Індеттен сақтандыратын ерекше қойылым

0 44

26-27 ақпан күндері «Astana Musical» театрының жаңа қойылымы көрермендерге жол тартады. Бұл жолғы спектакльдің жөні тым бөлек. «Covid-19» аталатын би перфомансы еліміздің ғана емес, әлемнің қазіргі күйіп тұрған мәселесіне арналған. Аталмыш өнер ошағының режиссер-хореографы Әнел Мырзағұлова мен театр әртісі Ақжол Өмірзақовтың туындысы би өнері арқылы пандемия жағдайындағы ел тынысын суреттеп, індеттен сақтануға шақырады.

Бейсенбі күні осы қойы­лымның алдын ала көрсетілімін тамашалап, әрі-сәрі күйге түстік. Міне, бір жылға жуықтады індетке байланыс­ты әртүрлі шектеулермен өмір сүруге мәжбүрміз. Спектакль авторлары карантин кезіндегі адамдардың ішкі ой-толғаныстарын, санадағы өзгерістерді, қоғамның кейде көңілге қонымсыз әрекеттерін беруге тырысқан.
Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы таралған ақпарат негізінде сахналанған қойылым дәрігерлердің ерлігін, науқасқа шалдыққандардың азабын, жақынынан айырылудың қайғы-қасіретін суреттейді. Би өнері арқылы берілген көріністер санаға ауыр тиеді. Сондықтан авторлар кәмелетке толмаған балалардың тамашалауын жөн көрмейді.
Бастысы, қойылым негізіне қоғамдағы шындық алынған. Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді деген ақпарат тарады. Өткен жазда індеттің кесірінен әртүрлі саладағы қаншама тұлғаларымыздан айырылдық. Би қимылдары арқылы соның бәрі көрініс тапқан. Ерлі-зайыптылардың мамыражай өміріне індет араласып, ұйып отырған отбасылардың карантин кезінде шырқы бұзылуы сияқты көріністер көрермендерді бей-жай қалдырмайды.
Қойылымды көріп отырып, көрнекті композитор, талай тамаша әндердің авторы Кеңес Дүйсекеевті еске түсірдік. Асыл азамат былтырғы жазда өмірден озып кетті. Спектакльді музыкамен көркемдеген Ақжол Өмірзақов белгілі композитордың «Қарағым-ай» әнін қосу арқылы бейнесін көз алдымызға әкелді. Ал биді қойған Әнел Мырзағұлова қойылым әсерлі болуы үшін небір қимылдарды ойлап тапты.
Өнер туындысының бір табысы нақты өмірді суреттеуінде болып отыр. Індеттен әйтеуір құтылармыз, бірақ осы қойылым бір кезде осындай жағдай болғанын еске салып отырады. «Өнер, әдебиет қоғамнан тыс өмір сүрмейді» деген пікір бар. Бұл қойылым осыған көз жеткізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 13 =