Індет қайта өрши ме?

0 72

18-19 мамыр күндері Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 73-ші сессиясы өтті. Әлемдегі коронавирус пандемиясы мен қазіргі эпидемиологиялық жағдайды басты тақырып етіп, онлайн режимде өткен бұл жиналысқа ұйымға мүше 194 мемлекеттің өкілі қатысты.«Қол беруден қорқатын жағдайға жеттік»

Сессияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшілігімен бүкіл әлемде коронавируспен күресу үшін келісілген күш-жігердің маңыздылығын тілге тиек етіп, індет алдында «бүкіл әлем бірігеді немесе жеңіледі» деп атап өтті.
ДДҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус әлем халқының бұдан бұрын да пандемиямен бетпе-бет келгенін, алайда коронавирус пандемиясы өте қауіпті екеніне тоқталып: «Шынында да, COVID-19 ормандағы өрт сияқты. Оның зардабын бүкіл әлем халқы тартты. 6 ай бұрын базары қайнаған қалалар аз-ақ күнде бос қалатынын, мейрамханалар жабылып, ғаламдық саяхат тоқтайтынын ешкім ойламаған еді. Ал қазір қол беріп амандасудың өзі адамдардың өміріне қауіпті болған жағдайға жетіп отырмыз» деді.
Жиналыста сөз алған Эммануэль Макрон ДДСҰ-ның коронавируспен күрестегі жетекші рөлінің маңыздылығын және Францияның ұйымды қаржыландыру көлемін едәуір арттыратынын жеткізсе, Ангела Меркель әлемдегі бірде-бір мемлекет жападан-жалғыз коронавирус проблемасын жеңе алмайтынын мәлімдеді.

АҚШ ұйымнан шыға ма?

Қытай басшысы Ши Жин­пиң әлемдік қауымдастыққа бірнеше ұсыныс айтып, Қытайдың алдағы 2 жылда коронавирустан зардап шеккен елдерге 2 миллиард доллар бөлетінін, қаржылай көмек алдымен дамушы елдерге берілетінін білдірді. Сондай-ақ Қытай басшысы вакцина жасалғаннан кейін оны әлеммен бөлісуге және оны қоғамға пайдалы етуге дайын екендіктерін, эпидемия­мен күреске қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек хабы құрылатынын жеткізді. Дегенмен, әлемде коронавирус пандемиясы өршіген кезең – наурыз, сәуір және мамыр айларында Қытай шетелге құны 19 млрд доллар болатын медициналық заттар сатқан.
Жиналыста сөз сөйлеуден бас тартқан АҚШ президенті Трамп сол күні кеште Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын «Қытайдың қолжаулығы» деп сынға алды әрі аталған ұйым басшысынан ұйымға 30 күн ішінде маңызды реформалар жасамаса, АҚШ-тың аталған ұйымға беретін қаржысын біржолата тоқтататынын, тіпті Құрама штаттың аталған ұйымнан шығып кететінін айтып ескерту жасады. Сондай-ақ ол ДДҰ-ның Қытайдың өтірік ақпаратына сеніп, Тайвань берген маңызды ақпараттарды елемей, қаңтар айына дейін «коронавирус адамнан адамға жұқпайды» деп бүкіл әлемге қате мәлімет бергенін, мұның соңы әлемдік трагедияға айналғанын атап өтті.
Жиналыстан кейін Фейсбуктегі парақшасында халықаралық отырыста ортаға қойылған мәселелермен бөліскен еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жиналыс қорытындысында Тедрос Гебрейесустың COVID-19 дертіне қарсы бүкіл әлем елдерін бірігуге шақырғанын және әлем халқының көпшілігі осы вирусқа әлі де шалдығуы мүмкін екенін тілге тиек еткенін айта келіп, «сондықтан, тағы бір рет еске саламын: қазіргі уақытта біздің тұрғындар үшін барлық қауіпсіздік шаралары – әлеуметтік қашықтық және жеке гигиена ережелерін сақтау өте маңызды» деп халыққа ескерту жасады.Індет қайнарын індете тексеретін болды

Бұл реткі халықаралық жиналыста «коронавирустың келу қайнарын түбегейлі тексеретін халықаралық дербес комиссия құру» қараулысының мақұлдануы ең үлкен жаңалық болды. Еуропалық Одақ пен Австралия бас болып ұсынған бұл резолюция жобасын осы індеттен ауыр зардап шеккен Ресей, Ұлыбритания, АҚШ бастаған 120 ел қолдап дауыс берсе, әліптің артын баққан біраз ел дауыс беруден қалыс қалған көрінеді. Ал Қытай бұған қарсы уәж айтып, «қазір назарды індеттің келу қайнарын тексеруге емес, алдын алуға бұрған дұрыс» деген емеурін білдірген. Бірақ АҚШ мұнан да қатаңырақ ұстанымын байқатып, вирустың шығу тегін Қытайдан іздеу керек деп қатқыл үн қатты. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп «вирус жайлы ақпаратты жасырды» деп Қытайды бірнеше рет айыптаған және оған ДДСҰ көмектесті деп санайтынын білдірген. АҚШ билігі вирус «Ухань қаласындағы лабораториядан тарауы мүмкін» деген болжамды да теріске шығармаған. Қытай бұл нұсқаны үзілді-кесілді теріске шығарып отыр.
Сонымен қатар, індеттің алдын алуда бүкіл әлемге үлгі болған және Қытайда қатерлі жұқпалы індет тарағанын, оның адамнан адамға жұғатынын айтып, ДДҰ-на ең алдымен дабыл қаққан Тайваньның Қытайдың кедергі жасауына байланысты бұл реткі жиналысқа қатыстырылмауы да әлем елдерінің жаппай наразылығын қозғады. Австралияның індет қайнарын тексеру жөніндегі ұсынысына кектенген Қытайдың Австралия­дан импорт етілетін арпаға 80 пайыз кеден салығын салғанын да халықарлық қауымдас­тық құп көрмей отыр.

