«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Індетпен күресте – алғы шепте

0 14

Биылғы медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында бұл салада алғаш рет «COVID-19 пандемиясының жеңімпазы» деген арнайы номинация берілді. Сол атақты жеңіп алған екі дәрігердің бірі – №3 көпсалалы қалалық аурухананың директоры Жұлдыз ДАНБАЕВА.

IMG_20220625_004803

 

Өмірінің 30 жылдан астам уақытын сүйікті жұмысы – медицина саласына арнап келе жатқан Жұлдыз Данбаева коронавируспен күресте алғашқылардың бірі болып алғы шепте жұмыс істеді. Пандемиядан бір жыл бұрын ол басқаратын мекеме 3 стационардың басын қосып, көпбейінді қалалық аурухана болып құрылған еді. Ұжым жаңа форматтағы жұмысқа енді үйреніп, қалыпқа түскен кезде пандемия басталады да, олар ковид жұқтыр­ғандарды қабылдайтын стационарға айналады. Індетпен күрес басталғанда қалада 3 мыңдай төсек-орын болса, соның жартысы, яғни 1350 төсек-орын Жұлдыз Данбаева басшылық ететін стационарларда болды. Оның ұжымы екі жылда 40 мыңдай адамды дерттен емдеп жазды, 9650 жолаушы, 420 рейсті қабылдады. Былтыр №3 ауруханада 8 мыңдай бала дүниеге келіп, соңғы жылда әйел өлімі болмады. Өткен жылы емдеу мекемесінде 2400 ота жасалды. Алғаш рет осы ауруханада коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер орталығы ашылды. Оның бастамасымен тұңғыш рет Қытайдан мамандар шақыртылып, қалада бірінші індетпен күрес бойынша модульдік зертхана жұмысы жолға қойылды. Аурухана ұжымында 1250 адам еңбек етеді, пандемия кезінде адам саны жетпей жатқанда, олар 200 еріктіні осы күреске жұмылдыра білді. Індетпен күрестегі еңбегі үшін ол былтыр Ата заң мерекесі қарсаңында «Парасат» орденімен марапатталды.

«Арпалысқа толы ауыр кезеңді бастан кешірдік. Төсек-орын жетпей, жаңа стационарлар ашуға тура келді. Дәрігерлердің өздері ауырып қалып, мамандар да жетіспей жатты. Ортамыздағы қаншама білікті дәрігерлер ажал құшып, орындары ойсырап қалды. Біртіндеп жағдай жақсарып, қазір мемлекет тарапынан жасалған індетпен күрес шаралары, карантиндік шектеулер, жаппай вакцинация күшімен дертті жеңдік. Сол жұмыстардың бәрінде де алғы шепте жүрген, коронавирус «оғына» кеу­десін тосқан медицина қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Сондықтан барша әріптестерімді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қашан да халық алдында абыройымыз артып, өз міндетімізге адал болып қала берейік!» дейді марапат иесі.

Семей облысында дүние­ге келген Жұлдыз Данбаева сол жақта медициналық институтты тәмамдаған. Қазіргі таңда 31 жылдық тәжірибелі терапевт. Соның 20 жылында бас дәрігерлік қызмет атқарады. Елордаға Целиноград болып тұрған жылдары келіп, еңбек өтілінің көбін астанада өткізіп келеді. Салаға сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Денсау­лық саласының үздігі» медалімен марапатталған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды