Індет қаупі сейілген жоқ

0 21

ВНВ (БХБ) түнгі клубына бір түнде 500-ге тарта адам көңіл көтеруге жиналған. Олардың көпшілігі сауық орнына күтпеген жерден сау ете түскен полиция қызметкерлерінен жасырынып қалмаққа әрекеттенген.

Коронавирус індетінің екінші толқыны қайталануы мүмкін деген болжам шыққалы құқық қорғау органдары Нұр-Сұлтан қаласының түнгі клубтарын тексеруді күшейтіп жатыр. Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлауынша, өткен сенбіде сағат 23.40-та ВНВ (БХБ) түнгі клубына бас сұққан мобильдік топ 500-ге жуық адамды ұстаған.
«Біз келгенде түнгі клубқа келушілер мен оның қызметкерлері жасырынып қалуға тырыс­ты. Олар клубтың есігін іштен жауып алған. Адамдар бетпердесіз, арақашықтықты сақтамай, көңіл көтеріп жүрді» делінген ведомство таратқан ақпарат парақшасында.
Мобильдік топ оған дейін, сағат 22.10-да Қорғалжын тас жолында орналасқан ZIMA түнгі клубына барғанда, мұнда 80 адам көңіл көтеріп жүрген. Сондай-ақ «Korean һаиѕе», «ZOLOTO» мейрамханалары және «ICON» клубы да карантин талаптарын бұзып жұмыс істегені белгілі болды.
Айта кетейік, елордада санитарлық ережелерге сай көпшілік бас қосатын көңіл көтеру мекемелерінің тек сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етілген. Бірақ бірталай мекемелер осы белгіленген жұмыс кестесін жиі бұзады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтар мен мекеме иелеріне карантин режимі жалғасып жатқанын және бас санитарлық дәрігердің қаулысындағы талаптарды қатаң сақтау керектігін ескертеді. Тәртіп бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады» деп ескертті Полиция департаментінде.


Алматы аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат ­Нысантаевтың айтуынша, тексеріс кездерінде аудандық полиция қызметкерлері кәсіпкерлік нысандарының 10-15 пайызы карантин ережелерін бұзғанын анықтаған. Санитарлық ереже тәртібін бұзушылық фактілерінің барлығы Алматы ауданы бойынша тіркеу кітабына жазылып, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданады. Бұдан кейін салынатын айыппұлдың мөлшері анықталады.
– Күнделікті тексеріс барысында бірқатар кәсіпкерлік нысандардың карантиндік шектеу уақытын дұрыс сақтамайтындығы анықталып отыр. Мәселен, дүкендерге сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілгенімен, кейбір мекемелер түнгі 1-2-ге дейін ашық тұрады. Ал тұрғын үйлердің төменгі қабаттарында орналасқан дәмханалар 23:00-ге дейін жұмыс істеуі тиіс, – деді қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілі Сырым Құрбанбеков.
Әкімшілік кодекстің 425-бабына сәйкес карантин талаптарын сақтамаған жеке кәсіпкерлерге – 230, орта бизнес иелеріне – 310, ал ірі кәсіпкерлерге 1 600 айлық есептік көрсеткіш, яғни 4,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал ереже бұзған жеке тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері – 83 мың теңге. Егер азаматтар жеті күннің ішінде айыппұлды төлейтін болса, оның жартысын ғана өтеуге мүмкіндік берілген.
Өткен тәулік ішінде мобильдік топ 313 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, 46 карантин режимін бұзу фактілерін анықтаған. Ал бір апта ішінде астанада 57 рейд жүргізіліп, 1400 нысанның жұмысы тексерілген. Ол бойынша 187 заң бұзушылық анықталып, 54 айыппұл салынған. Жалпы карантин жарияланғалы бері 19 наурыздан бастап елордада санитарлық ережесін бұзған кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 1781 әкімшілік хаттама толтырылып, 779 іс сотта қаралған. Оларға 160 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Нұр-Сұлтан қаласында індет жағдайының қауіптілігіне байланысты бас санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиева тұрғындарды санитария талаптарын орындауға шақырды. Мамандар эпидемио­логиялық ахуал жазғы уақытпен салыстырғанда әжептәуір тұрақталғанымен, вирус қаупі әлі жоғары екенін айтады. Сөйте тұра кейбір кәсіпкерлік субъектілерінің індет қаупіне салғырт қарауы және шектеу талаптарын бірнеше мәрте бұзуы қынжылтады. Мысалы, Есіл ауданының Тұран даңғылында орналасқан «Auraclub Alanya» түнгі клубы карантин талаптарын бұзғаны үшін 8 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
2 қарашадағы мәлімет бойынша, елімізде өткен тәулікте 442 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталған. Оның ең көбі – Шығыс Қазақстан облысына тіркелген (245). Ең азы Алматы мен Маңғыстау облыстарында – 2-ден. Нұр-Сұлтан қаласында 28 адам індет жұқтырғаны анықталған. Жалпы, бүгінге дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 112860-қа жеткен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × four =