Індетпен күрескен бір жыл

0 86

Бүгін – Қазақстанға коронавирус инфекциясы алғаш тараған күн. Тура бір жыл бұрын 13 наурызда еліміздің денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты растап, вирус Германиядан келген екі қазақстандықтан анықталғанын мәлімдеген еді. Содан бастап бүкіл әлеммен бірге біздің де өміріміз күрт өзгеріп, тіршілігімізге оқшаулану, қатаң карантин шаралары, маска тағу, әлеуметтік қашықтық сақтау деген тосын талаптар еніп кетті. Қоғамның барлық салаларымен қоса, адамзат құндылықтары да басқаша сипатта қарастырыла бастады. Әлем қауіпті вирустың кесірінен бір жыл ішінде 2,6 млн халқынан, соның ішінде Қазақстан 3 мыңға жуық адамынан айрылды.

Қалай басталды?

Алдымен 2019 жылы желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында бір жаман аурудың ошағы пайда болғаны туралы алып-қашпа әңгіме тарады. Артынан коронавирус деген ат берілген бұл аурудың алдын алу үшін Қазақстан былтыр бірінші айдан бастап барлық қажетті іс-шараларды жасап, дайындалды. «Әне-міне келеді», «өте тез таралады екен», «қой, қайдам, бізге жете қоймас?!», «бұл мүмкін емес қой!», «қазақтар жылқы еті мен қойдың майын жегесін жұқтырмайды екен» деген үрей мен үмітке толы даурыққан сөздер ел ішінде желдей есті. Беймәлім вирустың өзінен бұрын атағы алыстан жер жара жетіп, дүниені дүрліктіре, үрейлендіре түсті. Сөйтіп қорқа соқтап жүргенде еліміздің экс бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің вирус Қазақстанға 11-16 наурыз аралығында келеді деген болжамы шындыққа айналды. 13 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бұл індетті жұқтырған адамдар анықталып, 3 сәуірге дейін COVID-19 елдің барлық аймағына таралып үлгерді. Жаһанды жалмаған тәжтажалдан 26 наурыз күні ең бірінші қазақстандық қайтыс болды, ол елорда маңындағы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны болатын.

Қабылданған шаралар нәтижесі

15 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай 16 наурыз сағат 8:00-ден бастап 15 сәуір сағат 7:00-ге дейін созылады деп шешілді. 19 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізіліп, адамдардың бұл қалалардан шығуы мен кіруі шектелді. Ірі сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысын жалғастырды. 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды. 10 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысының нәтижесінде Қазақстандағы төтенше жағдай режимі сәуір айының аяғына дейін созу туралы шешім қабылданды. 27 сәуірде Президенттің Жарлығымен Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылды. Сосын карантин режимін біртіндеп жеңілдету туралы шешім қабылданып, соның салдарынан маусым-шілде айларында вирус елде қайта асқынды. 5 шілде мен 17 тамыз аралығындағы бір жарым айда шектеу шараларының күшейтілуі елімізде эпидахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 30 шілдеде министрлік азаматтардың бәрін маска киюге міндеттеді, бұл талапты орындамағандарға 83 мың теңге айыппұл салынды.

Салада не өзгерді?

Ең қиын кездерде ауруханаларда дәрі-дәрмек те, оттек аппараты да, төсек-орын да жетіспеді, өкпе желдеткішіне қосылғандардың тірі қалу көрсеткіші аз болды. Осы саладағы сарапшы Мақсат Мамаевтың айтуына қарағанда, індет елімізде ведомствоаралық байланыстың нашарлығын, алғашқы медициналық көмектің, эпидемиологиялық қадағалаудың, еңбек қауіпсіздігі мен медицина қызметкерлері білігінің аса маңызды екенін көрсетті. Осыған орай республикалық бюджеттен 115,4 миллиард теңге денсаулық сақтау саласына бөлінді. Бұл қаржы медицина қызметкерлерінің үстемақысына, мобильді аурухананың құрылысы мен тепловизорлар сатып алуға жұмсалған. Басты басымдық жаңа инфекциямен күрес қимылдарына, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейтуге, вирусқа қарсы вакцина жасауға және егуге, медициналық қызметтер сапасын арттыруға, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, тариф саясатын жетілдіруге және саладағы сыбайлас жемқорлықпен күреске берілді.

Алдыңғы орынға шықты

2020 жылы санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейте түсу үшін Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті құрылып, Мемлекеттік бас санитар дәрігердің мәртебесі көтерілді, өкілеттілігі артты. Жаңа талаптарға сәйкес медициналық көмектер көрсету үшін қалаларда 16 модульдік аурухана салынды және де 3 жұқпалы аурулар ауруханасы реконструкциядан өтті. Оған қосымша 63 амбулаторлық-емханалық нысан пайдалануға берілді. 64 оттегі станциясы іске қосылып, медициналық ұйымдардың қажеттілігі 3264 дана жасанды дем алдыру аппаратымен толықтай қамтамасыз етілді. 185 аудандық аурухана 100% рентгендік диагностикалық құралдармен жабдықталды. Жедел медициналық жәрдем қызметіне 1367 дана отандық автокөлік алып беріліп, жылжымалы медициналық парк жүз пайызға жаңартылды.Мазасыз маусым

1 маусымнан бастап қауіпті дертті емдеу әдістемесі өзгертілді. Халықаралық стандартқа сай келетін әдістеме бойынша симптомсыз нау­қастар бұрынғыдай ауруханаларға жатқызылмай, үйлерінде карантин жағдайында дәрігерлердің бақылауы­мен емделетін болды. Дәрігерлер мен дәрі жетіспеушілігі мәселесі осы тұста өткірлене түсті. Ауруханаларда орын жоқ, орын болса, маман тапшы, сосын жеңіл түріне шалдыққандар өз бетінше емделуге көшті. Дәріхана жағалап кеткен ел ең ақыры парацетамол таппай қиналған еді. Бұл тапшылық бөлшек-сауда желісінде қатты байқалды. Үкімет нарықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін басқа елдерден 10 млн-нан астам қаптама мен 50-ден астам атау бойынша дәрілік заттарды жеткізді. Билік басында вирус жұқтырғандардың өсуін тестің көптігімен байланыс­тырды. Бірақ кейін бұған «жұрттың сақтық шараларын сақтамауы» себеп екені айтылды. Тест тапсыра алмай және жедел жәрдем шақыра алмай жүргендердің шағымы артты.

Дәрігер мәртебесі артқан жыл

Бұл күресте дәрігерлер, медбикелер, санитарлармен қатар жедел жәрдем бригадалары, лаборанттар мен эпидемиологтардың да еңбегі орасан зор болды. Дерт асқынған кезде елімізде кереует саны 52 мыңға дейін жеткізіліп, індетпен күреске 50 мыңға жуық медицина маманы жұмылдырылды. «Қызыл аймақта» қызмет еткен медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетіліп, үшінші тәуекел тобына жататындарға 116 млрд теңге көлемінде үстемақы берілді. Сәуірде сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов індеттің өтінде жүрген медицина қызметкерлері үш топ бойынша қаржылай көмек алатынын айтты. Науқастарды емдеймін деп жүріп өздері де ауырып қалған 9 мыңнан астам медицина мамандарына Мемлекет басшысының шешімімен үстемақыға қосымша әлеуметтік төлем төленді. Биыл жыл басынан бері мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлердің жалақысы көбейді.

Ұлттық аза тұту күні

Былтырғы маусым-шілде айларында елімізде вирустан көз жұмғандар саны өте көп болды. Солардың арасында ғалым, әртіс, актер, композитор, дәрігер мен мемлекеттік қызметшілер және танымал журналистер де бар еді.
Атап айтқанда, күрестен Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров 69 жасында, журналист Жолдасбек Дуанабай 62 жаста, композитор Кеңес Дүйсекеев 74 жасқа қарағанда, жазушы, журналист Қуандық Шамахай 60 жасында дүниеден өтті. Сондай-ақ спорт комментаторы Диас Омаров 80 жасқа қараған шағында, белгілі қазақстандық дизайнер Берік Исмаилов 51 жасында, театр мен кино актері Дархан Дайырбек 50-ге жетпей осы кезеңде ажал құшты. Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздық 96 жасында дүниеден озды. Әлеуметтік желіні қазанамаға айналдырып, қара жамылған елге көңіл айтқан Президент 13 шілдені коронавирустан қайтыс болғандарға байланысты Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.Майра ШОЛПАНҚҰЛОВА, инфекционист дәрігер:

– Өткен жылы 3 мамырдан бастап жаңадан салынған қалалық модульді инфекциялық орталықта жұмыс істеп келемін. Науқастардың саны күніне 50-60 адамға жеткен кездер, дәрігерлердің өздері шетінен ауырып, пациенттерге дер кезінде көмек көрсете алмаған сәттер және кереуеттер саны жетпеген уақыттар, бәрі де басымыздан өтті. Карантин жеңілдетілгенше екі айға дейін үйімізге бармадық. Қазір ең көп дегенде күніне 20, аз дегенде 5 адамға дейін түседі. Науқастар азайғанмен, олардың көбі ауруын қатты асқындырып барып келеді. Анау-мынау ауырғанды елемей, жүре береді. Осы жағынан мұқият болсаңыздар екен.Нұрдәулет ОМАРОВ, модульді аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері:

– Жыл өте ауыр өтті, әсіресе медицина қызметкерлері үшін. Көптеген озат медицина қызметкерлері ковид жұқтырып, дүниеден өтті. Атап кететін болсақ, ҚР Бас травматологы, профессор Батпенов Нұрлан Жұмағұлұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманқұлов Сүйіндік Бөпежанұлы, профессор Рахимов Серік және т.б. көптеген медицина саласының озаттары көз жұмды. Қазіргі күнде коронавирусты жұқтырғандар санының азаймай тұрған себебі – адамдардың карантин шараларын дұрыс мән бермеуі. SARS-CoV – 2 вирусына қарсы қандай да бір спецификалық вирусқа қарсы терапия жоқ. Барлық емдеу шаралары ағзалардың өмірлік маңызды функцияларын қолдауға бағытталған. Сол себепті жаппай COVID-19 жұқпасына қарсы егуді алсақ қана жұқпаның санын азайта аламыз дегім келеді.Назира БЕЙСЕНБИЕВА, инфекционист дәрігер:

– Менің індетпен күресім былтыр қаңтар айын­да басталып кетті. 29 қаңтарда Уханьда оқитын қазақстандық 200-ден астам студент елордаға жеткізілді. Маған сол күні таңғы 4-те жұмыстан соғып, ауруханаға шақырды. Оларды қабылдауға дайындап, орналастырып, 14 күн бақылауда ұстадық. Жастардың ағзасынан вирус анықталмай, үйлеріне жібердік. Қазір ауру статистикасы былтырғы жазға қарағанда, әрине, азайды. Бірақ әріптестерім айт­қандай, асқындырып келетін науқастар көбейді. Олардың көбі – жасы егде адамдар. Сонымен қатар қазір аурудың клиникасы өзгерді. Яғни, бұрынғыдай жөтел немесе қызу белгілері болмай-ақ вирус жұғуы мүмкін. Дене температурасы көтерілмей келген науқастарды компьютерлік томографияға түсірген кезде олардың кейбірінің өкпелерінің 30-40 пайызы зақымданғанын анықтадық. Бұл, негізінен, иммунитетке байланысты болады. Кейбірінде иммунитет төмен болса, қызу көтерілмеуі мүмкін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 15 =