Індет жойылды деуге әлі ерте

0 33

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорда тұрғындарына карантиннен кейін эпидемиологиялық ахуалдың қалай өзгеретінін айтып, ескерту жасады.

«Біз карантиннен кейінгі эпидемиологиялық жағдайдың қалай боларына талдау жасадық. Болжамға сәйкес, ахуал бірден жақсарып кетпейді. Жұқпалы-респитарлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) маусымын ескерсек, жылдағыдай медициналық мекемелерге ауыртпалық түседі. Қазірдің өзінде дайын­дық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Емхана, ауруханаларға қосымша көмек көрсетілді. 600-ден астам флуометр, 500-ге жуық оттегі концентраторы, 500-ге жуық арнайы төсек-орын, өкпені жасанды желдету және КТ аппараттары алынды. Алдағы уақытта жедел жәрдем көліктері де жеткізіледі. Екі апта ішінде қалаға 110 тоннадан астам дәрі-дәрмектер жеткізілді» деп жазды қала басшысы instagram парақшасында бұл жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілетінін ескертіп.
Әкімнің айтуынша, қажет болған жағдайда барлық 16 инфекциялық стационарда төсек-орындары қайта ашылады. Спорттық ғимараттар мен басқа да бірқатар нысандар кез-келген сәтте науқастарды қабылдайтын орындарды дайындай алады.
Алтай Көлгінов қатаң карантин шараларының ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік бергенін атап айтты. «Жасыратыны жоқ, қала тұрғындары алғашқы карантиннен кейін санитарлық нормаларды сақтамады. Бұл кері әсерін тигізіп, індетке шалдыққандардың саны күрт өсті. Дәрігерлер мен медициналық ұйым­дар мүмкіндігінше барын салып жұмыс істеді. Карантин шаралары ғана жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді» деді әкім.
Сондай-ақ, ресми мәлімет бойынша, инфекциялық стационарлардағы төсек-орынға сұраныс шілде айының басынан 99 пайыздан 18,5 пайызға дейін төмендеген. Бас қаладағы 16 стационардың бесеуі жабылды. Оларда жатқан барлық науқастар жазылып шықты. КВИ мәселелері бойынша жедел жәрдем шақыру саны 9,5 есеге жуық төмендеп, тәулігіне 500-ден 53-ке дейін азайды. Стационарларда пневмониямен ауыратын науқастардың саны 6 есе қысқарды. №1 және №2 қалалық балалар ауруханасы тамыз айының басынан бері бұрынғы режимде жұмыс істей бастады. Ертеңнен бастап қалалық емханалар жоспарлы қабылдауды жалғастырады. «Бірақ індетті жұқтыру қаупі жойылды деуге әлі ерте. Инфекцияны тоқтату үшін сақтық шаралары мен санитарлық нормаларды барынша сақтау қажет» деп ескертті Алтай Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =