Әке - отбасының тірегі

Әке - отбасының тірегі
фото: Василий Крась

Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» Отбасы институтын қолдау орталығында Әкелер күніне орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Әкелер күні – отбасы құндылықтарын нығайтуға, әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған айтулы мереке. Қоғамдағы әке мәртебесін көтеру, берік отбасын құрудағы және жас ұрпаққа өнегелі тәрбие берудегі әке орнының ерекше екенін дәріптеу мақсатында өткен бұл іс-шараға қоғам белсенділері, отбасы институтын қолдаушылар, үлгілі әкелер, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» Отбасы институтын қолдау орталығының қызметкерлері қатысты. 

Сценарист, театртанушы, ақын Қуат Мұратұлы «Қазіргі қоғамдағы әкенің беделі және отбасындағы орны» тақырыбында баяндама жасап, әкенің отбасындағы рөлін нығайту мәселесіне тоқталды. Спикер қазақ қоғамында әкенің абыройы мен беделі әрдайым жоғары болғанын атап өтіп, оны қайта жаңғырту үшін ұлттық тәрбиенің озық үлгілеріне сүйену қажеттігін айтты.

– Бұрын қазақ отбасында «Әкең біледі», «Әкең келе жатыр», «Әкеңнен рұқсат сұра» деген сөздер баланың санасына әкенің жауапкершілігі мен беделін сіңіріп отырды. Бүгінде де әкенің отбасындағы орнын көтеру үшін осы тәрбиелік ұстанымдарды заман талабына сай жалғастыру маңызды. Әке – отбасының тірегі, бағыт-бағдар беруші тұлға. Сондықтан қоғамда әкеге деген құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беру қажет, – деді Қуат Мұратұлы.

«Отбасылық құндылықтар және әке жауапкершілігінің маңызы» тақырыбында сөз сөйлеген Қадыр Мырза Әли атындағы Binom мектебі әкелер одағының төрағасы Берікхан Нұрғалиев әкенің отбасының асыраушысы ғана емес, бала тәрбиесіндегі басты тұлғалардың бірі екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, ұлттық құндылқтарды ұлықтайтын, ұлттық тәлім-тәрбиеге терең тамыр жіберген әкенің қамқорлығы мен тәлім-тәрбиесін көріп өскен бала елін, жерін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды бағалайтын азамат болып қалыптасады. Ол сөзінің соңын отбасы институтын нығайту, әке беделін арттыру және жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі деп түйіндеді.
Іс-шара аясында жиналған қауымға арналған арнайы концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерпаздар мерекелік көңіл-күй сыйласа, балалар әкелеріне алғыс айтып, жүрек сөздерін жеткізді. 

Таңсұлу АМАНГЕЛДІ, 
SDU университетінің 2-курс студенті