Медицина қызметкерлері күніне байланысты №6 емханада Алматы ауданы «Елорда» халықтық қоры мерекелік концерт өткізді. Айтулы мерекеге орай ақ халатты абзал жандарды қуантуға асыққан ардагерлер әннен шашу шашты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

- Бұл күн елеусіз қалмауы керек. Ардагерлер ақылдаса отырып, медицина қызметкерлерін қуантқымыз келді. Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің құрамында отызға тарта адам бар. Сол замандастарымыз өнерлерін ортаға салды. Ән шырқалды, би биленді. Осы өнеріміз арқылы ақ халатты абзал жандардың көңілдерін көтеруге тырыстық. Шарамыз жаман болмағанға ұқсайды. Дәрігерлер ризашылықтарын білдірді, -деді Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің төрғасы Марат Мұстафин.

Айта кету керек, «Елорда» халықтық қоры жиырма жылдан бері жасап келеді. - Жақсылық жасауға бейім тұратын қорға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ақсақалдар жиналып, әріптестерімнің көңілін көтерді. Шын жүректен ризашылығымызды білдіремін. Осы сәтті пайдалана отырып, әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын!, -деді қалалық мәслихаттың депутаты, №6 емхананың бас дәрігері Динара Байсеркина.
Ақсақалдар ұйымдастырған мерекелік шараны жүзге тарта адам тамашалады.