Арқауы – Алаш

Арқауы – Алаш

Ол туралы аты мен атағы зор академиктер, көрнекті қаламгерлер жазды. «Тағылым тұтқасы» атты кітапта топтастырылған сол мақалаларда адами келбеті мен шығармашылық портреті сайрап тұр. Біздің қаламымызға ілігетін ештеңе қалмағандай. Әйтсе де, ілгеріде Қамзабектің елге белгілі бір перзенті, министр, Парламент депутаты болған Дархан Мыңбай жайлы жазған едік. Еншімізге енді оның туған бауыры туралы жазу тиіп отыр. Иә, қателескен жоқсыз­дар, сөзіміз академиктерден тәлім алып, өзі де академик дәрежесіне жеткен, алаштануда өз соқпағын салған, ғылым, білімнің білгірі, баспасөздің дүлдүлі Дихан Қамзабекұлы жайында болмақ.

АЛАШТАНУШЫ

Жұрт кейіпкерімізді ең алдымен алаштанушы ғалым ретінде жақсы біледі. Алаш арыстары ақталған жылдары ғылымға келіп, осы күндерге дейін ақтаңдақтарды ашуда қыруар іс атқарды. Ойлап қарасақ, дүниеге келгендегі алғашқы миссиясы осы болса керек. «Смағұл Сәдуақасұлының әдеби мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Докторлық диссертациясының тақырыбы – «Әдеби-тарихи процесс: ағымдар, концепциялар (ағартушылық кезең)».

Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт, Дихан Қамзабекұлы Смағұл Сәдуақасұлының мұрасын бүге-шігесіне дейін зерттеп қана қоймай, бар болғаны 33 жасында қыршынынан қиылған арыс мәйі­тінің күлін Мәскеудегі Дон зиратынан Астанаға әкеліп, жер қойнына тапсыру бастамасын көтерген ғалымдар тобының белсенді мүшесі болды. Бұл мәселеде смағұлтанушы, тіпті осы топтың алдында жүрді десек, артық айтқандай болмайды. Мәселен, осыдан тура 15 жыл бұрын қақаған қаңтарда Астана әуежайына қайраткер мәйітінің күлі жеткізілді. Оның басы-қасында Дихан Қамзабекұлы жүрді. Жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, сондай-ақ желтоқсан айында Алаш автономиясы құрылған күні Смағұл Сәдуақасұлының күлі, Кенесары сарбаздары жерленген елорданың «Қараөткел» зиратында мұсылманшылық дәстүрмен арманда кеткен арыстардың рухына құран бағышталады. Соның басынан Дихан Қамзабекұлы үнемі  табылады.

Ғалым бір тұлғаны ғана емес, жалпы алғанда, алаш­тықтардың ел үшін атқар­ған зор еңбегін жұрт­қа паш етіп келе жатыр. Бұл «Алаш және әдебиет», «Алаштың рухани тұғыры», «Түркістан алқасы», «Жәдитшілдік және Алаш: түсіндірме сөздік», «Алаш арқауы», «Түркі алқасы», «Алаш – темірқазық» атты монографияларының атауларынан-ақ көрінеді. Мұның сыртында Смағұл Сәдуақасұлының мұрасымен қоса, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Хайретдин Болғанбай, т.б. Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жинақтап, академиялық тұрғыдан зерделеп шығарды.

ТІЛЕУБЕК АҚСАҚАЛҒА ТӘЛІМГЕРЛІК

Алаштықтарды өзі зерттеп қана қоймай, басқаларға да бағыт-бағдар бере білді. Осы Астанада тұрған, бізге жақсы аға болған ұлағатты ұстаз Тілеу­бек Ысқақов өзінен тура 20 жас кіші Дихан Қамзабекұлының тікелей бағыттауымен алаштануға келді. Бұл тұрғыдан сексеннің сеңгіріне жақындап, өмірден өткен Тілеубек ақсақал ғалым інісіне шәкірт болды деп айтуға болады. Оған Дихан Қамзабекұлы құрастырған «Хайретдин Болғанбаев. Шығармалары. Тағылымы» кітабы түрткі болды.

