Астанада халық санағын регистрлер негізінде жүргізуге дайындық мәселелеріне арналған үш күндік ұлттық техникалық семинар өз жұмысын бастады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара мемлекеттік органдардың өкілдерін, халықаралық ұйымдарды және статистика саласындағы жетекші сарапшыларды біріктіріп, ұлттық статистикалық жүйені жаңғыртудың келесі қадамдарын талқылауға бағытталған.
Үш күн ішінде қатысушылар әкімшілік деректердің қазіргі жағдайы мен сапасын қарастырады, халық санағы мақсаттары үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дерек ұсынуға дайындығын бағалайды, статистикалық регистрлерді одан әрі дамыту бағыттарын айқындайды, сондай-ақ Қазақстанның регистрлік халық санағына көшуі бойынша негізгі іс-шараларға ұсыныстар әзірлейді.
Семинар Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) мен БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында өтуде. Жоба өңір елдеріне әкімшілік регистрлер негізінде халық санағын жүргізудің заманауи үлгілеріне көшуге қолдау көрсетуге бағытталған.
Іс-шараға ЭСКАТО, ЮНФПА өкілдері, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ Қазақстанның бейінді министрліктері мен мемлекеттік органдарының қызметкерлері қатысуда.
«БҰҰ-ның 2030 жылғы халық санағының кезекті кезеңіне дайындық жөніндегі ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстан бүгінде статистикалық регистрлерді дамыту және әкімшілік деректерді кеңінен пайдалану бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Деректер сапасы, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді дамыту және ведомствоаралық тиімді өзара іс-қимыл мәселелері регистрлік халық санағына табысты көшу үшін шешуші мәнге ие. Ұлттық статистика бюросы Халықтың статистикалық регистрін жүйелі түрде дамытып, мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы ақпараттық ресурстардың халық санағы мақсатында пайдалануға дайындық деңгейін бағалауда. Бұл семинар жұмысы практикалық шешімдер әзірлеуге және ұлттық статистикалық жүйені жетілдіру бойынша келесі қадамдарды айқындауға мүмкіндік береді деп сенемін», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Қарауылова.
Семинар бағдарламасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірқатар сараптамалық сессиялар мен практикалық талқылауларды қамтиды.
Қазақстандағы БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) өкілі және Қырғызстан мен Түрікменстандағы елдік директор Чинве Огбонна ұйымның Қазақстанға халық санағының жаңа буынын дайындау және заманауи статистикалық жүйені дамыту процесінде әрі қарай да қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
«Регистрлер негізіндегі халық санағына көшу - мемлекеттік статистиканың неғұрлым тиімді, орнықты және деректерге бағдарланған жүйесін құру жолындағы маңызды қадам. Бұл жұмыстың табысты болуы әкімшілік деректердің сапасына, цифрлық инфрақұрылымның дамуына және мемлекеттік органдар арасындағы тығыз өзара іс-қимылға тікелей байланысты. ЮНФПА Қазақстанның статистика саласындағы заманауи халықаралық стандарттарды енгізу талпынысын құптайды және осы процестің барлық кезеңінде сараптамалық қолдау көрсетуге дайын», - деді Чинве Огбонна.
Регистрлік халық санағына көшу Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл тәсілді енгізу статистикалық деректердің сапасын арттыруға, халыққа түсетін жүктемені азайтуға және мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.