Бүгін Қазақстанда Полиция күні атап өтіледі. Биыл қазақстандық органның құрылғанына 34 жыл. 2007 жылы бұл күн кәсіби мереке ретінде бекітілді. Содан бері үздіксіз аталып келеді. Полицейлердің жұмыс тәртібі сервистік модельге ауысты. Ал қызмет барысында ашықтықты қамтамасыз ету үшін ішкі істер саласы толығымен сандық форматқа көшіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Полиция қызметкерлері күн сайын азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтауға қызмет етеді. Олар қиын жағдайда алғашқылардың бірі болып көмекке келіп, заңның үстемдігін қорғайды. Полиция қызметі кәсіби біліктілік пен жоғары жауапкершілікті ғана емес, сондай-ақ батылдықты, өз ісіне адалдықты және адамдарға көмектесуге деген ұмтылысты талап етеді.
Бұл күні ішкі істер сапындағы полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, елеулі еңбегімен көзге түскендері марапатталады.