Аты аталған Алаш қайраткерінің есімі мен еңбегін ұстаз ағамызға осы кітапты құрастырушы танытты. Бұл туралы Тілеубек Ысқақов кезінде «Қырандай желге қарсы қаңтарда ұшқан» атты мақаласында жазды. Атап өтерлігі, Хайретдин Болғанбаев та, Тілеубек ақсақал да Қорғалжын өлкесінен шықты. Алайда құрсаулы, бәрі бүркеулі заманда Алаш арысының атын атауға, еңбегін насихаттауға тыйым салынды. Сондықтан жұрт ол туралы білмей келді. Тілеубек Ысқақов жоғарыда аталған мақалада «Ғалым ініміз: «...Осы жұрт Хайретдин Болғанбаевты біле ме екен?» деп сұрақты төтесінен бір-ақ қойыпты... Ал мен білмеппін-ау, білмеппін... Өз Қорғалжыны анық біле білмеген есімді ел есіне жеткізген ғалым ініміз Дихан Қамзабекұлына деген алғысымыз шексіз» деп жазды.

Тілеубек аға өмірден өтерінен бір жыл бұрын «Жүйрік аттай жүйткиді жылдар ағып» атты кітабын шығарып үлгерді. Сонда да: «Дихан Қамзабекұлымен күні бүгінге шейін тығыз шығармашылық қарым-қатынастамыз. Ол кісінің тікелей ұсынысымен Алаш қозғалысының айтулы қайраткері, қорғалжындық Хайретдин Болғанбаев өмірі мен шығармашылығын зерделей бастадым. Бірқатар мақалалар өмірге келді» деген жолдар бар.

Алаштың тағы бір айтулы қайраткері – Қошке Кемеңгерұлы. Дихан Қамзабекұлының қошкетануға да қосқан үлесі зор. Қазақ кәсіби театры Қошкенің «Алтын сақина» пьесасынан басталады. Ғалым «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы бірнеше нөміріне сүйе­ніп, мұны осыдан 30 жылдай бұрын шыққан «Руханият» атты кітабында көрсетті. Бірақ мұны әлі күнге дейін мойындамайтындар бар.

Қазақ театрының биылғы 100 жылдығына орай өзіміз өткен қыста «Қазақ театры күні болса...» атты мақала жазып, нақты 13 қаңтарды ұсынғанбыз. Ойымызды әлеуметтік желіге жариялағанымызда ­Дихан Қамзабекұлы үнсіз қалмай, қолдау танытты. Соған қуанып қалдық. Ғалымның пікірін қаз-қалпында келтірейік.

Дихан Қамзабекұлы: «Тарихты бұрмалау, «өтірікке» өтірік сену – ғалымның, сауатты адамның ісі емес. 1926 жыл 13 қаңтар – мемлекеттік ұлт театры Қызылордада «Алтын сақинамен» (Қ.Кемеңгерұлы) ресми ашылды. 1926 жыл 27 қаңтар – сол театрда М.Әуезов­тің «Еңлік-Кебегі» қойылды. 14 күннен кейін. Қошке 1937 жылы Алаш қайраткері ретінде атылып кетті. Мұқаң Алматы түрмесінде 2 жылдай отырып, кешірім сұрап шықты. Әрине, саяси жаламен атылған адамды совет тарихы жазбайды. Сөйтіп, театртанушылар біле тұра бұрмалап, 1926 жылы театр ашылған күнге «Еңлік-Кебекті» апарып қойды. «Театр ашылған күннің екінші жартысында «Еңлік-Кебек» қойылды» деп өтірік жаза салды. Қазақ «Бір тойда екі жар-жар болмайды» дейді...» Бұл бұлтартпайтын дерек деп есептейміз.

АКАДЕМИК ЖӘНЕ АСТАНА

Дихан Қамзабекұлы орда бұзар отыз жасында Қазақстан Журналистер одағының Сұлтанбек Қожанұлы атындағы сыйлығының иегері атанды. Дәл сол жылы әлі астана атана қоймаған Ақмолаға көшіп келді. Сол уақытта енді ашылған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Амангелді Құсайынов­тың арнайы шақыруымен келіп, «Қазақ әдебиеті» кафедрасы­ның тізгінін қолына алды. Арасында қазіргі Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің тіл және әдебиет кафедрасын үш жылдай басқарып, Еуразия университетіне қайтып келді. Осы жоғары оқу орнының Гуманитарлық институты мен «Алаш» мәдениет және рухани институтының директоры, ұзақ жыл проректор болды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне биыл 30 жыл толып отырса, соның қалыптасуына Дихан Қамзабекұлының қосқан үлесі зор.

Дихан Қамзабекұлы және Астана. Бұл – бөлек жазуға сұранып тұрған тақырып. Жоғарыда жазғанымыздай, елордаға әлі астана болмай тұрғанда келді. Осындағы еңбегін бізден артық білетін журналистикадағы ұстазымыз, «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырханға сөз берейік.

