Індетті қалай ауыздықтаймыз?

0 70

Әлемді жайлаған «Ухань обасын» бұл күнде жер шарының 15 миллионға жуық тұрғыны жұқтырып, 615 мың адам осы індеттен опат болды. 8 миллионнан артық адам дертінен сауығып шыққанмен, індет әлі ырық бермей тұр. Керісінше, кейбір елдерде өршіп барады. COVID кеулеп кеткен елдердің қатарында Қазақстан да бар. Індет жұқтырған алғашқы адам тіркелген 13 наурыздан бері елімізде 75 мың адам індет жұқтырып, 585 адам бақилық болды. Бұған пневмониямен ауырған және одан қайтыс болғандарды қоссақ, Қазақстан індет жұқтырғандардың саны жағынан әлемдегі 20 елдің қатарына енеді.

Дүниені діңкелеткен дерттің елімізде бұлайша кең жайылуының бірқатар себептері бар. Бұған індеттен сақтану, оның алдын алу шараларының айтарлықтай жүргізілмеуі, әсіресе, Денсаулық сақтау министрлігінің індеттің алдын алуға дайын болмауы басты себеп болса, екінші жақтан халықтың бейқамдығы да дерттің дендеп кетуіне кең жол ашты. Әрине, бүкіл әлемді әлекке салған індеттің ерте ме, кеш пе, елімізді де ілмегіне іліндіретіні анық еді. Бірақ ол дәл қазіргідей өршіп кетеді деп ешкім де ойлаған жоқ. Себебі Қазақстанда жер кең, халық аз, індет қатты өршіген елдермен салыстырғанда, біздің елде халықтың орналасуы тым тығыз емес. Емдеу-денсаулық сақтау саласы да індеттің бетін қайтаруға қауқарлы деп сендік. Өкінерлігі, елдің денсаулық сақтау саласын да жемқорлық жайлағаны сондай, халық басында беттұмша таппай тарықса, кейін сырқат жандарына батқанда дәрі таппай, емхана, жасанды тыныс алдыру аппараттары жетіспей қиналды. Қылар қайран қалмағанда, халық өздігінен ұйымдасып, ақша жинап, шетелден жасанды жолмен тыныс алу аппарат­тарын алғызып, оны емдеу орындарына таратып беруге мәжбүр болды. Ал бәрін бақылап отырған билік індетпен күресу үшін денсаулық сақтау саласына бөлген қаржысының қайда жұмсалғанын анықтай алмай әлек. Ал Қытайда «індет тарады» деген сыбыс шыққанда-ақ бейқамдыққа салынбай етек-жеңін жиып, сақтыққа көшкен елдерде індет жұқтырған және одан қайтыс болғандар саны тым аз тіркелді. Мұның мысалы ретінде Моңғолия, Вьетнам, Тайвань, Сингапур, Солтүстік Кореяны атауға болады. Әрине, «Қытайда індет тарады» деген кезде-ақ шекарасын жауып, халқын сыртқа аттап бастырмай қойған жабық ел – Солтүстік Кореяның жағдайы түсінікті. Ал қалған 4 ел қандай шара қолданып індеттің алдын алды? Енді осыған да қысқаша талдау жасап көрейік.

Вьетнам: елден бұрын ескерді

Вьетнамда 97 миллион халық бар. Жер көлемі жағы­нан әлем бойынша 64-орында тұратын бұл елде халық Қазақстаннан әлдеқайда тығыз орналасқан. Бұл елде індет жұқтыру жағдайы 23 қаңтарда тіркелді. Қазірге дейін 384 адам індет жұқтырып, 267 адам сауығып шық­­ты. Қайтыс болған адам жоқ.
«Халқы тығыз орна­ласқан осы елде дүниені дің­ке­леткен дерттің тез азаюы – таңғаларлық жайт» деп австра­лия­лық жұқ­палы аурулар маманы Майк Тул айтқандай, Вьетнамның бұл жетістігі қазір бүкіл әлемнің назарын аударды.
2003 жылғы SARS індеті­нің таралуынан үлкен тә­жірибе жинаған Вьетнамның індетті доғарудағы басты тәсіліне келсек, бұл ел Уханьда індет тарала бастағанда оның өте қатерлі екенін, егер бұл дерт Вьетнамға тарап кетсе, елдің денсаулық сақтау саласы оны тоқтатуға қауқарсыз екенін айтып, халықты ерте сақтыққа шақырды. Сонымен қатар, ауру белгілері байқала қалса, дереу тексерілу, төңірегіндегі адамдарға жұқтырудан абай болу жөнінде үгіт-насихатты күшейтіп, көптеген адамды оқшаулады. Індет жұқтырғандарды ерте анықтап, айналасындағы адамдарды ерте оқшаулауы ел ішіндегі таралу мөлшерін азайтса, індет байқала салысымен халықаралық рейстерді тоқ­татуы шетелден «импортталатын» індеттің жолын кесті. Ең маңыздысы, Вьетнам Қытайда індет тарала бастағанда-ақ оны анықтайтын оңай әдістерді іздей бастады. Нәтижесінде АҚШ-тың өзінде COVID-ті анықтаудың бірде-бір құралы жоқ кезде, Вьетнамда індет жұқтырғандарды анықтаудың 3 түрлі құралы дайындалып қойған. Оның бағасы да өте арзан. Барлық адамға қолжетімді. Зертханалар санын да көбейтті. Мәселен, қаңтар айында бұл елде COVID-ті тез анықтайтын 3 зертхана болса, сәуір айында оның саны 112-ге жеткен. Сонымен қатар, «үйде болу» отаншылдық ретінде дәріптеліп, көшелерде антисептиктер тегін таралған. Беттұмша тақпай сыртқа шыққандар қатаң жазаланған. Бар болғаны осы, әдіс-тәсілі қарапайым, бірақ өнімі көрнекті.Моңғолия: карантинге еті ерте үйренген

Індет жұқтырған адам аз тіркелген, індеттен бірде-бір өлім-жітім жағдайы тіркелмеген елдің бірі – Моңғолия. Қытаймен көршілес отырған бұл ел де ерте сақтық шараларын жасады. Қаңтар айынан бастап шекарадан кіріп-шыққандарды хан демей, қара демей қатаң тексерді. Елде бірде-бір індет жағдайы тіркелмеген кездің өзінде Қытайға сапарлап барып келген өз президенттерін 14 күнге карантинге жапқаны – соның айғағы. Мұнан да маңыздысы, Моңғолия халқының карантинге еті үйренген. Билік «карантин жарияланды, санитарлық талап сақталсын» деген бұйрық берсе, халқы биліктің айтқанына бағынып, сақтыққа көшеді. Себебі бұл ел – жұқпалы аурулар көп тіркелген елдің бірі. Әсіресе, кеміргіштерден жұғатын «бубон обасы» бұл елді дүркін-дүркін әуреге салып тұрады. Бұл обамен ауырған адамның ыстығы көтеріліп, бездері жарылады да, індет ауамен таралып, сол маңдағы ауыл-аймақ түгел қырылады. Кейбір деректерде Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары осы індетті жұқтырған суырды катапультамен дұшпанның қамалына атып қырған деген аңыз айтылады. «Бұл – бактериологиялық қару қолданудың алғашқы қарапайым да қатерлі нұсқасы» деп сөз қозғаған Моңғолиядан атажұртқа оралған журналист Асылбек Байтанұлы Моңғолияның коронавирустан тиянақты қорғануына «бубон обасының» «пайдасы» тигенін айтады. Моңғолияда әр аймақ орталығында обаға қарсы станса мекемесі құрылған. Оба белгісі сезіле салысымен сол аумақ, өлке, аймақ карантинге жабылып, қатаң тәртіпке көшіп, бағынбағандар қатал жазалады. Ауырған адам арнайы емделіп, жазылмай қаза болса, мәйіті өртеледі. Моңғолия халқының обадан қорқып бұйрыққа бағынатын осы әдеті COVID-19-дан сақтану шараларына да оң әсерін тигізді.
Жалпы, халықаралық қауымдастық Моңғолияның алдын алу шараларының өте тиімді болғанына оң бағасын беріп отыр. Дегенмен Қазақстанда індет күшейгелі моңғол ағайындардың да ұйқысы қашқан тәрізді. «Қазақ пен моңғол – бір текті халық. Азықтану, тұрмыстық дәстүріміз де жақын. Қазақстанда дендеген дерт Моңғолияны да айналып өтпейді. Сондықтан бүкіл Моңғолия халқы сақ болуы керек. Қуатты тамақ ішіп, иммунитетті көтерейік» деп қазірден бастап БАҚ арқылы үгіт-насихатты күшейтті дейді біз хабарласқан жергілікті қазақтар.

