Чемпиондар мекеніне айналған спорт кешені

Чемпиондар мекеніне айналған спорт кешені
фото: Сұлтан Сейіт

Астанада Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің ашылғанына бір жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтойлық жиынға халық қалаулылары, қоғам қайраткерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бір жыл бұрын ғана ашылған спорт кешені бүгінде елорданың ірі спорт орталықтарының біріне айналып үлгерді. Осы уақыт аралығында мұнда жүздеген жарыс өткізіліп, мыңдаған жаттығу ұйымдастырылды. Спортшылар республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Қазіргі таңда спорт кешенінде 1200-ден астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Мұнда бокс, еркін күрес, дзюдо, самбо, грэпплинг, аралас жекпе-жек (ММА), футбол, волейбол және жүзу секциялары жұмыс істейді. Әр бағыт бойынша тәжірибелі жаттықтырушылар шәкірттерін шыңдап, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде.

 «Осы бір жылдың ішінде спорт кешені мыңдаған спортшының екінші үйіне айналды. 365 күн ішінде жүздеген жарыс, мыңдаған жаттығу, сансыз жеңіс пен жарқын сәттер артта қалды. Біз тек спорт кешенін емес, мақсатқа ұмтылатын, бір-бірін қолдайтын үлкен отбасы қалыптастырдық» дейді қазақстандық кәсіпкер, «BELES» құрылыс компаниясының бас директоры Махат Төреәлі. Оның айтуынша, спортқа, білім мен рухани тәрбиеге салынған әрбір инвестиция – ел болашағына салынған берік іргетас. Ал ұлт мақтанышы Бекзат Саттархановтың есімі берілген кешеннің басты мақсаты – болашақ чемпиондарды тәрбиелеу және салауатты ұрпақ қалыптастыру.

«Бұған дейін  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келіп, нысан қызметімен танысқан болатын. Президент кешеннің заманауи деңгейін жоғары бағалап, мұндай спорт инфрақұрылымын дамыту жастар үшін маңызды екенін ерекше атап өтті» дейді аталмыш спорт кешенінің директоры  Ерқанат Мәліков. 

Мерейтойлық іс-шара барысында бір жыл ішінде жоғары жетістіктерге қол жеткізген спортшылар мен олардың жаттықтырушылары арнайы марапатталды. Республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарған жас спортшыларға алғыс хаттар табысталып, олардың еңбегі көпшілік алдында ерекше аталып өтті.