Қытай мен Иранда індет қайта күшейді

Осыдан бір ай бұрын індетті толық тізгіндедік деп жар салған Қытайда соңғы кездері вирус жұқтырғандар қайта көбейе бастады. Мәселен, жақында Ухань қаласында 5 адамның және елдің солтүстік-шығысындағы Шулань қаласында 16 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Сонымен 4,4 миллион халқы бар Шулань карантинге жабылса, бірнеше күн бұрын 108 миллион халқы бар Жилин провинциясында індет жұқытырған 34 адам тіркелгеннен кейін, теміржол қозғалысы тоқтап, мектептер қайта жабылды, тұрғындар оқшауланды.
Иранда да коронавирустың екінші толқыны басталып кетуі мүмкін. Себебі бұл елде қалалар арасында жүріп-тұру мен сауда орталықтарының жұмысына шектеуді алып тастаған соң вирусты жұқтырғандар көбейген. Карантин кезінде ауруханаларға күніне 500-ден 900 адамға дейін түссе, қазір олардың саны 2 мыңға жуықтаған. Сарапшылар Ислам республикасында карантинді жеңілдету асығыс қабылданған шешім деп, індеттің қайта өршуі биліктің мешіттерді ашуға рұқсат етуімен байланысты дегенді айтады.
Қалыптасқан жағдайға бай­ланыс­ты еуропалық адам құқықтарын қорғаушылар Иран президенті Хасан Руханиден сауда орталықтары мен оқу орындарының және мешіттердің жұмысын шектеуді сұрады. Ал Рухани бұған жауап ретінде елде жағдай тұрақталып, енді мемлекет экономикалық мәселелерді шешуге кіріскенін мәлімдеді. Егер Иранда індеттің қайта өршуіне шынымен де мешіттердің ашылғаны себеп болса, онда келер айда Түркияда да індет жұқтырғандар саны қайта көбеюі мүмкін. Өйткені жақында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия пандемияның аяқталуын күтемін деп шекарасын толық жауып, күнделікті тіршілікті тоқтатып қойып, жылдар бойы отыра алмайтынын, жақында елде қалыпты тіршілік қалпына келтірілетіндігін, 29 мамырдан бастап мешіттердің ашылатынын мәлімдеді.

Орталық Азияда да жағдай мәз емес

Қазақстанда 16 наурызда жарияланған төтенше жағдай 11 мамырда аяқталды. Алайда бұл елімізде індет толық ауыздықталды деген дерек бермейді. Керісінше соңғы күндері карантин талаптарының босауына және қалыпты жұмыс режимі қалпына келіп, қоғамдық көліктердің қайта қалпына келуіне ілесіп, індет жұқтырғандар саны қайта артып барады. 18 мамырдан 19 мамырға дейінгі бір тәулікте ел бойынша 331 адамның індет жұқтырғаны – соның айғағы. Айта кетейік, қазірге дейін елімізде 6751 адамнан індет анықталып, 3600 адам сырқатынан сауығып шықты. 35 адам бақилық болды.
Сәуір айының соңғы мез­гіліне дейін елде вирус жұқтырғандар жоқ деп келген Тәжікстанда да соңғы кездері Covid-19 індетін жұқтырғандар күрт көбейіп, қайтыс болғандардың саны жағынан Орталық Азияда алдыңғы орынға шықты. Атап айтқанда, бұл елде қазірге дейін 1700 адамнан вирус табылып, 44 адам коронавирустан қайтыс болды. Әзірге емделіп шыққандар жоқ. Бұл елде вирус жұқтырған 15 адам жайлы 30 сәуірде ресми түрде хабарланды. 14 мамырда елде 907 адамнан вирус табылған. Ал 18 мамырда дертке шалдыққандар 1729 адамға жетті. Әрине, 20 күнде індет жұқтырғандардың 2000 адамға жуықтауы – жан саны аз мемлекет үшін тым жоғары көрсеткіш.
Өзбекстанда 3000-ға жуық адам індет жұқтырып, 13 адам көз жұмды. Осы жағдайға байланысты Өзбек­станда карантин 1 мау­сымға дейін ұзартылды. Ал Қыр­ғызстанда 14 адам осы індеттен көз жұмды, 1300-ге жуық адамнан індет табылды.
Өзбекстан мен Қазақстанда індет ілінген мезгіл бір уақыт болса да, елімізде індет жұқтырғандар саны мен өлім-жітім жағдайы өзбек елінен жоғары болып тұр. Халық саны жағынан алып айтсақ, Өзбекстанда 34 миллионға жуық халық болса, Қазақстанда 19 миллион халық бар. Жер көлемі жағынан Қазақстан территориясы өзбек елінен 6 есе үлкен. Демек, Өзбекстанда халық Қазақстаннан әлдеқайда тығыз орналасқан. Алайда індет жұқтырғандардың көрсеткіші мүлде керісінше болып тұрғаны таң қалдырады. Осыған қарағанда Қазақстанда карантин талаптарын сақтау жағы әлі де жеткіліксіз секілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =