Індет ырыққа көнді ме?

0 63

Еліміздегі пандемияға қатысты эпидемиологиялық жағдай санамыздағы және қоғамдағы көптеген құндылықтарға қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертуде. Медицинамыздың осалдығы әшкере болумен қатар, сала мамандығының мәртебесі де қатар көтерілді. Мемлекеттен күткен көмегін тиісті деңгейде ала алмаған азаматтардың жан айқайында шындық басым. Дегенмен жаңа вирус болғандықтан, онымен күресуде мемлекет олқылықтар жібергеніне қарамастан, елдегі ахуалды реттеуге тырысуда. Көптің ішінде де асыра сілтеушілік, жеке бас қателіктерін Үкіметке артушылық сынды кемшілік жіберетіндер жоқ емес. Өтіп бара жатқан апта елдегі індетті ауыздықтауда ілкі қадамдар жасаумен ерекшеленеді.Жаһандық дертке шалдыққан қазақстандықтардың жалпы саны 54747 адамға жетті. Өткен тәулікте 1726 адам ауру жұқтырды. Бұл алдыңғы күнмен салыстыр­ғанда 236 адамға аз. 180 адам – елордалық. Дегенмен елордада вирус жұқтырғандар алдыңғы тәулікке қарағанда, керісінше, 60 адамға артқан. Тұмау маусымы күзде болатынына қарамастан, елде жаппай пневмония күшейді. Ол тіпті өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға өскен. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы орайда емдеу мен емдеуге жатқызудың стандарттары, тәсілдері пысықталып жатқанын жеткізді. Бұл індет жұқтырған-жұқтырмағанына қарамастан науқастардың бәріне қажет. Дәрі мәселесіне келсек, аталған министрліктің вице-министрі Людмила Бюрабекованың айтуынша, жақын арада фармацевтикалық өндіріс толық іске қосылып, сол арқылы дәрі-дәрмек тапшылығын шешу жоспарлануда.

Мамандар мәртебесін көтеретін жаңа кодекс

Егемен еліміздің тарихында алғаш рет медицина қыз­меткерлерінің мәртебесі ҚР Денсаулық сақтау жү­йесі және денсаулық туралы кодекс деңгейінде заңмен бекітілді. 7 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа кодекс туралы ҚР Денсаулық сақтау министр­лігі халық­аралық ынтымақтастық және стратегия департаментінің директоры Айнұр Айыпханова осылай оң пікір білдірді. Медицина қызметкерлері – басқа уақытта да, пандемия кезінде де азаматтардың денсаулығын қамтамасыз етудегі денсаулық сақтау саласының маңызды ресурсы. Бүгінгі таңда Қазақстанда 250 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Соның ішінде 72 мың дәрігер, 178 мың орта медициналық персонал бар. 76 пайыз медицина маманы мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейді.
– Пандемия кезінде әлемнің барлық елінде медицина мамандарының жетіспеушілігі қатты сезілді. Қоғам мен Үкімет денсаулық сақтау саласындағы кадрларды қолдау мен ынталандыру маңыздылығын жақсы түсінді. Елімізде осы бағытта жасалған ең маңызды қадамдардың бірі – осы аптада жаңа кодекстің қабылдануы. Оның ішінде «Медицина және фармацевтикалық қызметкерлер мәртебесі» деп аталатын жаңадан 30-бөлім пайда болды. Бұл тарау медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі мен рөлін анықтайтын және нығайтатын бірқатар баптардан тұрады. Жаңа құжат салаға жаңа тыныс әкеліп, тың серпін берері сөзсіз, – дейді А.Айыпханова.

Коронавирус кімдер үшін аса қауіпті?

