Індетпен күреске не кедергі?

0 10

Әлемде 115 мың медицина қызметкерін жалмаған коронавирус індетінің өршуіне бірқатар елде қажетті медицина жабдығының жетіспеуі, ақ халаттылардың қауіпті жағдайда жұмыс істеуі себеп. Осыған орай ДДҰ өкілдері вакциналау қарқынын күшейтуге шақырды. Жыл соңына дейін әр елде халықтың ең аз дегенде 30 пайызына екпе салынуы керек. Бұл ретте АҚШ, Израиль, Мальта сияқты елдер ұжымдық иммунитет қалыптастырып үлгі болса, өкінішке қарай, өркениеті дамыған Еуропаның бірқатар елдерінде екпеге қарсы наразылықтар күшейді.68 миллионға жуық тұрғыны бар Ұлыбританияда коронавирусқа қарсы вакцинаның қос компонентін де 25 миллион адам салдырған. Пандемия басталғалы бірнеше локдаундар енгізу арқылы ғана вирустың таралуымен күресіп келе жатқан Лондон тұрғындары коронавирустық шектеулер мен вакциналауға қарсылық білдіріп, ереуілге шықты. Қалада қоғамдық орындарға кіру үшін маска тағу міндеттелгені оларға ұнамаған. Ережеге бағынғысы келмегендер наразылығын тура сауда орталығының ішінде білдірген. Бұдан бөлек, мыңдаған адам наразылық шарасы ретінде Лондон көшелерімен жүріп өткен. Қатысушылар маска тақпай, әлеуметтік қашықтықты сақтамай жүрген. Ереуілге шыққандардың кейбірі «вирус жоқ» деп ұрандатып, вакцина салдыруға қарсы екендерін айтқан. Енді біреулері шектеулер алынып тасталсын деген талап қойған. Негізі 21 мамырда Ұлыбританияда карантиндік шаралар жеңілдетілуі тиіс. Бірақ жұрт арасында вирустың үндістандық штамының тез тарауына байланысты билік мұны кейінге қалдыру мүмкін деген әңгіме тараған.
Бельгия астанасы Брюссельдегі саябақтардың бірінде мыңға жуық адам наразылық акциясын ұйымдастырды. Оған Нидерланд және Германиядан келген азаматтар да қатысып, коронавирусқа қарсы шектеу шаралары мен вакциналау науқанына қарсылық білдірген. Мәліметтерге сүйенсек, адамдар шараға әдейі маска тақпай келіп, Брюссельдің еуропалық ауданына дейін жүріп өткен. Бірақ полицейлер оларды Еуропарламент алдындағы алаңға өткізбеген. Құқықтарын қорғауға келген ел тәртіп сақшыларына тас лақтырса, полиция ереуілге шыққандарға көз жасаурататын газ қолданған.
Германия екпе салдырғаны туралы жалған паспорт жасатушылармен күресті бастады. Ендігі жерде қолдан екпе құжатын жасағандар да, жасатушылар да қатаң жазаға тартылады. Олар қомақты айыппұл төлеп немесе абақтыда жазасын өтеп қана бұл кінәсінен құтылмақ. Бундесрат федералды кеңесі инфекциядан қорғайтын заңға түзетулер енгізді. Онда жасанды екпе құжатын жасап сатушылар екі жылға дейін, ал сатып алып, қолданғандар 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны ескертілген. Жалған екпе паспортын жасатуға адамның әлеуметтік желідегі фотосы пайдаланылып, ол шамамен 100 еуро көлемінде саудаға салынатыны мәлім болды. Елде қазір мұндай «өтірік» құжат жасататындар көп емес, дегенмен алдағы уақытта олардың саны көбейіп кетпес үшін саясаткерлер бірыңғай деректер базасы арқылы цифрлық паспорт енгізуді тездету керектігін айтты.
