Қазақстанда жыл сайын мыңдаған жас мамандық таңдайды. Алайда олардың бәрі еңбек нарығында сұранысқа ие салаға түсе бермейді. Алдағы жылдары қай мамандықтар жұмыссыз қалдырмайды? Еңбек нарығындағы соңғы деректер осы сұраққа жауап береді.
Еліміздің еңбек нарығындағы соңғы үрдістер бұл сауалға нақты жауап береді. Мәселен, 2025 жылы елімізде 1,3 миллионнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Жұмыс берушілер денсаулық сақтау, білім беру және көлік саласына қатысты мамандарды ең көп іздеген. Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасып отыр, әсіресе, медицина саласы көш басында тұр. Педиатрлар, акушер-гинекологтар, мейіргерлер және орта медициналық қызметкерлерге қажеттілік жоғары.
Биылғы «Жастар практикасы» бағдарламасының нәтижелері де осыны көрсетті. Бағдарламаға қатысушылардың арасында жұмысқа ең көп орналасқан мамандықтар қатарында мейіргерлер, заңгерлер, шетел тілі мұғалімдері, тәрбиешілер және бастауыш сынып мұғалімдері бар. Бұл халық санының өсуімен, медициналық қызметтерге деген сұраныстың артуымен және өңірлердегі кадр тапшылығымен байланысты болып отыр.
Қашанда қадірлі қызмет
Кейінгі жылдары білім беру жүйесі де білікті кадрларға мұқтаж. Әсіресе қоғамдық пәндер мұғалімдері, бастауыш сынып педагогтері және мектепке дейінгі тәрбиешілер – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың қатарында. Мамандардың пікірінше, бүгінгі мұғалім – тек білім беруші ғана емес, оқушылардың цифрлық сауаттылығын қалыптастыратын жетекші тұлға. Сондықтан педагогтарға қойылатын талап та өзгеріп келеді.
Өзгеріс демекші, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас та өзгере бастады. Мемлекет басшысы да жұмысшы кәсіптерінің маңызын бірнеше рет атап өтті. Бүгінде жүргізушілер, дәнекерлеушілер, электромонтерлер, құрылысшылар, кран машинистері және техникалық қызмет көрсету мамандары еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Көптеген кәсіпорындарда дәл осы мамандар жетіспейді. Ал алдағы бірнеше жылда өндіріс, құрылыс және логистика салаларындағы кадр тапшылығы сақталады деген болжам да жоқ емес.
IT мен жи – болашақтың бағыты
Жаһандық үрдістер Қазақстан еңбек нарығына да әсер етуде. Сарапшылар 2026 жылы ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарында бағдарламашылар, деректерді талдаушылар, киберқауіпсіздік мамандарын және жасанды интеллект инженерлерін атап отыр. Осыған байланысты елімізде жаңа кәсіптер атласы әзірленіп, соның негізінде жоғары оқу орындарында жүздеген жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды. Бүгінде өндіріс пен инфрақұрылым саласының өзінде 75-тен астам жаңа кәсіп пайда болған. Болашақта тек бағдарламалау емес, жасанды интеллектті басқару, деректерді өңдеу және цифрлық жүйелерді дамыту бағыттары ерекше маңызға ие болмақ.
Талдаушылардың болжамынша, алдағы жылдары инженерлерге, автоматтандыру мамандарына, энергетиктерге, су ресурстары саласының қызметкерлеріне, агроөнеркәсіп мамандарына және цифрлық технология саласының кадрларына да қажеттілік арта түседі.
Еңбек нарығын зерттеуші Мерей Маманбекұлының пікірінше, қазіргі таңда жұмыс берушілер дипломнан бұрын нақты дағдыларға назар аударады.
«Соңғы жылдары еңбек нарығында үлкен өзгерістер болды. Бұрын экономистер мен заңгерлерге сұраныс жоғары болса, қазір IT, инженерия және техникалық мамандықтар алдыңғы қатарға шықты. Болашақта бірнеше дағдыны қатар меңгерген мамандардың мүмкіндігі арта түседі» дейді сарапшы.
Ал HR-маман Айман Төлеуқызы жастарға мамандық таңдауда тек жалақыға сүйенбеуге кеңес береді. «Көптеген түлек жоғары жалақы туралы ойлайды. Алайда жұмыс берушілер үшін адамның бейімделу қабілеті, жауапкершілігі және кәсіби дамуға ұмтылысы маңыздырақ. Өз ісін жақсы көретін маман кез келген салада сұранысқа ие болады» дейді ол.
IT саласының өкілі Данияр Қасымовтың айтуынша, жасанды интеллекттің дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Көп адам жасанды интеллект жұмыс орындарын қысқартады деп ойлайды. Шын мәнінде ол жаңа кәсіптердің пайда болуына ықпал етіп жатыр. Бүгінде деректерді талдау, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу бағытындағы мамандарға да сұраныс жоғары.
Сонымен, бүгін сұранысқа ие мамандықтардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, IT мамандары және білікті жұмысшы кадрлар бар. Ал ертеңгі күні бәсекеде озып шығатындар – жаңа технологияларды меңгеріп, заман талабына тез бейімделе алатын мамандар.