Індетті емдеу әдістемесі өзгертілді

0 59

Елімізде коронавирус жұқтырған барлық 12694 адамның 77 пайызы симптомсыз нау­қастар екені зерттеу барысында анықталды. Осыған орай, биыл 1 маусымнан бастап қауіпті дертті емдеу әдістемесі өзгертілді. Халықаралық стандартқа сай келетін әдістеме бойынша симптомсыз науқастар бұрынғыдай ауруханаларға жатқызылмай, үйлерінде карантин жағдайында дәрігерлердің бақылауымен емделетін болды.

Бұл ретте жауапкершілік жергілікті емханалардағы учаскелік дәрігерлерге жүктеледі. Олар учаске мекенжайына қарайтын тұрғындар арасынан ауру белгісі жоқ науқастарға мониторинг жүргізіп, арнайы қадағалап отырады. «Ауру белгісі жоқ болса несіне оқшаулайды?» дейтіндерге ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов симптомсыз науқастың жұқтыру жылдамдығы жоғары екенін жеткізді. Әрі коронавирус белгісі жоқтардың 30 пайызында денсаулығы күрт төмендеп кету қаупі бар.

Жаңа жұқтыру ошағы

Дәрігерлер соңғы кезде инфекцияны жұқтырудың жаңа ошағы пайда бола бастағанын айтып дабыл қағуда. Бұл жаңа ошақ – отбасылық жұқтыру орындары. Үйіндегі бала-шағасымен бірге бүтін бір әулеттің ауруды жұқтырып алу жағдайы көбейді. Күн сайын бір отбасынан инфекция жұқтырған 2-5 адам анықталуда. Олар, негізінен, отбасылық басқосулар, туған күндер, тағы да басқа шағын отырыстарды өткізу барысында жұқтырады. Ресми деректерге қарағанда, аурудың таралу көрсеткіштері төмендегені байқалады. Алайда соңғы аптада 419 жаңа жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл аз емес. Күніне ауру жұқтырған 60 адам табылады. Оның әрбір төртіншісі – скринингтік симптомдары, яғни қызу, жөтел сияқты жеңіл өзгеріс­тері бар науқастар немесе пневмониямен келетіндер.
Бүгінге дейін дертті 2379 елордалық жұқтырғаны тір­келді. Оның 10 пайызы – балалар. Төртеуі – жаңа туған сәбилер ауру жұқтырған аналардан туған. 9 астаналық қайтыс болды. 1291 адам емделіп шықты. Қазіргі таңда инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарларда 1177 нау­қас ем қабылдауда, соның 102-сі – балалар. Сонда әрбір он бірінші науқас – балалар, соның ішінде мектепке де­йінгі балалар болып отыр. Олардың бәрі балабақшаға бармайды, яғни ауруды өз отбасыларынан жұқтырған. Тіркелгендер арасында 18-59 жас аралығындағы еңбекке жарамды азаматтар көп. Бүгінде инфекциялық стационардағы 780 адамның 16-сы – жан сақтау бөлімінде жатқан жағдайлары ауыр науқастар. Соның жетеуі аса ауыр жағдайда жасанды өкпе аппаратына жалғанған. Бұлар, негізінен, дертті жақын адамдарынан жұқтырып алған, созылмалы ауруы бар 65 жастан жоғары егде кісілер.

Сенбей жүріп селк ете қалмау үшін

«Кәне, қайсы, кім ауырды? Вирус бары рас болса, менің айналамда біреудің ауырғаны белгілі болар еді ғой…» деп дерттің бар екеніне күмәнмен қарайтындар баршылық. Әлеуметтік желілерде ауласында көршілердің көбі маскасыз жүретінін сынап жазып жүргендердің сөзі соны айғақтайды. Ал қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарда есік аузында маскасызды кіргізбей бақылау орнатудың арқасында ғана кей тұрғындар сақтану керектігін есіне түсіреді. Сіз айналаңызда ауру симптомы жоқ, бірақ науқас біреудің жүрмегеніне толық сенімді емессіз. Дерт белгі бермей өзі жұқтырушы екенін білмей жүргендер күн сайын автобусқа мініп, дүкен-базар аралап жүруі де әбден мүмкін. Сондықтан елде төтенше жағдай алынып тасталғанмен, жеке сақтық шараларын орындауды ұмытпаған жөн.

Өсімнің көбеюі – зертхананың артуынан

Мамандар ауру жұқтыру өсімінің артуы зертханалар көбейіп, дертті дер кезінде анықтау тиімділігі жақсаруымен де байланыс­ты екенін айтып жүр. Коронавирус енді басталған кезде елордада ұлттық сараптама орталығында орналасқан ПЦР тест арқылы ауру анықтайтын тек 1 ғана зертхана жұмыс істеген болса, қазір сондай 7 зертхана бар. Оның екеуі – жекеменшік зертханалар. Жақында елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінде био қауіпсіз тағы бір зертхана ашылды. Ауруды өте жылдам, 3 сағатта анықтауға арналған зертханалық кешен жақсы жабдықталған және ол халықтың әлсіз топтары үшін тегін жүргізіледі. Бір күнде мыңға жуық талдау жүргізуге қабілетті. Оған қоса, өткен аптада көлік жүргізушілер мен көліктегі жолаушылар үшін бағдарлық қозғалыс кезінде көліктен түспей-ақ тексеруден өтуге мүмкіндік беретін ақылы мобильді скрининг орталығы ЭКСПО аумағынан ашылды. Қауіпсіз скринингтік тексеру аз уақыт ішінде көп адамды тексеруден өткізуге арналған тиімділікке ие. Бір адамның скринингі әрі кетсе 5 минут уақыт алады. Нәтижесі 6 сағат ішінде белгілі болады. Ал оның қорытындысы бір тәулік ішінде тест тапсырған адамның WhatsApp-ына немесе электронды поштасына жіберіледі. Орталық таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Ашылған күні-ақ елордада 4500 адам тексеруден өткізілген. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус дерті бойынша науқастарды емдеу және ­диагностикалау үшін 2145 кереует қарастырылған. Оның 1144-і – инфекциялық, 200-і – провизорлық, 81-і – карантиндік орындар.

