Індетпен күрес сынақ кезеңіне айналды

0 34

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында көптеген сұрақтар бүкіл әлемге қауіп төндірген – коронавирус пандемиясынан кейін еліміздің жалпы экономикалық және әлеуметтік мәселелерін жақсартуға арналған. Президент індет кезінде азаматтардың бір-біріне тілеулес болғанын, жан ашып, бірлігі жарасқан халық екенімізді атап өтті.

«Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болып, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай жағдайда бейжай қалмаған барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналғанын баса айтты. «Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткізіп жатыр. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда. Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы, азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жариялады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Денсаулық сақтау саласы мен медициналық инфрақұрылымды дамыту сұрақтарына Мемлекет басшысы аса назар аударды. Коронавирус бойынша эпидемио­логиялық ахуалды қадағалау, аурудың өршуіне жол бермеу, халықты дәрі-дәрмекпен қамту және медицина мамандарын даярлау мен оқыту маңызды бағыттарға тоқталды. Президенттің бұл тапсырмаларын орындау мақсатында, халыққа сапалы әрі тиімді медициналық көмек көрсету үшін елордалық медицина саласында елорда әкімдігі мен Басқармамен бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
2020 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласында орасан зор жұмыс жүргізілді. Өмірге, сондай-ақ біздің қызметімізге біраз түзетулер енгізген коронавирустық пандемияға қарамастан негізгі міндеттер мен мақсаттарды орындала берді. Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың ағымдағы өңірлік перспективалық жоспарына сәйкес елордалық денсаулық сақтаудың барлық медициналық ұйымдарын қайта құру толығымен аяқталды.
Жоспар бойынша №1 Көпсалалы қалалық ауруханаға негізінде 250 төсек-орынға арналған акушерлік блок салынады. Қазірде оның эскиз жобасы мақұлданып, қажетті технологиялық және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың бір бөлігі әзірленуде. Аталмыш мекеменің құрылысын 2023 жылда аяқтау жоспарда. Сонымен қатар, 2020 жылы Сарыарқа мен Байқоңыр аудандарында 2 жаңа ірі емхананың жобасы мен құрылысы басталды. Есіл және Алматы аудандарында мұндай нысандардың құрылысына жеке инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Нысандар 2022-2023 жылдары пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 800 орындық университеттік көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасуда. №3 көпбейінді қалалық аурухананың клиникалық және босану бөлімшелерін салу мен қайта жаңартудың тұжырымдамасы әзірленді. Өкінішке қарай, кадр тапшылығы елордалық медицинада айқын байқалып тұр. Алайда, мәселені шешу жолдары үнемі қарастырылып келеді.
Бірнеше жыл ішінде алғаш рет медициналық қызметкерлерді 21 сұранысқа ие мамандықтар бойынша резидентурада оқытуға 551,3 миллион теңге бөлінді (287 грант). Қазіргі уақытта осы мамандықтарға 274 адам білім алуда. Медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 250 әлеуметтік тапсырыс орнына гранттар бөлінді.

Тимур МҰРАТОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық
сақтау басқармасының басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 5 =