Кеше Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында бірқатар мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру кезінде бюджет қаражатын пайдаланудың стратегиялық жоспарлануы мен тиімділігі туралы қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов баяндама жасады.
Оның айтуынша, бүгінде елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалған 19 келісімшарттың 16-сы іске асып жатыр. Аяқталған 3 келісімшарт бойынша мемлекеттік міндеттемелер толығымен орындалды.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске қосу нәтижесінде елорда экономикасына 226 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, 11 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туды. Бұл жобалар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, қаланың тұрақты экономикалық дамуына серпін берді» деді Евгений Глотов.
Қала әкімі орынбасарының баяндауынша, бұл жобалардың елордада іске асуы жоғары бағалануда. Мұны мына көрсеткіштен көруге болады: Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының рейтинг қорытындысы бойынша Астана қаласы келісімшарттарды орындау сапасы мен жобалардың тиімділігі жөнінен өңірлер арасында екінші орынға ие.
«Бұрын жобалардың басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталса, бүгінде ұзақ мерзімде нәтиже беретін экономика, инфрақұрылым, өндіріс және технология жобаларына басымдық берілуде. Өткен жылы осы бағытта стратегиялық маңызы бар 2 келісімшарт жасалды. Бұл – қала инфрақұрылымын басқарудың жасанды интеллект негізіндегі шешімі жобасы және №2 индустриялық парктің инженерлік инфрақұрылымын салу жобасы. Биыл мемлекеттік қаржы міндеттемелерін қабылдамай-ақ электржелілерін салу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты жасалды. Бұл жоба аясында инвестициялар жергілікті бюджеттен өтелмейді, инвестициялардың қайтарымы реттелетін тариф есебінен қамтамасыз етіледі. Мұндай тәсіл бюджетке түсетін жүктемені барынша азайтып, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибені алда басқа да инфрақұрылым жобаларына қолдануға болады» деді Евгений Глотов.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалар нақты қай салада іске асып жатқанына тоқталған ол білім саласында 1 балабақшаны, 6 Binom жалпы білім беру мектебін, студенттерге арналған жатақхананы салу және Гуманитарлық колледжді сенімді басқаруға беру жобалары іске асып жатқанын жеткізді. Соның нәтижесінде 24 мың оқушыға арналған орын, мектепке дейінгі мекемелерге 360 орын, студенттерге арналған 938 орын және 2265 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Астананың білім саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесі республикалық деңгейде оң бағаланып, еліміздің өңірлерінде заманауи мектептер салу тәжірибесін дамытуға негіз болды» деді қала әкімінің орынбасары.
Баяндамашы спорт саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Паралимпиадалық жаттығу орталығы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Тарлан» мұз айдыны жобасы сәтті іске асып келе жатқанын айтып өтті. Соның нәтижесінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға спорт инфрақұрылымы қалыптасты. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда жүйелі түрде спортпен шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың саны 87 пайызға артты.
Сондай-ақ Евгений Глотов қоршаған ортаны қорғау саласында іске асқан жобаларға тоқталып, қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы 2 жобаны жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалар цифрландыру, инженерлік және көліктік инфрақұрылым салаларында іске асырылуда. Бұл жөнінде де мәліметтер айтылды. Осы жобалар қаланың инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды.
Сессияда бюджет саясатын жетілдіру, жасыл желектерді отырғызу және күтіп-ұстау қағидаларын жаңарту, жекелеген нормативтік-құқықтық шешімдерді қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру мәселелері қаралды. Депутаттар азаматтардың жекелеген санаттарына тегін медициналық көмек көрсетуге, әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға қатысты өзгерістерді, әлеуметтік әріптестік және азаматтарды әлеуметтік бейімдеу саласындағы қалалық комиссиялардың қызметіне қатысты мәселелерді талқылады. Отырыс соңында депутаттар бұған дейін айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстардың орындалу қорытындылары туралы ақпаратты тыңдап, мәслихаттың келесі кезекті сессиясында қаралатын негізгі мәселені айқындады.