Бұл туралы бұған дейін жеткілікті деңгейде айтылып жүр. Дегенмен бұл індеттің кімдерге аса қаупі барын Нұр-Сұлтан қаласындағы №4 емхананың дәрігері Ұлбала Өмірәлиевадан сұрап, кеңес алған едік. Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы кезінде созылмалы аурулардың ішіндегі ең қауіптісі – қант диабеті. Себебі бұрыннан осы дерті бар адамдарда онсыз да қан өздігінен қою болады, тамыр­лар өзгеріске ұшырайды. Екінші қауіпті дерт – жүрек-қан тамыр аурулары, артериялық гипертония, жүрек талмасы. Үшіншісі – семіздік. Осы аталған аурулар кезінде ең бірінші кезекте зат алмасу процесі бұзылады. Содан қан айналым нашарлайды. Ал коронавирус инфекциясын жұқтыр­ғандарда көбіне тамыр­да қанның қоюлануы байқалады. Сондықтан бұл аурулар вируспен күресте кедергі болып, тіпті адамға ажал қау­пін төндіреді. Дерт асқынған кезде тамырда тромб пайда болады. Оны емдеу барысында қазіргі хаттама бойынша дәрігерлер амбулаторлық кезеңде фибринолитиктердің таблетка түрін қолданады. Ал стационарлық жағдайда оның екпе түрін пайдаланады. Қанның қозғалысын реттеуге арналған басқа да препараттарды дәрігерлер хаттамаға сәйкес өздері береді. Коронавирус инфекция­сын жұқтырғанда бірінші зардап шегетін ағза – ол өкпе. Өкпеге майдың қажеттілігі бар. Ол сурфактант ретінде өкпені қорғайды. Сондықтан адамның ас мәзірінде майдың болуы қажет. Ол қандай да бір жануардың майы, ит майы, қой майы болса да бәрібір, ең бастысы бәрі мөлшерлі түрде болуы керек. Тиісті мөлшерден аспау қажет. Майдың 1 тәуліктік қажеттілігі болса жарайды. Сонда пайдасын тигізеді. Бұл ретте адамның қимыл-қозғалыста болуы да маңызды. Егер өкпеде пневмония, басқа да өзгерістер болып, 4-5 күн температура түспесе, дәрігердің кеңесімен антибиотик тағайындалады. Оны өз бетінше қолдануға болмайды және оның мөлшерін де, қолдану ұзақтығын да тек дәрігер шешеді. Басқа жағдайда тек сұйықтық ішу, витаминдер пайдаланып, ыстығы болса парацетамолмен түсіру керек. Үй жағдайында ем алушыларға бірінші кезекте сұйықтықты көп ішуге кеңес береміз. 1 келі салмаққа 30-50 мл-ден келеді, сонда орташа есеппен бір адам күніне ­2,5-3 литрге дейін су ішу қажет. Бұл токсиндерді шығаруға көмектеседі, сонымен қатар қанның қоюланбауына әсер етеді. Екіншіден, тамақтану мәселесі. Жалпы, тамақ арқылы ақуыз, май, көмірсу қорын күн сайын толыққанды алып отыру керек. Соған қоса көкөніс пен жеміс-жидек, С витаминіне бай лимон, итмұрын, апельсинді жеуге болады. Бұл ретте науқастың лимон немесе апельсинге аллергиясының болу-болмауы да маңызды. Зімбір шайын ішу туралы айтсақ, бұл өсімдік бұрыннан да қабынуға қарсы ем-дом ретінде қолданылады. Оны қосымша иммунитетті көтеруге пайдалануға болады. Себебі зімбірдің құрамында зат алмасуды жақсартатын элементтер бар, әрі ол – С дәруменіне бай антиоксидант. Үй жағдайында ауруға қарсы қолдануға болады деп жүрген аспирин – ацетилсалицил қышқылы, біріншіден, ыстықты түсіруге және қанды сұйылтуға арналған. Бірақ ол бір адамға жағады, бір адамға жақпауы мүмкін. Асқазанда ойық жарасы бар, гастритпен ауыратын пациенттерге оны қалай болса солай қолдануға болмайды. Ал пайдаланған жағдайда онымен ұзақ уақыт өздігінен емделген дұрыс емес. Себебі ол қанның бойындағы тромбты ерітпейді, тек қанның сұйылуына көмектеседі. Кері әсерлері де бар, сондықтан тек дәрігердің тағайындауымен ғана пайдаланған жөн. Аш қарынға ішпеген жөн.

Наталья ЛАТЫПОВА,
жоғары санатты дәрігер-пульмонолог,
медицина ғылымдарының докторы, профессор:

– Коронавирус инфекциясы кезінде көптеген науқастарда өкпенің төменгі дем алу бөлігінің зақымдануын байқадық. Ал бұған дейін біздің тәжірибеде тек өкпенің жоғары дем алу жолдарының зақымдануын ғана көріп келдік. Төменгі тұсының зақымдануы бұрын өте сирек, бірді-екілі науқастарда ғана кездесетін. Жаңа вирустан сол өзгерісті өте көп көре бастадық. Себебі бұл жерде әдеттегі пневмониядан болатын өзгерістер байқалмайды, вирустық пневмония бактериялық түрінен қатты ерекшеленеді. Коронавирустық пневмонияда төменгі дем алу жолдары, өкпенің екі жағы бірдей зақымданып, өкпе тамырларында шағын тромбоздар пайда болады. Қауіпті вирус әдеттегі бактериялық пневмонияда бүлінбейтін жерлердегі жасушаларды көп зақымдайды. Сонымен қатар жаңа вирустық пневмонияның ерекшелігі – оның механизмінде. Ол қанның тұтқырлығын арттырып жібереді. Кішкене тромбоздардың пайда болуы өкпе тамырларындағы қанның қалыпты ағысын бұзады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 1 =