Індеттің алдын алуға және емдеуге барлық жағдай жасалған

0 17

Нұр-Сұлтандағы індеттің алдын алу, емдеу жұмыстарының барлығы қанағаттанарлық деңгейде. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкелік халық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Лу Чын осылай деп мәлімдеді.Коронавирусты емдеуде Қазақстан дәрігерлеріне консультациялық және практикалық қолғабыс көрсету және вирустың одан әрі таралуына жол бермеу бойынша тәжірибе алмасу мақсатында 2020 жылғы 9 сәуірде Қытай Халық Республикасынан Нұр-Сұлтанға арнайы дәрігерлер келді. Он адамнан тұратын делегация құрамында пульмонолог, реаниматолог, қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі сарапшы мамандар бар.
Баспасөз мәслихатында қытайлық дәрігерлер Қытайда індет асқынған кезде 3400-ге жуық емдеу қызметкерінің індет жұқтырып алғанын жеткізді. «Емдеу қызметкерлерінің індет жұқтыруының алдын алу үшін ең әуелі олардың індеттен қорғану тәсілдерін күшейтіп, қажетті қорғаныс бұйымдарымен қамтамасыз еттік. Індеттің алдын алуда бұл өте маңызды» деді Лу Чын.
Сондай-ақ COVID-19 індетінен сақтанудың ең тамаша тәсілі оқшаулану екенін айрықша атаған қытайлық дәрігерлер індетті емдеуде кеселді таратушыларды тез анықтау мен олармен жақын қарым-қатынаста болғандарды тізгін ұшымен оқшаулаудың індеттің өршуін тыюдағы маңызына тоқталды. «Карантин көптеген адамдардың тұрмысына қолайсыз­дық әкелетіні анық. Алайда бұл індеттен тез құтылудың жолы да карантин тәртібін сақтау екенін ұмытпағанымыз жөн. Біз келгелі 1-2 күн болса да, Нұр-Сұлтандағы жағдайдың қанағаттанарлық деңгейде екенін байқадық. Емдеу, қорғану шараларының бәрі көңіл көншітерлік. Қалада індеттің алдын алуға және емдеуге барлық жағдай жасалыпты» деді жұқпалы аурулар дәрігері Лу Шияубо.
Қытайлық дәрігерлер елімізде 15 күн болып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында дәрігерлермен дертті анықтау, коронавирус жұқтырғандарды емдеу сынды мәселелер төңірегінде тәжірибе алмасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 11 =