Астанадағы Арбат алаңында ашық аспан астында «QYMYZ FEST – Қымызмұрындық 2026» этнофестивалі өтті. Іс-шараны Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесі мен ауданның Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестиваль қазақ халқының ежелгі дәстүрі – Қымызмұрындықты жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және түрлі буын өкілдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға арналды.
Ұйымдастырушы, Сарыарқа аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Кенжеболат Бапишев бүгінгі Қымызмұрындық мерекесінің басты мақсаты – ата-бабадан аманат болып жеткен салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа насихаттау екенін айтты.
«Қазіргі таңда бұл мерекенің мән-мағынасын білгісі келетіндер көп. Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен күн көрген. Қыстан төрт түлігі аман шығып, ел-жұрты тыныш болғанда, бие байлап, қымыз ашытқан. Бұл – береке мен молшылықтың бастауы саналған. Биелер құлындап, алғашқы қымыз дайын болғанда, ауыл адамдары алыстағы ағайын-туыс, құда-жекжаттарын шақырып, қуанышты бірге бөліскен. Балалар сүйінші сұрап, үлкендер ақ батасын берген. Осылайша Қымызмұрындық мерекесі елді бірлікке, татулыққа ұйыстырған игі дәстүрге айналған. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде Қымызмұрындық мерекесінің қайта жаңғырып жатқаны қуантады», - деді Кенжеболат Бапишев.
Мерекелік бағдарлама аясында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, ұршық иірген әжелердің шеберлік сабақтары көрсетілді. Сондай-ақ көрермендерге «Қымызмұрындық» дәстүрінің театрландырылған қойылымы ұсынылып, ұлттық тағамдар мен қымыздан дәм таттыру рәсімі өтті.
Фестиваль қонақтары үшін қымыз тарату рәсімі ұйымдастырылып, ұлттық сусындар мен тағамдардың жәрмеңкесі өтті.
Іс-шара барысында тоғызқұмалақ, асық ату, ләңгі тебу, қамшы өру және жілік сындыру секілді ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. Ойындарға Сарыарқа ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қатысушылары, «Елорда ақсақалдары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен қала тұрғындары белсенді қатысты Зейнеткер, ардагер ұстаз Күлмәш Төленбайқызының айтуынша, қымызмұрындық – халқымызбен бірге жасасып келе жатқан көне дәстүрлердің бірі.

«Көктем шығып, мамыр айы аяқталған соң ауыл-аймақта бие байланып, алғашқы қымыз ашытылған. Сол қуанышты сәтті ел болып атап өту Қымызмұрындық мерекесінің негізін қалаған. Бұл – береке-бірліктің, достық пен молшылықтың мерекесі. Алғашқы қымыз дайын болғанда ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары шақырылып, ақ дастарқан жайылған. «Мұрындық» сөзі бастау, алғашқы қадам деген мағынаны білдіреді. Сондықтан Қымызмұрындық – қымыз маусымының басталғанын айшықтайтын ерекше той», - деді Күлмәш апа.
Фестиваль соңында ұлттық ойындарда топ жарған жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар дипломдармен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Марапаттарды Астана қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мен «Елорда ақсақалдары кеңесі» қоғамдық бірлестігі табыстады.