Қазақстанда медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртудың жаңа кезеңі басталады. Еліміздің өңірлерінде 70 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін халыққа арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты жыл сайынғы Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары, балаларды оңалту орталықтары, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың сұранысына сай спорт залдары салынады», – деді Мемлекет басшысы.
Басты бағыттардың бірі – ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмекті дамыту. Қазіргі уақытта елімізде шамамен 7 млн бала тұрады, ал жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Жоспарланған жобаларды іске асыру балаларға күрделі мамандандырылған медициналық көмекті ел ішінде көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, пациенттерді шетелге жіберу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Негізгі жобалар:
* 8 перинаталдық орталық – жалпы төсек қоры 1 900-ден асады. Олардың құрылысы Астана, Шымкент қалаларында және Түркістан облысының Темірлан ауылында басталды.
* 9 көпбейінді балалар ауруханасы – жалпы төсек қоры 1 950-ден асады.
* 3 Ұлттық балалар медицинасы орталығы: Астанада 200 төсектік Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы мен 350 төсектік Балалар хирургиясы орталығы, сондай-ақ Алматы қаласында немесе Алматы облысында 500 төсектік Республикалық көпбейінді педиатриялық клиника салынады.
* медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін 25 амбулаториялық-емханалық нысан.
* 8 көпбейінді аурухана, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем нысандары, перзентханалар, инфекциялық ауруханалар, қан орталықтары және басқа да мамандандырылған мекемелер салынады.
Сонымен қатар қолданыстағы балалар ауруханаларын реконструкциялау және жаңғырту көзделген. Бұл медициналық инфрақұрылымды жаңартып, мамандандырылған көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Бұдан бөлек, 300 төсектік Өскемен көпбейінді ауруханасын, Қызылорда қаласындағы 300 төсектік аурухананы, емханалар мен мамандандырылған корпустарды қоса алғанда, 8 ірі денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталуға жақын.
Жобаларды іске асыру өңірлік денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, диагностика мен емдеудің қолжетімділігін арттыруға және жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуға бағытталған.
Жаңа нысандар салу және қолданыстағы медициналық ұйымдарды жаңғырту – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін кешенді дамытудың маңызды бөлігі болып табылады.