Мемлекеттік қызмет – ел дамуының басты тетіктерінің бірі. Сондықтан бұл саланы заман талабына сай жетілдіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту әрдайым мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала береді. Жуырда Мемлекет басшысы қол қойған жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады. Заң мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жаңғыртып, ашықтықты, әділдікті және кәсібилікті нығайтуға мүмкіндік береді. Осыған орай, жаңа заңның негізгі жаңашылдықтары мен оның мемлекеттік қызмет саласына әкелетін өзгерістері туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол ЖОЛДАНҒАРМЕН сұхбаттасқан едік.
– Ербол Қабдығалиұлы, жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына қол қойылды. Аталған құжаттың басты мақсаты қандай?
– Өздеріңізге мәлім, 2026 жылдың 19 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. Заңдарды әзірлеу Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылды және Президентіміздің мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылды. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, азаматтарға бағдарланған сервистік модельді қалыптастыру, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін күшейту және кадрлық процестерді толық цифрландыру. Заң мемлекеттік қызметтің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне негіз қалайды.
– Заңда мемлекеттік қызметтің миссиясы мен қағидаттарына ерекше назар аударылғаны айтылуда. Бұл нені білдіреді?
– Көптеген жылдар бойы мемлекеттік қызметті заңнамалық реттеу тек еңбек қатынастары шеңберімен шектеліп келді. Миссия, қызметтің мәні және міндеттері құқықтық тұрғыда айқындалмаған болатын. Заңның жаңа редакциясы осы олқылықты жойып, мемлекеттік қызметтің ұлттық басымдықтарды жүзеге асырудың негізгі институты ретіндегі мақсатын нақты бекітеді. Осы мақсатта заңда мемлекеттік қызметтің мақсаты мен оны өткеру негіздері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптарды бекіту көзделген. Бұған дейін мемлекеттік қызметтің негізгі міндеттері әртүрлі нормативтік актілерде көрініс тапқан болатын. Ал жаңа заңда мемлекеттік қызметтің мақсаты, негізгі қағидаттары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар нақты айқындалды. Бұл мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметін біріздендіруге мүмкіндік береді.
– Азаматтарға бағдарланған сервистік модель туралы айтып өтсеңіз.
– Әрине, бүгінгі таңда мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі халықтың сұранысына қаншалықты жедел әрі сапалы жауап бере алуымен бағаланады. Осыған байланысты заңда мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделі енгізілді. Қалыптасып жатқан заңнамалық негіздің басты бағдары – мемлекеттің халықпен өзара іс-қимылын құрудағы адамға бағдарланған тәсілді көрсететін: «Мемлекет адам үшін емес, адам мемлекет үшін» деген іргелі қағидат. Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде клиентке бағдарланған тәсілді іске асыру мақсатында заңда «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңға өтініштерді қараудан белгіленген негіздер бойынша бас тартуға жол бермеуге, әкімшілік, цифрлық және құқықтық кедергілерді жоюға бағытталған түзетулер көзделген. Бұл мемлекеттік қызметшілердің азаматтардың қажеттіліктеріне басымдық беріп, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталғанын білдіреді.
– Ербол Қабдығалиұлы, ал жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында қандай өзгерістер қарастырылған?
– Иә, жаңа заң кадрлық саясаттың жаңа стандартын қалыптастыруды көздейді. Осы ретте жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында заңда мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институтын енгізу қарастырылған. Оның басты мақсаты – жас әрі талантты азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесіне келуіне жағдай жасау. Ол мемлекеттік функцияларды тиімді орындауға қажетті құзыреттерді қалыптастыру мен дамытуға бағытталған білім беру іс-шаралары кешенін қамтиды. Бұл жұмыс жастарды мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарына дейін қамтиды.
– Мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан азаматтар үшін іріктеу рәсімінің ашықтығы маңызды. Осы тұрғыда іріктеу жүйесі қандай өзгерістерді көздейді?
– Ең маңызды өзгерістердің бірі – конкурстық рәсімдердің толық цифрлық форматқа көшуі. Енді кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл процестің ашықтығын, объективтілігін және қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар адами фактордың әсерін азайтып, конкурсқа қатысушылар үшін тең мүмкіндік қалыптастырады.
– Мемлекеттік қызметте талантты мамандарды тартумен қатар, олардың кәсіби дамуы мен мансаптық өсуіне жағдай жасау да маңызды. Жаңа заңда бұл бағытта қандай тетіктер қарастырылған?
– Заңда «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін олардың лауазымдық айлықақыларының мөлшері тәуелді болатын лауазымдық деңгейді белгілеуді көздейтін, бір лауазым шеңберінде көлденеңінен өсу механизмін енгізу көзделеді. Бұл тәжірибелі мамандардың әлеуетін тиімді пайдалануға және олардың еңбек нәтижесін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Еңбекақы төлеу жүйесін мансаптық көлденеңінен ілгерілеумен үйлестіру бір лауазым шеңберінде кәсіби өсу үшін қосымша ынталандырулар жасауға ықпал етеді.
– Заңның жалпы маңызын қалай бағалайсыз?
– Бұл заң мемлекеттік қызмет жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған кешенді құжат деп айтуға болады. Ол мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Заңда көзделген жаңашылдықтар мемлекеттік қызметтің ашық, әділ, кәсіби және халыққа бағдарланған жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп санаймын.
– Ашық әрі мазмұнды сұхбатыңызға рақмет! Мемлекеттік қызметтің дамуы – ел дамуының кепілі. Сондықтан жаңа заңның тиімді іске асырылуы мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз.