Нұра ауданы соңғы бірнеше жылда елорданың қарқынды дамып келе жатқан негізгі аумақтарының біріне айналды. Мұнда жаңа жолдар, мектептер, саябақтар, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер бой көтеріп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып жатыр. Инвестициялар тарту, бизнестің белсенді қатысуы және кешенді жоспарлау инфрақұрылымды сапалы дамытуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2025-2026 жылдары Нұра ауданында мектептер, балабақшалар, тұрғын үй кешендері мен медициналық мекемелерді қоса алғанда, 200-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы қатар жүргізіліп жатыр.
Аудандағы тұрғын алаптарды газдандыру жұмысы іс жүзінде аяқталды. Жалпы ұзындығы 170 шақырым болатын газ желілері тартылып, шамамен 4900 абонентке газға қосылу мүмкіндігі жасалды.

Жаңа тұрғын аудандармен қатар көлік инфрақұрылымы да дамып келеді. Қазір бірнеше маңызды учаскеде жол құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Е-68 көшесінің А. Бектұров көшесі мен Төле би көшесінің аралығында жаңа жол салынып жатыр. Осыған байланысты бұл аумақта көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген.
Сонымен қатар, Төле би көшесін дамыту жұмысы жалғасып жатыр. Бұл көше біртіндеп ауданның негізгі магистральдарының біріне айналып, жаңа тұрғын кварталдарды өзара байланыстырады. Шыңғыс Айтматов көшесінің іске қосылуы Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарындағы көлік жүктемесін едәуір азайтты.
Қазір мұнда абаттандыру және инженерлік коммуникацияларды тарту жұмысы аяқталуға жақын.
Қайым Мұхамедханов көшесінде кварталішілік жолдар, әлеуметтік нысандарға кіреберістер мен жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп жатыр. Ауқымды жұмыс Үркер тұрғын алабында да жүргізіліп жатыр.
Ауданда 9 жаңа мектептің құрылысы қолға алынған. Оның бір бөлігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынуда. 2025-2026 оқу жылының басында бірден үш жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. №110 мектеп «Жағалау» тұрғын алабында, №115 мектеп Sat City тұрғын үй кешені маңында, ал №117 мектеп Greenline тұрғын үй кешенінің жанында, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының іргесінде ашылды.
Алдағы жылдары тағы алты мектептің құрылысы аяқталады. Бұл №71, №78 және №79 мектептердегі оқушы жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың екінші жартысында ауданда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 800 орындық мамандандырылған инклюзивті мектептің құрылысы басталады. Жоба қолжетімді орта талаптарына сай әзірленіп жатыр.
2025 жылы ауданда 300 орындық №99 «Бүлдіршін» мемлекеттік балабақшасы пайдалануға берілді. Ал 2030 жылға дейін тағы 11 балабақша ашу жоспарланған.
Сол жылы ауданда 19 аула абаттандырылды. Оның тоғызы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жаңартылып, тұрғындар өз аулаларының қандай болатынын өздері таңдады.
Үркер тұрғын алабында жаңа саябақ ашылды. Сонымен қатар «Самұрық Тауэрс» және Highvill Park 2 тұрғын үй кешендерінің маңындағы жаяу жүргіншілер аймақтары көгалдандырылып, абаттандырылды.
Алдағы уақытта тағы жеті қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Оның бесеуі жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асады. Сондай-ақ «Ғарыш Сапары» кешенінің айналасы жаңартылып, мұнда 1320 ағаш отырғызылды. Келешекте жаяу жүргіншілер жолдарының жабыны да ауыстырылады.
Бұдан бөлек, «Памир» тұрғын үй кешенінің жанында жаңа саябақ салынады. Бүгінде Нұра ауданында 410 аула аумағы бар. Соның 362-сі толық абаттандырылған.
Қазір Нұра ауданы нүктелік құрылыстан біртіндеп бас тартып, тұрғындарға қолайлы әрі үйлесімді қалалық орта қалыптастыратын заманауи кварталдық даму қағидатына көшіп келеді.