Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 5–6 сынып оқушыларының тамақтану тәртібіне мониторинг жүргізді. Талдау нәтижелері көрсеткендей: оқушылардың дұрыс тамақтанудың зияндылығы туралы хабардарлық деңгейі жоғары болғанына қарамастан, артық салмақ пен теңгерімсіз тамақтану мәселесі өзекті болып қалып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мониторинг деректері бойынша:
• респонденттердің 50%-дан астамы фастфуд пен газдалған сусындарды тұрақты түрде тұтынады;
• балалардың тек 23,2%-ы ғана күнделікті рационына жеткілікті мөлшерде көкөністер мен жемістерді енгізеді;
• сонымен қатар, оқушылардың 70,5%-ы өздерінің тамақтану әдеттерін дұрыс бағытта өзгертуге дайын.
Бүгінгі таңда балалар арасындағы семіздіктің алдын алу — қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды міндеттерінің бірі. Балалық шақтағы артық салмақ ересек жаста қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары, зат алмасу бұзылыстары және басқа да созылмалы аурулардың даму қаупін арттырады.
Дұрыс тамақтану дағдыларының қалыптасуы отбасында басталып, білім беру ортасында жалғасады. Сондықтан төмендегілерді қамтамасыз ету ерекше маңызды:
— балаларды дұрыс әрі теңгерімді тамақпен қамтамасыз ету;
— тәтті газдалған сусындар мен фастфудты тұтынуды шектеу;
— оқушылардың дене белсенділігін арттыру;
— өз денсаулығына жауапты әрі саналы көзқарас мәдениетін қалыптастыру.
Балалардың өздерінің өзгерістерге дайын болуы — оң фактор. Бұл ата-аналардың, педагогтардың, медициналық қызметкерлердің және мектеп әкімшілігінің бірлескен жұмысы нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін білдіреді.
Аталған мәселе Астана қаласының білім беру ұйымдарында енгізіліп жатқан «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасын іске асырумен тікелей байланысты. Жоба балалар үшін қауіпсіз және денсаулықты сақтауға бағытталған мектеп ортасын құруға, салауатты өмір салты дағдыларын, дұрыс тамақтану мәдениетін және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған.