Елорданың «Жастар» театрында QAZAQ Inclusive Theatre ұжымы көрерменге «Сен екеуміз» атты лирикалық комедиясының премьерасын ұсынды. Қойылым авторы – қырғыз драматургі Жаныш Құлмамбет, аудармашы әрі қоюшы режиссері – Бахтияр Тұрсын, хореографы – Жұлдыз Құрманова.
Спектакльдің негізгі өзегі – Жейде мен Тілектің махаббат хикаясы. Сахнада олардың жастық шақтағы мөлдір сезімдері мен есейіп, отбасы құрғаннан кейінгі өмірі қатар өрбиді. Көрермен бір сәтте бала күнгі армандар мен алғашқы махаббаттың куәсі болса, енді бір сәтте отбасындағы түсініспеушілік, күнделікті тіршіліктің салдарынан алыстай бастаған ерлі-зайыптылардың жан дүниесіне үңіледі.
Жейде мен Тілектің ескі көпір үстіндегі алғашқы кездесулері, жастық шақтың тәтті естеліктері олардың жүрегінде өшпеген сағыныш болып сақталған. Уақыт өте келе бір-бірін түсінбей, араларында салқындық пайда болғанымен, дәл сол ескі көпір олардың қайта табысуына себеп болады. Жас күндерін еске алған қос жүрек бір-бірінің қадірін қайта түсініп, махаббаттарына жаңа тыныс береді. Қойылым көрерменге отбасы құндылығы, өзара сыйластық пен сүйіспеншіліктің маңызын терең сезіндіре білді.
Жейде мен Тілектің жастық және ұлғайған шақтарын Мөлдір Ануаш, Нұрбек Серік, Айнұр Абдрахманова, Нұрсұлтан Есмағанбетов сомдады. Қойылым аяқталғаннан кейін сахнаға қоюшы-режиссер Бахтияр Тұрсын, театрдың негізін қалаушылар Камшат Рахманова мен Жүзбай Серік көтеріліп, көрермендерге ризашылықтарын білдірді. Олар театр өнеріне қолдау көрсетіп, көрермен қатарының арта беруіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар, «Ауыл» партиясының өкілдері театр ұжымына ауылдың тыныс-тіршілігі бейнеленген картинаны сыйға тартып, шығармашылық табыс тіледі. Кеш соңында көрермендер ыстық ықыласын білдіріп, ұзақ қол шапалақпен қойылымды жоғары бағалады.
«Сен екеуміз» – махаббаттың уақытпен өлшенбейтінін, ал адамға ең жақын жанның қадірін жоғалтпай, дер кезінде бағалай білудің маңызды екенін ұғындырған әсерлі қойылым болды.
Ұлжалғас ӘБДІҚАДЫР,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті