Індет пен күрес­тің алғы шебінде

Алтыншаш ТАБУЛДИНА, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

0 30

Президенттің пәрменімен коронавируспен күрес­ке тікелей тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы тағайындалғанда, дәрігерлердің бірнеше санаты белгіленген. Мұны айтқанда, барлық дәрігер қауіп-қатер аймағында жүрмейтінін ескеруіміз керек. Соған сәйкес, сыйақы мөлшері де әртүрлі. Төтенше жағдай режимі кезінде жұмыс істеп жатқан бүкіл медицина қызметкерлері үстемеақы алмайтынын да айта кетуім керек. Үстемеақы аса қатерлі аймақтарда, отбасыларынан қол үзуге мәжбүр болып, «өз үйлері – өлең төсегін» көрмей кеткен дәрігерлерге тағайындалды. Бұл – әділ шешім. – Бірақ медицина қызметкерлері үшін Гиппократ антына адал болу, міндетін мүлтіксіз орындау материалдық ынталандырудан әлдеқайда жоғары екенін айтқым келеді. Ал қазіргі жағдайда жауап­кершілік жүгі ауырлады, мемлекеттің бүкіл халқының денсаулығына жауапты болып отырмыз.
Ақ халатты абзал жандар жүрегі қалаған мамандықтарына адалдық танытып, қорқыныш пен үрейді жеңіп, шаршағандарына қарамастан, белгісіздік жағдайында отандастарының саулығы үшін бар білім-біліктерін салып жатыр. Барлық мүмкіндіктер жасалғанымен, қазір олар өте қиын жағдайда жұмыс істеп отыр. Індетті жұқтырған пациенттермен күнделікті араласу, стационарларда тәулік бойы кезекшілік атқару, әріптестеріңнің вирусқа шалдыққанын көру психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Қазір өзім басқаратын №5 қалалық емхананың бірнеше қызметкері тәулік бойы стационарларда жұмыс істеп жатыр. Біз олармен үнемі байланыс ұстаймыз. Сондықтан, сондағы жағдай бізге белгілі.
Әрине, қала басшысы бастаған қаланың көптеген қызметтері, полиция, көлік қызметкерлері дәрігерлермен қатар мойындарына ауыр жүк арқалап отыр. Індетпен күрес – көптеген адамдардың бірлесе атқарып жатқан жауапкершілігі орасан жұмыс. Шаһар тұрғындары да посттарды, әртүрлі пікірлерді жазып, біздерді қолдап отыр. Сол үшін оларға алғыс айтамын. Бірақ, бастысы, олар үйлерінде отырып, белгіленген талаптарды сақтаулары керек. Осыны халықтан өтінемін.
Оқшау кеткен, күнделікті өмірде физикалық және моральдық ауыр жүкті сезініп отырған медицина қызметкерлерін баршаңызды қолдауға шақырамын. Оларға үлкен қолдау артық етпейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 6 =