Екпе салуда ең алда келе жатқан АҚШ Президенті Джо Байден америкалық арнайы қызмет өкілдеріне коронавирус пандемиясының пайда болу себептерін анықтау­ды тапсырды. «Мен Президент болғаннан кейін бірден-ақ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшімнен коронавирустың шығу себебін талдаудың ең соңғы нәтижелерінен есеп дайындауды тапсырдым» деді елдің басшысы. Ол әсіресе, бұл дерттің екпе алған жануармен байланыста болғаннан кейін немесе зертханадағы бір жағдайларға байланысты шыққанын анықтауға назар аудартты. Ухань қаласында қытайлық зерттеушілермен бірге төрт апта болған ДДҰ тобы бұрынғы есебінде вирустың жануарлар арқылы жарқанаттардан адамдарға жұғуы мүмкін екенін айтқан. Женевадағы БҰҰ-ның америкалық миссиясының өкілі бейсенбі күні өзінің мәлімдемесінде аталған зерттеулердің бірінші кезеңіндегі қорытынды түйін «жеткіліксіз және дәлелсіз» деді. Ол зерттеулердің екінші кезеңін өткізуді қолқалап, жеделдікке, ашықтыққа және жеткілікті көлемдегі деректерді беруге шақырды.
Ғалымдардың айтуынша, коронавирустың үнділік штамы әлемде COVID-19 пандемиясымен байланыс­ты жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. B.1.617 штамы бірінші рет Үндістанның Махараштра штатында пайда болған еді. Екі есе мутацияланатын бұл штамм соңғы кездері әлемнің көп елдеріне тарап үлгерді. Оның «британдық» түріне қарағанда 80% жылдамырақ таралатынын айтқан лондондық профессор-­эпидемиолог Нил Фергюсон бұл болжамын әлі де нақтылау үшін деректер жетпей жатқанын жеткізді. Алайда ол алдағы уақытта әлемде вируспен байланысты қиындықтың бәрі осы штамнан туындайтынын болжады.
Вьетнамда коронавирустың жаңа штамы табылды. Ел билігі жаңа штамды британдық және үнділік коронавирус штамдарының буданы деп атады. Елде вирустың оңай таралып, адамнан адамға тез жұғатынын денсаулық сақтау министрі Нгуен Тхан Лонг мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – британдық және үнділік коронавирус штамдарының буданы. Елде жаңа штамның пайда болуы эпидемияға қарсы қабылданған шараларға қарамастан, ауруды жұқтыру көрсеткішінің өсуіне әсер еткен.
ДДҰ әлемдегі эпидемиялық ахуалдың осылай одан әрі асқынуын тек екпе ғана тоқтатады деп отыр. Сондықтан елдерді жаппай вакцина алуға шақыруда. Тіпті кей елдер екпе алушыларды ынталандыру жұмыстарын қолға алып жатыр. Мәселен, АҚШ коронавирусқа қарсы вакцина алғандар арасында лотерея ойнатады. Жақында Огайо штатында тұратын бір әйел 1 миллион АҚШ долларын ұтып алған. Цинциннати қаласына жақын орналасқан Сильвертонда тұратын Эбигейл Бугенске лотереяның алғашқы жеңімпазы атанса, мектеп оқушысы оқуының толық төлеміне жететін ақшаны ұтқан. Жеңімпаздың екеуі де кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталған. Лотереяға 2,7 миллионнан астам адам қатысқан. Лотерея ережесі бойынша бір екпе алған адамдардың өзі қатысушылар тізіміне автоматты түрде кіреді. Екпе алғандар арасындағы ұтыс ойыны 23 маусымға дейін апта сайын ойнатылады. Сол сияқты австралиялық «Qantas» әуе компаниясы вакцинацияланған жолаушыларға сыйақы беру мәселесін қарастырып жатыр. Тасымалдаушы екпенің екі компонентін алғандарға әдетте белгілі бір миль қашықтықты ұшып өткен жолаушыларға берілетін ұпай сыйлауды және жеңілдіктері бар билет беруді жоспарлап отыр. Осылайша, тасымалдаушы австралиялықтарды коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация­лауға ынталандырмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 4 =