Індет қайта өршісе, қосымша шешім қабылданады

0 20

Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы карантин шараларының нәтижесі туралы мағлұмат берді. Министр алдымен карантиннің арқасында елде коронавирус жұқтырудың тәуліктік тіркелу жағдайы 2,5 есеге азайғанын мәлім етті.«Қазір жаздың ортасынан өттік. Көктемдегі қиын жағдайдан кейін елдің шаршағанын бәріміз түсінеміз. Алайда маска режимін сақтау – аса қажетті шара. Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, кеше ғана біз маска тағуға қатысты ережелерге тың өзгерістер енгіздік. Атап айтқанда, бес жасқа дейінгі балаларға, жеке спорттық жаттығу жасап жүрген азаматтарға, жалпы тамақтанатын орындарда тамақ ішу барысында маска тағуға міндеттемеу туралы өзгеріс енгізілді. Алайда бұл жағдайларда әлеуметтік қашықтық қатаң сақталуы керек» деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
«Жалпы, бүкіл әлемде күзде және қыста жұқтырылған респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ), тұмау ауруларының өршіп кететіні белгілі. Енді оларға коронавирус инфекция­сы да қосылып отыр. Сол себепті қазіргі уақытта жағдайдың бұлайша өршуіне барынша дайындалып жатырмыз. Тұмауға қарсы жыл сайын жүргізілетін маусымдық вакцинация жоспарланған. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі резервтегі төсек орындарды да дайындап жатыр. ПТР-тесттар бойынша қосымша қор әзірленуде. Қоймаларда дәрі-дәрмек қоры да жиналуда» деді А.Цой.
Сонымен қатар Алексей Цой Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың жағдайларын тіркеу бойынша жаңа статистикасының артықшылықтарын атап айтты.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның Еуропа бойынша аймақтық бюросымен бірқатар техникалық консультациялар өткізілді. Қазір аурулардың кодтарының жаңа халықаралық жіктелуі бойынша COVID-19 жағдайларын кодтауға және есепке алуға көштік. 1 тамыздан бастап зертханалық расталған COVID-19 жағдайлары, соның ішінде ПТР теріс нәтижесі бар пневмония жағдайлары біріктірілді» деді министр.
Министрдің айтуынша, бұл әдіс ауруға қатысты ахуалды дұрыс болжап-білуге, қажетті ресурстарды, дәрі-дәрмекті дұрыс жоспарлауға, мамандар мен төсек орындарды, медициналық бұйымдарды, жалпы статистиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Брифинг барысында министр Қазақстанда карантин шаралары бірден алынып тасталмайтынын, кезең-кезеңімен жеңілдетілетінін де баса айтты. «Егер ауру тағы да күрт өсіп кетсе, біз қосымша шаралар енгіземіз» деп атап өтті министр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + nineteen =