Әлия РҮСТЕМОВА, Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бас­шысының орынбасары:

– ҚР бас санитарының №38 қаулысымен енгізілген өзгерістер бойынша ­симптомсыз науқастардың бәрін бұрын стационарға жатқызатын болсақ, қазір олар оқшаулау жағдайы бар болса, өз үйінде қалады. Ал енді оқшаулар шарттары қандай? Біріншіден, үйде нау­қасты оқшаулайтын бөлек бөлме болуы керек. Ал қасына тағы бір адаммен тұратын болса, бір бөлменің көлемі әр адамға 4 шаршы метрден келетіндей болуы тиіс. Сонымен қатар үйдегілердің барлығы профилактикалық шараларды сақтауы керек. Қолын сабынмен жиі жуып, үйді ылғалдап тазалап тұру қажет. Одан басқа, бөлмелерді күніне екі рет желдетіп, барлығы мықтап қымталған маска тағуы талап етіледі. Өздері сыртқа шықпай, үйге бөгде адам келмегені жөн. Сонымен қатар отбасындағы әр адамның ыдыс-аяғы бөлек болғаны дұрыс. Күніне екі рет қызуын тексеріп отырады. Сондай-ақ ұялы телефонына Smart Astana қосымшасын жүктеп алып, соның ішіне «үй карантиніндемін» деген бастырманы басып қояды. Карантинде жатқан кезінде телефоны үнемі қосулы және интернетке жалғанып тұруы міндеттеледі. Науқас «үй жағдайында барлық қауіпсіздік шараларын сақтаймын» деп қолхат жазып беріп, өзіне міндеттеме алады. Сол тәртіпті бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал осындай шарттарға сай жағдайы болмаса, карантиндік стационарға жатқызылады.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Елді жаппай қайта карантинге жабуға да болар еді. Бірақ қатаң карантиндік шектеулер тығырықтан шығатын жол емес. Ол пандемия таралуының бірінші кезеңінде тиімділігін берді. Яғни біз өте жылдам, бірден көтерілген ауру жұқтыру өсімін осы қатаң шектеулер арқылы тоқтатып, қазіргі тұрақты өсімге қол жеткіздік. Бүгінде дерттің өсуі 5 пайызды құрайды. Сондықтан елден сұрайтынымыз өте қарапайым және түсінікті қауіпсіздік шараларын сақтасаңыздар екен. Қазір өсім 6 өңірде ерекше байқалып отыр. Көш басында Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары тұр. Шығыста жағдай жақсарып келеді. Әр өңірге әр түрлі шектеу енгіземіз. Оған бас санитар арқылы құқық берілген. Сол себепті кейбір шектеу шаралары әлі де алып тасталған жоқ. Атап айтқанда, кинотеатрлар, балаларға арналған ойын аттракциондары, түнгі клубтар, діни нысандар, сауда орталықтарындағы балаларға арналған ойын алаңдары, жазғы лагерьлер, фудкорттар жұмысы әлі іске қосылған жоқ және шетелге баруға жол жабық. Сонымен қатар спорттық, мәдени-көпшілік шаралар өткізілмейді.

Мұрат АРАПОВ, коронавирус жұқтырған науқас:

– Жасым 40-та. Елордада әскери қызметтемін. Биыл 29 мамырда қызуым көтеріліп, жөтел пайда болды. Ертеңіне «Олимпке» барып, ПЦР тест тапсырдым. Мен өзім барғандықтан тест тапсыру ақылы болды. 15 мың теңгеге шықты. Нәтижесін күтіп, үйге келіп жатсам, сол күні түнде 01.30-да телефоныма «сізден COVID анықталды» деген хабарлама келді. Дереу жедел жәрдем шақыртып, осы инфекциялық аурулар бойынша изоляторда жатқаныма 7 күн болды. Отбасымдағы қалған 5 адамды тексергенде теріс нәтиже шықты. Мен жұмыс істеген жерде 2-3 адамнан симптомы жоқ ауру анықталған еді. Менде белгі берген кезде қатты жөтелден кеудем қысылды, қақырық шықпай, бронхит секілді ауырады екен. Қазір жағдайым жақсы. Өз-өзіме келіп жатырмын. Медицина мамандары тиісті емдерін беруде. Оларға алғысым шексіз. Алла қолдарына дерт бермесін! Осындай қиын кезде науқастарға қолдарынан келгенінің бәрін жасауда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − thirteen =