Індетпен күреске дайындық баяндалды

0 18

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады.

Президентке санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері туралы баяндалды. Асқар Мамин Президентке еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ індеттің жаңа толқынына дайындық жұмыстары аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді. Мемлекет басшысына республикалық және аймақтық тұрақтандыру қорларының құрылғаны және денсаулық сақтау жүйесіне арналған 91 түрлі дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры жасақталғаны туралы айтылды. Дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау үшін дәріханалардың бөлшек сауда жүйесінде сұранысқа ие 33-тен астам препарат қоры қосымша жасақталуда. Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ПТР тест сынамаларын алу көлемін арттыру жұмыстары туралы да мәлімет берді. Оның айтуынша, зертханалар саны 124-ке дейін көбейіп, тестілеу қуаты тәулігіне 66 мыңға дейін жетті. Бұл ретте тұрғындарды тест сынамаларымен қамту 2,5 есе ұлғайтылып, ПТР тест сынамаларын алу құны төмендетілді.
Сонымен қатар өңірлердегі бизнес субъектілері­нің жұмысы біртіндеп қайта қалпына келтірілуде. Осы ретте аймақта вирус жұқтыру өсімінің тіркелмеуі, тұрақты эпидемиологиялық ахуалдың «жасыл» деңгейде болуы ескеріледі.
Президент коронавирус пандемиясының алдағы айлардағы таралуына қатысты Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының пессимистік болжамдарын ескеріп, Үкімет белгілеген жоспардың мүлтіксіз орындалуының маңызды екенін атап өтті. Карантинді күшейту жөніндегі қатаң шараларды кәсіпкерлердің мүдделерін және жалпы еліміздің экономикалық дамуын ескере отырып қабылдаған жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =