Індетті жеңудің басты кілті – вакцина

0 94

Әлемдік және отандық ғалымдар вакцинация қауіпті инфекциямен күресудің ең тиімді әдісі екенін дәлелдеді. Қалыпты өмірге тезірек оралудың жалғыз жолы екпе салдыру екеніне көз жетті. Осыған орай, елорда әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен «Вакцинация – Covid-19-ды жеңудің басты кілті» деген тақырыппен онлайн түрде өткен «дөңгелек үстел» отырысына қатысушылар бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – азаматтарды коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау екенін атап өтті.

Іс-шараға қаланың медициналық мекемелерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Қатысушылар елордадағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды, сондай-ақ коронавирустың таралуының алдын алу шараларын, халықты жаппай егу жұмыстарын талқылады.
Бас қала тұрғындарының вакцина алуын кеңінен қамту үшін егу пункттерінің саны 100-ге дейін арттырылғаны белгілі. Соған қоса елге ыңғайлы болсын деп қаланың ең үлкен ойын-сауық орталықтарында вакцинация пункттері ашылды. Қазіргі уақытта олардың әрқайсысы күніне 250-300 адамға дейін вакцина салып отыр. Көп ұзамай бұл жұмыстар жемісін бере бастады. Сәуір айының басынан бері 100 мыңнан астам адам екпе салдырды. Бастапқыда жұртшылық вакцинацияға қауіппен қарады. Бірақ екпе алмау денсаулыққа қауіпті екендігін түсінгеннен кейін вакцина салдыратындардың саны көбейді. Қазір халықтың екпеге қатысты күдігі мен үрейі басылды. Денсаулығына жауапкершілікпен қарайтындар қатары артты.
– Қауіпті дерттен келетін басқа қиындықтарға жол бергеннен гөрі вакцина салдырған жөн. Мемлекет басшысы да коронавируспен күрестегі жалғыз сенімді шешім вакцинация екенін айтқаны есімізде. Бұл локдаундардан шығу стратегиясын алдын ала ойластырған елдердің мысалымен дәлелденді. Қазір олардың экономикасы мен азаматтарының күнделікті өмірінде пандемия кезінде болатын қиындықтар аса сезілмейді. Халықты вакцинациялау коронавирустық инфекциямен күрестегі маңызды кезең болып саналады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін біз 650 мыңнан астам адамды немесе қала халқының 60%-ын вакцинациялауымыз керек. Біздің алдымызда осындай ортақ міндет тұр. Сондықтан мамандардың еңбегін бағалап, кеңестері мен ұсыныстарына құлақ асқан жөн. Қазір азаматтық қоғамның вакцинация мәселесіндегі белсенділігі аса маңызды. Олар елордамызда болып жатқан әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуден шет қалмауы тиіс» деді Б.Мәкен.

Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінде елордалық дәрігерлер мен медицинаның өзге де қызметкерлері екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Коронавируспен күреске 4 мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылды. Ақ халатты мамандар бір жылдан астам уақыт дамылсыз жұмыс істеп келеді. Б.Мәкен жиынға қатысушыларды дертке қарсы вакцинацияның маңыздылығын азаматтарға түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарында белсенділік танытуға, осылайша медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, көмек беруге шақырды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ­Тимур Мұратовтың айтуынша, вакцинаны 60 және одан жоғары жастағы адамдар жиі салдырады. Қазақстандық QazVac екпесімен вакцинациялаудың алғашқы екі күнінде 400-ден астам адам егілген. Бас дәрігер екпе алудағы оң үрдіс пен халықтың өзіне және айналасындағылардың денсаулығына деген жауапкершілігі артып келе жатқанын атап өтті.Парламент Мәжілісі V шақырылымының депутаты Надежда Петухова: – Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығып, коронавирусқа шалдыққандар 2020 жылдың шілдесіне қарағанда үш есе көбейіп отыр. Бүгінде жансақтау бөлімдерінде ауыр жағдайдағы науқастар саны артқан. Жаппай иммундаудың арқасында Қазақстанда 20 жылдан бері полиомиелит, дифтерия, сіреспе секілді ауру түрлері жоқ әрі гепатит көрсеткіші айтарлықтай төмен болды.
Вакцинациялауға мүмкіндігі жоқ кейбір елдер халқы екпе салдыра алмағанына наразылық білдіріп, митингілерге шығып жатыр. Осы ретте Қазақстанның өз халқына екпе салуға қауқарлы болып отырғаны қуантады. Вакцинация – коронавирустан қорғанудың жалғыз сенімді, қауіпсіз және тиімді әдісі. Әрине, қазір көп адамның санасында екпеге қатысты қорқыныш бар, ел ішінде шындыққа жанаспайтын түрлі әңгімелер де айтылып жүр. Бірақ екпеден қорқудың қажеті жоқ. Себебі вакцинациядан кейінгі стресс індетпен ауырғаннан гөрі оңайырақ. Қазір ауру кең таралып келе жатқан кезде адам шығыны да артуы мүмкін. Ал одан сақтанудың ең басты және сенімді жолы – вакцинация. Мемлекет соған барлық жағдайды жасады: екпе тегін салынады, қолжетімді, әр емханада, сауда орындарында жүргізіледі.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин: – Қазақстандықтар қабылдайтын вакциналардың қауіпсіздігі мен жоғары тиімділігі туралы айтар болсақ, былтыр коронавирусқа қарсы екпенің бастапқы сынақтарына ерікті түрде қатысып, вакцина алдым. Қаладағы қоғамдық орындарда екпе пункттерінің ашылуын өте дұрыс шешім болды. Қазақстан халқы бір ізбен жүріп, вакцина қабылдаса, қазіргі пандемия жағдайында да денсаулығымызды сақтауға болады. Әріптестерімен бірге Мәскеуде профессор Гинцбург басқаратын Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығына барған кезде «Спутник V» вакцинасының бүкіл тізбегі мен даму механизмі көрсетілді. Сонда олар бұл вакцина сонау кеңес дәуірінде жасалған ең сәтті әзірлемелердің бірі екеніне көз жеткізіпті.
Коронавирустың қандай қауіпті ауру екенін жақсы білеміз. Бүгінде бұл дертті еңсерудегі тәсілдердің ішінде вакцинациядан басқа баламасы жоқ. Құрметті қала тұрғындары, дәрігерлер, әріптестеріңіз ретінде, елорда тұрғыны ретінде вакцинациядан қорықпауға шақырамын. Қорықсаңыз, вируспен ауырып қалудан ғана қорқыңыз. Себебі індеттің салдарынан адамдарға тіпті психикалық ауытқушылыққа ұшырауына байланысты да емделуге тура келеді. Мен өзім былтыр күзде ең алғаш болып екпе алдым және отбасымдағы барлық жан, 20 жасар немере қызыма дейін екпе салдырды. Вакцина салдырғаннан кейін 8 ай өткесін барып тексерілгенімде бойымда антидене мөлшері әлі де көп екеніне көз жеткіздім. Сондықтан еш қорықпаңыздар. Вакцина салдырмауға жалғыз қарсы көрсетілім бар, бұл – аллергияның ең ауыр түрі. Басқа бірде бір созылмалы ауру немесе өзге де көрсетілімдер екпе алуға кедергі болмайды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Көпбейінді медициналық орталық» ШЖҚ МКК директорының орынбасары Сәуле Атығаева:
– 15 ай бойы коронавирус госпиталінде жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде мекеме дәрігерлері бірнеше мың науқасты емдеді. Өкінішке қарай, солардың ішінде қайтыс болғандары да аз емес.
Сәуір айында індеттің өрши түскенін байқап отырмыз. Осы жылдың қаңтар айымен салыс­тырсақ, коронавирус үш-төрт есе, өлім-жітім бес есе өсті. Қаңтар айында 22 адам қайтыс болса, сәуірде бұл көрсеткіш 104 адамға жетті. Қайтыс болған туыстарының мәйітін алуға келген кісілердің қайғысын көру біз үшін өте ауыр. «Вакцина неге ертерек пайда болған жоқ?», «Ата-анамызды неге вакцинациялай алмадық, қазір оларды жерлеудің орнына бір дастарқан басында отырар едік» деген сөздерді жиі естиміз. Біле білсек, әр науқасты емдеу өте қымбат тұрады. Көп талдау жасалады. Себебі бұл вирус бұрынғы індеттерге ұқсамайды. Ол өкпе, жүрек, ұйқы безі секілді ағзаларға кері әсер етеді. Пациенттердің көбінде коронавирустық инфекция жұқтырғаннан кейін қант диабеті де анықталып жатады, вирус ми, бүйрек, қан тамырлары секілді өмірлік маңызды органдардың бәріне әсер етеді. Емдеу тиімді болып, науқас дертті жеңіп шыққанның өзінде оның салдары дұрыс боларына кепілдік жоқ. Себебі постковидті синдром бойынша дерт үш апта, бір ай немесе одан да көп уақыт өткеннен кейін асқынуы мүмкін. Жүрек, ми, бүйрек, бауыр қатты зақымданып, науқастың өмір бойы мүгедек болып қалу қаупі бар.
Осындай жағдайда ең дұрысы – вакцина салдырып, иммунитетті күшейту. Бұл сөзімді 30 жылға жуық тәжірибесі бар жұқпалы аурулар дәрігері ретінде айтып отырмын. Мен 1994-1995 жылдары дифтерияның өршігенін көрдім, сонда талай жақындарымыздан айрылдық. Ол кезеңдегі індетті де вакцинация арқылы жеңіп шықтық. Соған қоса қызылшаның өршіген кезіне де куә болдық, әсіресе балаларға вакцинация болмаған жылдары үлкен қиындыққа тап болдық. Сол себепті жағдайды толық салыстыра аламын.

Қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры Анна Цепке:
– Қалалық фтизиопульмонология орталығы 2020 жылы коронавирус жұқтырған пациенттерді қабылдаған алғашқы клиника болды. Індет басталғанда ең бірінші болып науқастарды қабылдадық. Оларды емдейтін жалғыз мекеме болып қаламыз деп ойлаған едік. Бірақ өткен жылы жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Төсек орын жетпей, емдеу орындарына жүктеме түсті, ауыр жағдайдағы науқастар да өте көп болды. Былтырғы жаз медицина қызметкерлері үшін, жалпы денсау­лық сақтау жүйесі үшін ең қиын кезең болды. Бүгінгі таңда ауру одан да көп. Бірақ инфекцияға қарсы вакцинаның шығарылуы үлкен көмегін тигізбек. Вакцинация бізге тығырықтан шығатын жол көрсетіп, алдағы күнге үміт сыйлады. Түптеп келгенде, бұл жұмыс өз нәтижесін беріп, адам өмірін сақтап қалатынына сенімдімін. Оның айтуынша, қазір қалада коронавирус вакцинасын тез, ыңғайлы алу үшін барлық жағдай жасалған.
Елорда эпидемологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 10 наурыздан бері «қызыл аймақтан» әлі ауысқан жоқ. Қаланың инфекциялық стационарларында төсек-орын жүктемесі 58%-ды құрайды. Күніне коронавирустық инфекция жұқтырған 300-600 науқастан тіркеледі. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылдың шілдесінде бұл цифр 180-200 адам болатын. Дертті анықтауға арналған тест сынақтарының да көп жүргізілуі тұрғындар арасында короновируспен ауырғандарды анықтауды едәуір арттырды. Мұның пайдасы – емдеуді уақытылы бастап, емді дер кезінде тағайындауға мүмкіндік беретіндігі. Мамандар вирус жұқтырған науқастарды тұрақты бақылауға алған. Дегенмен әркім өзі үшін сақтық жасауды ұмытпағаны абзал. Сондықтан дәрігерлер адам көп жиналатын жерлерге бармау­ға, санитарлық нормалар мен карантиндік талаптарды сақтауға шақырады.Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Құрметті замандастар!

Отандық «QazVac» вакцинасының бірінші компонентін салдырдым. Қазір жағдайым жақсы, ешқандай ауырсыну сезімі болған жоқ. Отандық өндірушілерді Қазақстан ғылымына әкелген үлкен жетістіктерімен құттықтаймын! Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды COVID-19-ға қарсы вакцина алуға шақырады. Өзі мен туыстарын және жақындарын ойлаған барлық азамат екпе алуы керек. Қандай екпені салдырғаныңыз маңызды емес. Бастысы, елімізде халықты иммундауға рұқсат етілген вакциналардың барлығы тиімділігі мен қауіпсіздігі жағынан толық тексеруден өтетінін білсеңіздер болды.
Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың қоймаларында 1,2 миллионнан астам вакцина бар. Халықты жаппай иммундау үшін еліміздің барлық емханалары мен ірі сауда орталықтарында 1400 вакцинация пункті ашылды, оның ішінде 300 жылжымалы пункт бар. 11 мыңнан астам медицина қызметкері вакцинация жүргізуге тартылды. Бүгінгі таңда вакцинация – шектеу шараларына және әлемде жалғасып жатқан індетпен күресудің жалғыз баламасы екенін есте ұстаған жөн. Баршаңызға зор денсаулық пен мықты иммунитет тілеймін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + one =