«...Абыройлы, ақ жүзді азаматтың айрықша атап өтуге тұрарлық тағы бір еңбегі – оның жаңа елордамыздың мәдени-рухани келбетін қалыптастыруға аянбай атсалысқандығы. Алаш аманатына адалдық танытып, ана тіліміздің айбынын асыруға күш салды. Қазақша мектептер ашуға талпынған бастамашыл топтардың бел ортасынан табылды. Қалалық ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде отаршылдықтың оңайшылықпен кетпес белгісіндей әбден орыстанған көше атау­ларын қазақшалау­дың концепциясын жасауға қатысты. Соның арқасында Ақмешіт, Жетісу, Сығанақ, Сау­ран, Түркістан, Баянауыл, Ордабасы, Оқжетпес секілді аяулы Атамекеніміздің аса қадірлі жер-су аттары Астана төрінен орын алды... Игі идеяның арқасында Ақордалы Астанаға кең-байтақ Қазақстан көтеріле көшіп келгендей керемет күй кешудеміз» деп жазды Талғат Батыр­хан «Диханның дидары» атты мақаласында.

 Иә, бұл күнде Астана көшелері ұлттық атаулары жағынан 100 пайызға жуықтап қалды. Кейінгі жылдары орта мектептерге Алаш қайраткерлерінің есімдері берілді. Бұл жақсы үрдіс әлі жалғасып жатыр. Атап айтқанда, елордадағы орта білім беру орындары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуа­қасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, т.б. Алаш ардақтыларының аттарын иеленді. Бұл іске де Дихан ­Қамзабекұлының атсалысқанын пайымдаймыз.

Ғалым «Астана туралы бата» атты деректі фильмнің сценарийін жазды. «Жұрт» атты кітабының екінші бөлімі «Астана жұртын айналсам» аталады. Онда автор «жас астанамыз­дың еңселене түсуіне қандай қадамдар жасау қажеттігі төңірегіндегі ұтымды ой-ұсыныстарын алға тартады».  

БАСПАСӨЗ БАПКЕРІ

Алда кәсіби мерекеміз Бұқаралық ақпарат құралдары қыз­меткерлері күні келе жатыр. «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан 2 ақпанда кейін­гі жылдары Ұлттық баспасөз күні аталады. Бұл мерекенің ресми түрде бекітілеуіне үлкен үлес қосқан адам – Дихан Қамзабекұлы.

Баспасөз демекші, біздің «Астана ақшамы» газетінің кезінде тұрақты авторы болып, көсемсөздер жазды, ұлт, ұждан, ұрпақ жайында толғанды. Осы мақалалар жоғарыда аты аталған «Жұрт» кітабында жинақталып, жарық көрді.

Бүгіндері Дихан Қамзабекұлы бірнеше басылымды біріктіріп отырған «Қазақ газеттері» серіктестігін басқарып отыр. Осы қызметке тағайындалғанында кейбіреулер «ғалымға газеттердің тізгінін неге беріп қойды?» деп өздерінше пікір айтты. Біздіңше, бұл дұрыс шешім болды. Бұл серіктестік құрамында ел басылымы саналатын «Egemen Qazaqstan» газеті бар. Ал бұл басылымды «Еңбекші қазақ» кезінде Смағұл Сәдуақасұлы басқарды. Сондықтан смағұлтанушының осы қызметке келгені заңды да, жарасымды.

Үлкен қызметте жүргенмен, жазуды тоқтатпады. Ертең Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Байып» және «Елшіл жол» кітаптарының таныстырылымы өтеді. Келіңіздер. Онда да академик-қаламгердің еңбегі жайында айтыла жатар, ал біз осымен мақаламызға нүкте қояйық.

Ер Дихан туралы толғау

Есімің сенің Ер Дихан,

Баптағанға жер дихан.

Отырсаң да қай жерде

Орның сенің төр, Дихан.

Алпысқа келіп қалыпсың,

Соңымнан менің Ер Дихан.

Бәйтерек болып ұлтыма

Жемісіңді бер Дихан.

 

Болған соң Дихан есімің

Мақтасам сені несі мін?!

Ақпараттардың бетінде

Айтылсын тура кесімің.

Амандық тілеп еліңе

Адалдық болсын шешімің.

 

...Баладай адал пішінде

Сақталып бойда күшің де

Тілегіңдей халқыңның –

Алдыңнан тусын жарқын күн.

...Мызғымас мәңгі тұрағы

Бүгінгі заман ұраны –

Тазалық болсын ісіңде!

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