ұшу техникасын жетілдіру болды. Бұл жаттығу спортшылардың алдағы Халықаралық жарыстарға дайындық деп түсіндірді ұйымдатсырушылар. Бас жаттықтырушы Қайрат Биекенов: «Әрбір жаттығу спортшылардың алдағы халықаралық жарыстарға бабында баруына септігін тигізеді. Әсіресе Халықаралық ынтымақтастық бұл жиынның маңызын арттыра түсті. Қазақстандық спортшылармен бірге Әзербайжан өкілі мен Ресей құрамасының спортшылары да дайындық жүргізіп жатыр. Бұл біздің жас спортшыларға ерекше әсер етуі мүмкін. Ал Ұлттық құрама үшін тәжірибе алмасу оң әсерін тигізеді»,- деді.

          Әрине, осындай кең көлемдегі оқу-жаттығулары спортшылардың шеберлігін шыңдап, халықаралық додаларда топ жаруына жол ашады деген үміттеміз.

          Оқу-жаттығу жиынына журналистер қауымы арнайы қатысып, спортшылардың дайындық барысымен танысты. БАҚ өкілдері үшін трамплиндер кешенінен экскурсия ұйымдастырылды. Журналистер кешеннің құрылымымен танысып, спортшылардың жарыс пен жаттығу алдындағы дайындығы туралы жан-жақты ақпарат алды.

          Трамплиннің ең биік нүктесіне көтерілген сәт ерекше есте қалды. Биіктен төменге көз салғанда спортшылардың батылдығы мен кәсіби шеберлігіне еріксіз тәнті болдық. Биіктен шаңғымен секіру үлкен дайындық пен ерекше төзімділікті талап ететіні анық.

          Жаттығу барысында Қазақстан құрамасының көшбасшылары Данил Васильев пен Илья Мизерных бастаған спорт майталмандары жоғары деңгейде шеберлік көрсетті. Аспанмен астасқан трамплиннен секіру көрермендердің қызығушылығын арттырып, қысқы спорт түрлерінің ерекшелігін айқын көрсетті.

          Ашық жаттығу аясында көрермендер спортшылардың өнерін тамашалап қана қоймай, олармен тілдесіп, естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Іс-шараға Ресей Федерациясының Ұлттық құрама командасының мүшелері де қатысып, Халықаралық спорттық ынтымақтастықтың ерекше үлгісін көрсетті.

          Жиынға қатысқан тәжірибелі спортшылардың қатарында 2024 жылғы Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Илья Мизерных, 2023 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың чемпионы Данил Васильев және Ресей құрамасының белді өкілі, Халықаралық жарыстардың жүлдегері Евгений Климов та болды.

          Мамандардың айтуынша Ұлттық құрама мүшелерімен бірге жаттығу жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі саналады. Бұл олардың тахникалық шеберлігін арттырып қана қоймай, болашақтағы әлемдік додаларда топ жаруға жасалған қадам екенін айтады.

          Спортшыларды алда жаңа маусым күтіп тұр. Жаңа маусымдағы маңызды жарыстар Польша мен Францияда өтетін жазғы Гран-При кезеңдері. Ұлттық құрама осындай әлемдік сайыстарда ел намысын қорғауға әрқашан дайын екенін көз жетіп, көңіл сенді.

          Щучинскідегі оқу-жаттығу жиыны Қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Мұнда тек бүгінгі құраманың дайындығы ғана емес, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу міндеті де қатар жүзеге асырылып жатыр.

Жас спортшылар 2027 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына және 2028 жылғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарына дайындығы соның айқын дәлелі.  

Қабиден ҚУАНЫШБАЙ