Тайвань: індет ілінбей тұрып зерттеуді бастады

Халықаралық қауымдастық «COVID-19-дан қорғануда ең өнімді тәсіл қолданған ел» деп оң бағасын беріп отырған елдің бірі – Тайвань. Тайваньның медицинасы орташа дамыған. Өткен жылдың соңында Қытайда белгісіз, өте қатерлі жұқпалы індет таралғанын, оның адамнан адамға жұғатынын, оны Қытай билігінің жасырып отырғанын айтып, әлемді сақтыққа шақырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хат жазған – осы ел. Бірақ Қытайға бүйрегі бұрылған ДСҰ бұл ескертуді елеусіз қалдырғандықтан, бүкіл әлем індеттің ілмегіне ілінді.
24 миллион халқы бар Тайваньда қазірге дейін 455 адам індет жұқтырып, бақилық болған 7 адамнан басқа індет жұқтырғандардың барлығы сауығып, емханадан шықты. Тайвань өткен жылдың қараша, желтоқсан айынан бастап Қытайдан келген жолаушылардың денсаулығын тексере бастаса, қаңтар айында ДСҰ-ның қарсылығына қарамай, Қытайдан келетін рейстерді тоқтатып тастады. Індет жұқтырған жағдай тіркелген күннен бастап қатаң карантин енгізді. Елінде індет таралмай тұрып медициналық сақтану бұйымдарын дайындаған бұл елде беттұмша, дәрі тапшылығы мүлде болған жоқ. Керісінше, көп елдерге дер кезінде беттұмша, дәрі-дәрмек жеткізіп, әлем халқының індетпен күресуіне елеулі үлес қосты. Беттұмша демекші, қазір денсаулық сақтау саласында қолданылып жүрген, вирустан қорғау өнімділігі 95 пайызға жететін N95 беттұмшасы осы елде жасалған.
Бұдан бөлек, Сингапур да бастапқы кезде індетті тез тоқтатты. Бұл елде қазірге дейін 50 мыңға жуық адам індет жұқтырып, 27 адам көз жұмды. Мамандар бұл елде аурудың азаю себебін алдын алу шараларын ерте бастап, халықтың қатаң карантин талаптарын сақтағанымен байланыстырады.
Моңғолия, Вьетнам елдерінің тәжірибесін қарап отырып, біздің елде індеттің дендеуіне биліктің салғырттығы, денсаулық сақтау саласының іргемізде тарап жатқан індетке қарсы 3 ай бойы тиімді сақтану шарасын жасамағаны себеп болғанын анық аңғарамыз. Халықтың биліктің айтқанына сенбеуі мен бейқамдығы да эпидемиологиялық ахуалды ушықтырып жібергені де рас. Егер біздің денсаулық сақтау саласы өз шамасын дұрыс мөлшерлеп, Вьетнам сияқты халықты сақтыққа шақырып, жұрт ертерек сақтыққа көшкенде, көп шаңырақта қазіргідей қайғылы жағдай орын алмас па еді деп ойлайсың…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 17 =