Астана әлемдік сән назарында

Астана әлемдік сән назарында
фото: Креаторларды қолдаудың тұрақты экожүйесі

Елордада WORLD DESIGNERS FASHION WEEK ASTANA 2026 халықаралық сән апталығы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Биыл 23-26 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін іс-шараға 40 елден 65 дизайнер, 14 халықаралық сән апталығының өкілі қатысады. Бағдарламада сән көрсетілімдері, іскерлік кездесулер, шеберлік сабақтары мен гала-шоу өтеді. Қазақстандық дизайнерлер өз топтамаларын халықаралық аудиторияға ұсынып, әлемдік сән индустриясының өкілдерімен тәжірибе алмасады.

Төрт күн бойы қазақстандық және шетелдік дизайнерлер авторлық киім топтамаларын таныстырады. Бағдарлама аясында сән көрсетілімдері, іскерлік кездесулер, шеберлік сабақтары мен сала мамандарының қатысуымен пікірталастар өтеді.

Сән апталығында қазақстандық дизайнерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға да көңіл бөлінеді. Осы мақсатта 100 отандық дизайнерге арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылады. Қатысушылар тері өңдеу, дизайнерлік сөмкелер мен сәндік аксессуарлар жасау технологияларымен танысады.

Бұған дейін Креативті индустрияларды дамыту қоры мен WORLD DESIGNERS FASHION WEEK ASTANA 2026 ұйымдастырушылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Келісім аясында дизайнерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және халықаралық әріптестікті дамыту көзделген.

Халықаралық сән апталығы қазақстандық дизайнерлерге киім топтамаларын шетелдік мамандарға таныстыруға, тәжірибе алмасуға және отандық брендтерді халықаралық нарыққа ілгерілету үшін іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Өтетін орны: Астана қаласы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік даңғылы, 57.