Індетпен күрес күш алды

0 57

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың орташа өсімі 4,5 пайызды құрады. Бүгінге дейін елде 44100 адам, соның ішінде елордада 5642 адам ауру жұқтыр­ғаны тіркелді. ҚР Денсаулық сақтау минис­трлігі індеттің кең таралуына байланысты дертпен күрес шараларын күшейтті. Осы апта сала министрі Алексей Цой ауруға қарсы 6 шараны атап айтты.

Көшпелі бригадалар ақылы болды

Министр мырза енді емханаларда және жедел жәрдем қызметінде мобильді бригадалар құрылатынын айтты. Бірақ олар ақылы. Бригадалар қазіргі таңда жұмысын бастап кетті. Тарифі де әзір. Құны – 5400 теңге. КВИ немесе ЖРВИ белгісі бар адамдар жедел жәрдем шақырса, мобильді бригадалар дәрігерлермен бірге барып, сол жерде тест алады. Оларды қазіргі таңда үш санатқа бөліп қойған.

Ажар Ғиният,
ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Шақыруға төленіп отырады. Бұл бригада бір адамға екі-үш рет келмейді. Өйткені тест бір-ақ рет алынып, КВИ бар ма, жоқ па, анықталып, учаскелік дәрігерге ақпарат беріледі. Бүгінде 380 бригада бар, шамамен 3 мың бригада құру жоспарлануда. Емханаларға тіркелген халыққа учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандар қашықтан консультациялық көмек беруді жалғастырады. Емханаға белгілі бір айғақтар бойынша жүгінген пациенттерге карантиндік фильтр арқылы қызмет көрсетіледі.

Стационарлық көмек құрылымы өзгерді
COVID-19 жұқтырған пациенттерге стационарлық көмектің бұрынғы құрылымы өзгертілді. 13 мың төсегі бар карантиндік стационарлар байланыста болған адамдар үшін провизорлық және жұқпалы аурулар ауруханасына қайта бейінделеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін соңғы үш тәулік ішінде COVID-19 расталған пациенттер үшін қосымша 1,5 мың төсек және COVID-19 күдікті пациенттер үшін 5 мың провизорлық төсек ашылды. Бүгінгі таңда 333 ұйымда 20 мың инфекциялық және провизорлық төсек бар, олардың 60 пайызында науқастар жатыр. Пневмонияға шалдыққан пациенттер басым.

Дәріге қолжетімділік

Коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды толық қамтамасыз ету үшін стационарларда 138,8 млн теңгеге 59 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынды. Бүгінгі жағдай бойынша өңірлердегі медициналық ұйымдарда 27 мың пациент вирусқа қарсы препараттармен қамтамасыз етілген. Қосымша сатып алуды ескерсек, дәрімен қамтылған пациенттер саны 58 мыңға дейін артады. Ал вирусқа қарсы терапия орташа ауыр және ауыр жағдайда ғана қажет. Медициналық ұйымдарға КВИ диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес коронавирус инфекциясын емдеу үшін антибиотиктердің 16 түрі үздіксіз жөнелтілетінін атап өтті.

Жеңіл түріне шалдыққандарға дәрі тегін бе?

Пневмония, ЖРВИ және КВИ-дің жеңіл түрі бойынша үйінде емделіп жатқан қазақстандықтар дәрі-дәрмекті тегін ала алады. Бұл жайлы ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда МӘМС аясында тегін дәрі-дәрмек пен препараттардың тізімі жасалды. Яғни ЖРВИ мен пневмониядан үйінде емделіп жатқандар осы дәріні ала алады. Тегін дәрілер тізіміне антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер кіреді. «Ол дәрі-дәрмекті емханалардың жанындағы мобильді топтар тегін жеткізіп береді» деген Айжан Есмағамбетова әкімдіктерге қосымша дәрі-дәрмек алу міндеті жүктелгенін айтып өтті.

Ресейден жеткен препарат

Қазақстандағы стационарлық ауруханаларда КВИ жұқтырғандарды ресейлік жаңа препаратпен емдейді. Жаңа дәрінің жеткізілгенін министрлік өкілдері мәлімдеп, «Авифавир» атты жаңа препарат коронавирус инфекция­сын жұқтырғандарды емдеуге арналған хаттамаға енгізілгенін жеткізді. Бұл препарат бір реттік тәртіпте сатып алынып, біздің елге жеткізілді. Онымен стацио­нарлық науқастарды емдейді. Осы препаратпен емделетін адамдар бақылауға алынады. Себебі ол препарат жаңа. Клиникалық сынақтан жақында ғана өткен.

Медицина мамандары да ажал құшуда

Пандемия басталғалы бері Қазақстанда 18 медициналық қыз­меткер қайтыс болған. Мұны еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жағдайлардың бәрі бірдей КВИ-мен байланысты емес. Алайда олардың арасында COVID-19 ауруын жұқтырғандарға көмек көрсеткендер де бар. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың 11,5 пайызы – медициналық қызметкерлер. Тағы 492 медқызметкер пневмониямен ауырған. 511 медициналық қызметкер емін жалғастыруда.

Емханалар қашықтан қызмет етеді

Еліміздегі емханалардың жұмысы қашықтан қызмет көрсету форматына ауыстырылды. Себебі учаскелік және консультациялық қызметтер мүмкіндігінше қашықтықтан көрсетілуі тиіс. Екіншіден, жоспарлы көмек пен диагностикалық қызметтер қатаң түрде дәрігерлердің көрсетілімдері бойынша онлайн жазу арқылы жүзеге асырылады. Емханаға азаматтар алдын ала күні бұрын шақыртылады. Емханаларда қазіргі жағдайда кезек күтуге, көп адам жинауға жол бермеу керек.

Арнайы топ бақылауында

Қаланың дәріханаларында пандемия жағдайында қажетті дәрі-дәрмектердің болуын қадағалайтын мониторингтік топ елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешімімен құрылды. Мамандар қаланың дәріханаларында дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне күнделікті мониторинг жүргізеді. Дәріхана ұйымдарының басшыларына Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес дәрі-дәрмектердің шекті бөлшек сауда бағаларын қатаң сақтау тапсырылды. Шешім дәріхана ұйымдары үшін міндетті болып табылады. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін әкімдік пен бөлшек сауда желісінің қауымдастықтары арасында дәрі-дәрмек жеткізілімін шектеу мақсатында әр сатып алушыға 2-3 қаптамадан асырмау туралы меморандум жасалды. Емдеу кезінде препараттың дәл осындай мөлшері қажет, өйткені олардың жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары бар. 9 шілдеге дейін бірқатар вирусқа қарсы, ыстық түсіретін дәрілер мен антибиотиктер елорда дәріханаларына жеткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар ыстық түсіретін дәрі-дәрмектердің тапшылығында олардың балама нұсқалары бар: «Панадол», «Эффералган», «Ибупрофен», «Ибуфен», «Миг», «Новиган», олар дәріханаларда бар. Коронавирус инфекциясының алдын алу үшін азаматтар санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек: маска, қолғап киіп, қолын сабынмен жуып, әлеу­меттік қашықтық сақтау қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + nine =