Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша жұмыстар жалғасуда

Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша жұмыстар жалғасуда
фото: Астана қаласының Полиция департаменті

Астана қаласы Полиция департаменті Кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасымен бірлесіп Қорғаныс министрлігінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің №14776 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қатысты. Бұл кездесу барысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық пен дропперлік қылмыстардың кең таралу себептері, алаяқтардың қолданатын айла-тәсілдері және мұндай құқық бұзушылықтарға қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік шаралары туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар азаматтарға бейтаныс нөмірлер мен сілтемелерге сақтықпен қарау, банк картасы деректерін, құпия сөздер мен SMS-кодтарды үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді онлайн сауда платформаларында ақша аударымдарын жасамау, алаяқтық жағдайына тап болған кезде бірден полицияға хабарласу туралы кеңестер берілді.

Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды қырағылық танытып, өздерінің жеке мәліметтерін қорғауға шақырады. Интернет-алаяқтыққа қарсы күресте ішкі істер органдарының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасады.